Жаз мезгілі – демалыс қана емес, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртып, мектеп-балабақша сияқты әлеуметтік нысандарда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілетін кез. Түркістан облысында бұл жұмыстар жылдағыдай жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аралау барысында елді мекен көшелеріне орнатылған аяқжол мен жарық бағаналарын көрді. Аудан басшысы ауылдық округ әкіміне тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді, абаттандыру бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Айта кеткен жөн, бүгінде Жемісті елді мекеніне қарасты Құрманғазы көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолы салынып, 12 дана жарықтандыру бағаналары орнатылды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан толық пайдалануға берілген. Аталған жобаны «Абразив» ЖШС-і мердігер мекемесі жүзеге асырған.
Ал Бәйдібек ауданы орталығындағы «Шаян» мектеп-лицейінде ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынған. 1976 жылы салынған үш қабатты екі корпустан тұратын білім ордасында қазіргі таңда 700-ден астам оқушы білім алады. Бұл мектепте жөндеу жұмыстары реновация бағдарламасы аясында жүріп жатыр.
Аталған нысанға аудан әкімі Ерлан Заипұлы арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Жауапты тұлғаларға жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеуді толық аяқтап, жұмысшылар санын арттыру және сапаға ерекше көңіл бөлу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бұдан кейін аудан басшысы ардагерлерге арналған «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына барып, ардагерлер мен зейнет жасындағы азаматтарға арналған жаңа әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты. Бұл орталық заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Онда келушілерге қолайлы жағдай жасалып, кәсіби мамандар қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ Шардара ауданында да жөндеу жұмыстары қарқынды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев та қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді. Атап айтқанда, 1,5 гектар аумақта орналасқан «Тұқым бақ» жоспарымен танысып, оның болашақтағы маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданда сәнді ағаш көшеттерін өсуру қолға алынбақ. Аудан басшысы тиісті мамандарға бұл істі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Күз мезгілінде түрлі ағаш тұқымдары егіліп, көктемде тамшылатып суғару әдісі арқылы көшеттерді өсіру жоспарланған.
Сонымен қатар, аудан басшысы № 2 ықшам ауданындағы бұрын бей-берекет қоқыс тасталған 2,7 гектар жерді абаттандыру барысымен танысты. Қазіргі таңда аумақта аяқжолдар салынып, жарықшамдар, орындықтар және үгіт тақтайшалары орнатылған. Оған қоса, демеушілер есебінен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған спорттық нысандар орнатылған. Сондай-ақ, балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға жайлы орта құру мақсатында қолға алынған жоба жуық арада аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылмақ. Аудан басшысы қос нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
JQ-Aqparat