Құқық бұзушылық пен қылмысқа қарсы күресте заманауи технологияға сүйенудің пайдасы зор. Әсіресе, автокөліктің қатысуымен болатын апаттың алдын алуда цифрлық технологияның, атап айтқанда, бейнебақылау камерасы, бағдаршам және жол белгілерін орнату тиімді екенін жер-жердегі озық тәжірибе дәлелдеп берді. «Цифрлық полицей» және полицияны цифрлық модельге көшіру жобалары айрықша мәнге ие. Таяуда ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов бастаған ІІМ және өзге мемлекеттік органдарының өкілдерінен құралған арнайы топ Түркістан облысында әлгі жобалардың орындалуы барысын өз көздерімен көрген болатын.
Арнайы топ ең алдымен облыстық Полиция департаменті жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Мамандар өңірдегі жолдарда, оқу орындары мен балабақшаларда бейнебақылау камераларының қалай жұмыс істеп жатқанын көрді. Содан кейін замануи цифрлық технологиялар қызметтік автокөліктердің қажетті жабдықпен қамтамасыз етілуі жөнінде мағлұмат алды.
Полиция қызметкерлерінің цифрлық технологияны игеру, сондай-ақ қағазбастылықтан арылу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, тергеу, кадр қызметтері, криминалистер және өзге де бөлімшелердің жұмысы бағамдалды. Ішкі істер министрлігінің өкілдері облыс тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу мақсатымен ашылған Қызмет көрсету орталығын да аралап көрді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының полицейлері жаңа технологиямен толық жарақтанған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды фактор болып табылады. Мұны ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов айрықша атап өтті. Вице-министр: «Цифрландыру — жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың шешуші тетігі. Полицияның күнделікті қызметінде қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдалану –Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойып отырған негізгі тапсырмаларының бірі. Бұл жұмыс ең алдымен заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқығын қорғауға, құқық қорғау қызметкерлері жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған», деп атап көрсетті.
Тұрғыны көп елді мекендер бір-біріне жақын орналасқан Түркістан облысындағы криминогенді ахуал тұрақты деуге негіз бар. Мұнда жалпы қылмыс саны 9 пайызға азайды. Соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша көрсеткіш 20 пайызға төмендеген. Тонау 50 пайызға, ұрлық 34,3 пайызға, ал бұзақылық 22,5 пайызға азайыпты. Мұндай деректер өңір басшысы Дархан Сатыбалдыұлының төрағалығымен өткен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жария етілді. Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті департаментінің жетекшісі Асқар Сапарғалиев өңірде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда ауылдардың көптеп алкогольді ішімдіктен бас тартуы оң нәтиже беретін құбылыс ретінде атап өтті.
Дегенмен, еліміздің басқа аймақтары сияқты, мұнда да интернет-алаяқтық пен есірткі саудасына қарсы күрес көкейкесті міндет болып отыр. Өйткені Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті департаментінің жетекшісі Асқар Сапарғалиев келтірген мәліметке жүгінсек, ауқымды интернет-алаяқтық әрекеттерін тіркеу көрсеткіші 65,2 пайызға артыпты. Тұрғындарға мұндай қылмыстың зияны мен залалын түсіндіру, оның алдын алуды көздейтін жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Көпшілік көп жиналатын саябақ, базар, сауда ойын-сауық орталықтарында алаяқтардан сақтандыратын үнпарақтар таратылуда.
Сондай-ақ өңірде есірткі саудасына қарсы қарқын алғанын да айту керек. Мәселен, елімізде былтыр заңмен тыйым салынған «Трамадолды» таратуға қатысты 33 құқық бұзу дерегі анықталып, айғақ заттар тәркіленді.
Жиында облыс әкімі қылмыс деңгейін төмендету маңызды міндет екеніне тоқталып, аудан және қала әкімдерімен бірлесе отырып, жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Дархан Сатыбалды тағы бір мәселеге айрықша назар аударды. Ол – бүгінгі күні өршіп тұрған қаржы алаяқтығы, лудоманияға қарсы күресте нақты шараларды қолға алу. Сонымен қатар, экономикалық қылмыстарды азайтып, жұмысты бірыңғай жүйеге келтіру керек. Өйткені бұл өңірде де қаржы алаяқтарының тұрғындарды алдап-арбау әрекеттері азаймай отыр. Комиссия отырысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай мынадай дерек келтірді, Қаржы пирамидасын құру және оны басқару дерегі бойынша екі қылмыстық іс тергелген.Талдау көрсеткендей, облыстағы Төлеби, Жетісай және Мақтарал аудандарының 2 мыңнан астам тұрғыны қаржы пирамидаларына 650 млн теңгеге жуық қаржысын салыпты. Сот қаулысымен 15 күдікті қамауға алынған. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын әлеуметтік желідегі күмәнді қаржы топтарына ақша құюға шақыратын аккаунтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған. Сондықтан облыста тұрғындардың қаржылық сауатын арттыруға, алаяқтардың әккі амалдарынан сақтандыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейді.
Түркістан өңіріндегі тәртіп сақшылары адам саудасы және кісі еңбегін қанауға қарсы күресте де ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев аталған бағыт бойынша бірқатар шаралар қолға алынғанын жеткізді. Таратып айтқанда, департамент тарапынан жоспар жасалып, ұтқыр (мобильді) топ құрылған. Соның көмегіне сүйеніп, адам саудасының алдын алу және кісі еңбегін қанау деректері анықталады. Сонымен бірге осы топтың мүшелері 8 мыңнан астам кәсіпкер мен 6 мыңнан астам шаруа қожалығы және жайылым иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Түркістанда басты назарда ұстайтын маңызды міндеттің бірі -табиғатты қорғау және қоршаған ортаға зиян келтіретін браконьерлердің жолын кесу. Осы мақсатпен орман қорғау қызметкерлері өткен жылы облыс аумағында 1216 тексеру шарасын ұйымдастырған. Соның нәтижесінде 420 тәртіп бұзу дерегі анықталды. Құқық бұзушыларға 9 миллионнан астам теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Үстіміздегі жылдың басынан бері 40 шақты құқық бұзу дерегі тіркеліпті. Түркістан облысы бойынша табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жетекшісі Қайрат Әбдуәлиев өңірде емдік қасиеті мол сасық кеурек пен қызыл мия сияқты сирек өсімдіктердің жойылудың алдында тұрғанын жеткізді. Қазіргі кезде тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынып, табиғат қаскөйлері сатып, пайда көзіне айналдырғысы келетін мұндай өсімдіктерді Қызыл кітапқа енгізу жағы қарастырылуда.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің жұртшылықпен жүзбе-жүз кездесуінде қараусыз қалған үй жануарларының жолға шығып кетуі салдарынан болатын көлік апатының алдын алу жайы да талқыға түсіп, оңтайлы шешім қабылдануда.
Біз Түркістан облысындағы құқық бұзушылық пен қылмысқа қарсы күресте атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігіне ғана тоқталдық. Бұл өңірде «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң мен тәртіптің сақталуын қадағалау кең ауқымды сипат алып отыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Айдос Құсайынұлы