Түркістан: Ел мерейін өсірген жастарға – құрмет пен қошамет

27 шiлде 2023, 12:52

Түркістан өңірін әлемдік додаларда топ жарып, ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеп шығаратын ұстахана десек, артық айтқандық емес. Еліміздегі жастар саясатының бір бағыты жас буынды спортқа тарту десек, бұл облыста спортпен айналысам дейтін жастарға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ туған өлкесінің абыройын асқақтатып, ел намысын қорғап жүрген спортшы жастарға жоғары деңгейде сый-құрмет көрсетіледі. Бұл орайда, әсіресе, аудан әкімдерінің жас спортшылармен кездесіп, марапаттауы тәнті етпей қоймайды. Өйткені төккен тер мен жеткен жетістігі еленіп жатса, жастарға соның өзі үлкен демеу емес пе!

Өзгелерге үлгі болған Нұрислам

Иордания астанасы Әмман қаласында өткен еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Келес ауданының тұрғыны, өңір мектебінің спортшысы Нұрислам Шалқаров қола жүлдені қанжығасына байлады. Келес ауданының әкімінің баспасөз қызметі жазғандай, аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев ел мерейін үстем еткен жас спортшыны арнайы қабылдап, алғыс хаты мен естелік сыйлығын тапсырды.

Аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде: «Сізді, еркін күрестен Азия біріншілігінде жүлделі үшінші орынды алғаныңыз үшін шын жүректен құттықтаймын. Сіздің жеңісіңіз үлкен жетістіктердің бастамасы болсын. Бұл тамаша жеңісті зор қуанышпен қабылдадым. Аудан тұрғындарының және өз атымнан алдағы уақытта да еліміздің дамуына, жастар арасында патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруда белсенділік танытасыз деп сенемін. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін, — деді.
Нұрислам Шалқаров спорттың еркін күрес түрімен шұғылдануды сегіз жасында бастаған. Келес аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқыды. Бүгінгі күнге дейін екі рет Түркістан облысының чемпионы атанды. Биыл, міне, еркін күрестен Талдықорған қаласында өткен жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде өз салмақ дәрежесінде топ жарып, Азия чемпионатына жолдама алды. Жас спортшының арманы асқақ. Ол Олимпиадаға қатысып, чемпион болғысы келеді. Нұрисламның әлі талай додада жеңіп шығып, қатарластарына үлгі боларына сеніміміз мол.

Белестерді бағындырған ағайынды Молдаштар

Сауран ауданы, Шаға ауылдық округі, Ынтымақ елді мекенінің тумасы Төребек Молдаш — талай жарысқа қатысып, биік белестерді бағындырып жүрген жас спортшылардың бірі. Әйтеуір, жаттығу залында төккен тері зая кеткен жоқ. Төребек Молдаш белбеу күресінен спорт шебері атанды.

Жуырда Астанада өткен Әлем біріншілігінде топ жарған Төребек Молдаш Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанған болатын. Әлем чемпионатына жолдама алып, сол жолдамамен Әлем біріншілігінде 75 кило салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Ал оның інісі Кемелбек Молдаш — дзюдодан Кувейтте өткен ересектер арасындағы Азия кубогының қола жүлдегері. Сондай-ақ самбодан Монғолияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанды.
Ағайынды Төребек пен Кемелбек Молдаштар — әлемдік деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп, ел мерейін өсіріп жүрген балуандар. Олардың қай жетістігі де жастарға үлгі.

Киелі Түркістан өңіріндегі игі дәстүрді жалғастырған Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев ағайынды Төребек және Кемелбек Молдаштарды қабылдап, оларды жеңістерімен құттықтап, құрмет көрсетті. Аудан басшысы болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларға алдағы уақытта ел намысын қорғап, биік белестерді бағындыра беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен бірге ауданда спорт саласын дамытцға қосқан үлесі үшін арнайы «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-сияпатын табыстады.

Мұхит Тұрысбеков: Ел абыройын асқақтатып, жастарға үлгі болады

Созақ ауданынан шыққан спортшы жастар да түрлі жарыстарда көзге түсіп, ауылға жеңіспен оралып жүр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков облыс және аудан намысын абыроймен қорғап жүрген осындай бір топ спортшылар мен олардың бапкерлерін қабылдап, еркін форматта әңгіме өрбітті.

«Жарысқа қатысу, сайыстан орын алу тыңғылықты дайындықты, еңбекті қажет ететіндігін білемін. Спортшылардың еңбегін жоғары бағалаймын. Себебі маңдай термен елдің абыройын асқақтатады. Салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға үлгі болады. Бүгінгі кездесудің мақсаты — кез-келген жағдайды ортаға салып, еркін форматта ашық әңгімелесу. Бүгінде ауданда спорт саласы бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Аудан орталығынан замануи үлгідегі спорт ғимаратын салу жоспарымда бар. Жақын уақытта бұл жобамыз жүзеге асып, құрылысы басталады. Келешекте талантты балаларды сақтап, спортқа баулып, тәрбиелеу үшін футзалдан кәсіби футбол командасын жасақтау да ойымда бар,- деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы спортшылардың алдағы жарыстарына сәттілік тілеп, мұнан да биіктен көріне беруіне тілектес екенін жеткізді.

Қабылдауда болған Нұрлыбек Талғатұлы — еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері. Жас балуанның бапкері Бақытжан Бисенбаев Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы.

Ал Орынбасар Бақытжанұлы Бәби гір тасын серпе көтеруден Қостанай облысында өткен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алған. Оның бапкері Мұрат Серікбаев — Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Ұлттық спорт төрешісі, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы.

Мақсат Абайұлы Амангелді белбеу күресінен 2023 жылғы жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы, Әлем чемпионатына жолдама алған. Оның жаттықтырушысы Созақбай Мұратбайұлы Қалиев Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, шәкірттері Азия, Европа, Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып жүр.
Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі жазғандай, аудан басшысы спортшылар мен бапкерлеріне арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті. Спортшылардың бапкерлері аудан әкімдігі тарапынан көрсетіліп келген қолдауларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Спортқа баулу – қылмыс пен нашақорлықтың алдын алу

Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа мойын бұруы үшін жан-жақты жағдай жасалуы керек екені белгілі. Түркістан облысындағы жастар саясатында спорт саласына айрықша мән беріледі. Бұл бағытта аудан, облыс көлемінде өткізіліп тұратын ірілі-ұсақты жарыстардың маңызы зор. Мәселен, жуырда Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округінде аудан жастары арасында спорттың үлкен футбол түрінен «Заман дос» жастар кубогы өтті. Футбол жарысына аудан жастарынан құралған 14 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Жарыс алдында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Н.Отаров сөз алып, сайыстың мақсатына тоқталып өтті:
«Жастардың арасында бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, аудан көлемінде футбол ойынын дамыту, жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту болса, қылмыстың, нашақорлықтың алдын алуда осы сайыстың орны ерекше және бұл сайыстар аудан деңгейінде өз жалғасын табады», — деді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі жазғандай, екі күнге созылған сайыстың нәтижесінде бірінші орынды «Қапланбек Сіргелі» командасы иеленді. Екінші орынды «Дербісек» командасы жеңіп алды. Ал үшінші орын Жартытөбе ауылдық округіне бұйырды.

Доп додасын қорытындылаған салтанатты рәсімде жеңімпаздар мен үздік ойыншыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айдос Құсайынұлы
Суреттер: Келес, Сауран, Созақ, Сарыағаш аудандары әкімінің баспасөз қызметі

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?