Мемлекет басшысы ұлт саулығына зиянын тигізетін нашақорлық пен есірткіге қарсы күрестің көкейкесті міндет екенін үнемі айтып келеді. Президент еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай жиынында осы теріс әдетке тосқауыл қою мәселесіне жан-жақты тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлықтың ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел екенін айта келе: «Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Қылмыстық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», — деді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда нашақорлықтың алдын алу, есірткі бизнесіне тосқауыл қоюға бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр. Үкімет қаулысымен «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілді. Еліміздің Бас прокуратурасы хабарлағандай, Биылғы жылдың жеті айында 7 тонна есірткі заңсыз айналымнан алынды. Бұлардың 840 килосы — аса қатерлі еліткіш затқан айналған синтетикалық есірткілер.Нашақорлықтың алдын алу және есірткі саудасына тосқауыл қою шаралары барлық өңірлерде жүріп жатқаны белгілі. Бұл ретте Түркістан облысында «ғасыр тажалына» қарсы күрестің пәрменді жүргізіліп жатқанына айрықша атап өту керек. Бұған статистикалық деректер мен қолға алынған іс-шаралар айқын дәлел бола алады. Атап айтқанда, өткен айдың соңында облыс аумағында құқық қорғау мекемелерінің бірлесе жүргізген әрекетінің нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін астыртын зертхана жойылды. Операция барысында 60 кило психотроптық зат, 2,5 тонна прекурсор тәркіленді.Сондай-ақ жасырын цехта тыйым салынған есірткіні дайындап жатқан осы өңірдің екі тұрғыны қамауға алынды.
Мұның алдында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аталған облыста ірі зертхананың қылмыстық әрекетін тоқтатқан болатын. Ол кезде 200 кило психотроптық заттар, 15 тонна прекурсор және есірткі дайындайтын құрал-жабдық заңсыз айналымнан алынды. Аса ірі көлемде альфа-PVP синтетикалық есірткі өндіретін цехтың қожайыны шетел азаматы болып шықты. Ол еліткіш заттарды ТМД аумағында сатуды көздеген екен. Тәртіп сақшылары хабарлағандай, адам денсаулығына қатер төндіретін улы заттарды сатып, пайда таппақ болғандар 0,4 гектар аумақта қазіргі заманғы жабдықтарды пайдаланған. Цехтың айналасына бейнебақылау орнатып, сақтық шаралары ескеріліпті. Мұның өзі құқық қорғау органдарына есірткі саудасына қарсы күресті жетілдіріп, жаңа тәсілдерді, замануи құралдарды пайдалану қажеттігін көрсетеді.
Кеселге қарсы күрес жұмыла әрекет етуді, жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруді көздейді. Осы мақсатпен Түркістан облысында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб құрылды. Аталған орталықтың қызметі қоғам дертіне айналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресті жандандыруды көздейді. Штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ортақ мақсат жолындағы жұмысты ширату үшін әр аудан мен қала бойынша жүйелі түрде сараптама жасап, нашақорлық пен есіртік саудасы жиі тіркелген аймақтардың мәселесін талқылау керек деген пікірде. Ол осы штаб мүшелері бас қосқан жиында жас ұрпақты жарқын болашағыныан айырып жатқан бұл жаман әдеттің алдын алуда жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін атап өтті. Профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызды міндет екеніне тоқталған облыс әкімінің орынбасары: «Құқық қорғау органдары, білім, денсаулық сақтау саласына жауапты басқармалар, Жастар ресурстық орталықтары бірлесе жұмыс атқарса ғана іс нәтижелі болады», — деді.
Штабтың биылғы жиынында келтірілген деректерге жүгінсек, облыста есірткі заттарына тәуелді 292 науқас бақылауда тұр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында наркологиялық стационарлық бөлімшеде өз еркімен нашақорлықтан 6 науқас емделіп шыққан. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресіне бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмысы жоспарға сай жүргізілуде. Өңірдегі мектептерде, жоғарғы оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралар қолға алынды. Тұрғындар, әсіресе, жастар арасында есірткі кеселінің зиянын, қаупі мен қатерін түсіндіруге арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыс аумағында нашақорлық, маскүнемдік және темекі шегу, насыбай ату сияқты теріс әдеттердің алдын алу мақсатында дәрігерлердің қатысуымен есірткі қарсы күрес айлығы, семинар, кездесулер ұйымдастырылады. Атап айтқанда, өңірдегі жастар арасында нашақорлық пен синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу мақсатында «Есірткісіз қоғам», «Денім сау болсын десең», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Тәуелділік – ессіздік», «Нашақорлық — қоғам дерті» атты тақырыптар бойынша 64 психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, осы шаралар 4 мыңнан астам жастар мен жасөсіпімді қамтыды. Рейдтер, мониторинг жұмыстары қолға алынған.
Түркістан облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті хабарлағандай, «Дәріханалық нашақорлықпен» күрес шеңберінде «Трамадол» және адам ағзасына күшті әсер беретін дәрілік-препараттарды рецептісіз сату деректерін анықтау және оның алдын алу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ал облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жартысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты тіркелген дерек саны – 423. Бұлардың 201-і қылмыс әрекетіне жатса, 222-і теріңс әдеп-қылықпен байланысты. Осы мерзімде заңсыз айналымнан алынған есірткі көлемі 200 келіге жеткен. Сонымен қатар, аса қатерлі синтетикалық есірткімен байланысты 24 дерек анықталды. 1 келінден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Жергілікті құқық қорғау орындары Интернет арқылы таралатын есірткінің жолын кесуге күш салып жатыр. Осы мақсатпен облыс аумағында синтетикалық есірткі таратуы ықтимал 91 ақпараттық сайт бұғатталды. Бұған қоса, есірткіні қоғамдық орында қолданушыларды анықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ наша шегіп, автокөлік тізгіндеген 24 жүргізуші ұсталды.
Қоғам дертіне айналған есірткіге қарсы күресте профилактикалық шаралардың маңызды екені белгілі. Облыстық Полиция департаменті, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен аудандардағы полиция басқармалары ювеналдық полиция тобының инспекторларының қатысумен өңірдегі жастар, мектеп оқушылары және студенттер арасында есірткімен байланысты қылмыстардың алдын алу және нашақорлыққа жол бермеу бағытында түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы үш айында 33580 мектеп оқушысы мен студенттер, сондай-ақ, жастар арасында 143 профилактикалық іс-шарасы мен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Денсаулыққа зиян тигізетін күшті еліткіш заттардың дәрігердің рұқсатынсыз сатылуына тосқауыл қою да көкейкесті міндет боп тұр.
Осыған орай, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс аумағындағы дәріханаларда тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде аса күшті дәрілік заттардың рецептісіз босату дерегі бойынша биылғы 3 айда 18 хаттама толтырылды. Құқық бұзғандарға 322 800 теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Дәріхана есірткісі» демекші, облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы мен Кинология қызметі орталығының қызметкерлері Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы кәсіптік колледждің студенттерімен кездесті. Жүздесуде полицейлер жастарға нашақорлықтың алдын алу, есірткінің адам ағзасына зияны және есірткіге қатысты құқық бұзу бойынша заң алдындағы жауапкершілік жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Студенттер түрлі қуысқа жасыратын есірткі заттар мен жарылғыш заттарды табатын қызметтік иісшіл иттердің жұмысымен танысты.
Жастарға нашақорлық пен есірткі заттардың зиянын түсіндіруде ақпараттық материалдарды таратудың маңызы зор. Бұл істе тәртіп сақшылары мен еріктілер бірлесіп, игі шаралардың ұйытқысы болып жүр. Polisia.kz сайты жазғандай, Кентау қаласында полиция қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығының» еріктілері нашақорлықтың алдын алу бойынша қауіпсіздік ережелері, сондай-ақ, сақтық шараларын ескеруға арналған түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған шараның мақсаты – есірткі проблемасы бойынша ақпараттандыру жұмысының сапасын арттыру, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы амал-дағдыны дамыту. Тәртіп сақшылары мен жастардан құралған еріктілер дүкен, асхана сияқты бірқатар қоғамдық орындарды, көше қиылыстарына барып, жұртпен тілдесті. Тұрғындар арасында есірткінің зиянын түсіндіріп, психотроптық заттардың заңсыз айналымы заң бойынша жазасыз қалмайтынын қаперге салды. Олар «Нашақорлық, есірткі және трамадолға жол жоқ» деген тақырып бойынша дайындалған 230 жадынама таратты.
Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, Түркістан облысында есірткімен байланысты қылмыс және психотроптық заттардың заңсыз айналымы көлемі азайып келеді. Бұл — осы өңірдегі құқық қорғау орындары мен жұртшылықтың бірлескен күш-жігерінің нәтижесі.
Талап Тілеген
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі