«Қауіпсіз қоғам» жобасының басты ұстанымы — азаматтардың амандығы. Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің басты байлығы -адам, оның өмірі мен қауіпсіздігі екені тайға таңба басқандай айқын жазылған. Ендеше осы қоғамның бір бөлшегі — балалардың да қауіпсіздігі басты назарда болмақ. Бұл ретте Түркістан облысының Полиция департаменті қызметкерлері ел болашағы, жеткіншектердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, тәртіпті күшейтуге, қоғам тыныштығын қырағы қадағалауға барынша күш салып келеді. Заң салтанат құрып, қоғамның тәртібі сақталуында алдыңғы шепте жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы қашанда ауыр.
Қазір жаз мезгілі, шомылу маусымының қызған шағы. Әсіресе, оңтүстік өңір, Түркістан облысындағы өзен-көлдерде, суға шомылу аймақтарында балалардың қауіпсіздігі басты орында. Осы орайда Түркістан облыстық Полиция департаменті өзен-көлдерде шомылу адамдардың жеке өмірі үшін, әсіресе, балалардың қатерден қорғануда үлкен қиындық тудыратынын ескертеді. Қазақ «су тілсіз жау»деп тегін айтпаған. Жыл сайын суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелеріне немқұрайды қарап, өмірімен қоштасып жатқан жандар көп. Суға шомылу кезінде балалар ғана емес, ересек адамдардың да қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын сақтамай, суда жүзе алмаса да тереңге барып жағалауға қайта алмауының соңғы қайғымен аяқталып жатқаны жасырын емес. Су тілсіз жау болғандықтан да көзсіз ерлікті, есерлікті, көзсіз батырлықты әсте кешірмейді. Мен ұзаққа жүзе аламын, тереңге сүңги білемін деген жалған мақтангершіліктің де ақыры ажалға әкеп жатқаны өкінішті.
Түркістан облыстық Полиция департаменті ата-аналарға жыл сайын жазғы шомылу маусымы басталғанға үндеу жолдайды. Биыл да осы дәстүрлі үрдісті жалғастырып, қоғам қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Ең алдымен көпшілік орында қырағы болған абзал. Ойын баласын қараусыз қалдыруға, өз бетімен жіберуге болмайды. Одан өзен, көлдердің тереңдігін, шомылуға рұқсат етілген бе, әлде тыйым салына ма, оған бас мән берген абзал. Суға түсетін бассейін жанында да кішкентай балаларды ойнатқанда қамсыздық танытуға болмайды. Балаларды суға түсіргенде ең бірінші шомылу ережелері мен қауіпсіздікті қатаң сақтау маңызды. Ата-ана алдымен өз баласының өмірінің қауіпсіздігіне жауапкершілікті арқалайтындықтан да суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін алдымен өзі мұқият біліп, балаларына үйретуі тиіс. Түркістан облыстық Полиция департаменті ата-аналарға жолдаған ескертпесінде балаларды суға түсуге жалғыз жібермеуді, тексерілмеген яғни шомылуға рұқсат етілмейтін орынға балаларды суға түсіруге мүлдем болмайтынын құлағына құюды, суға түскен кезде секіріп басқа да оқыс әрекет жасау қатерге ұрындыратынын қаперге салады. Сақтықта қорлық жоқ, суға шомылу кезінде жүзе білсе де қауіпсіздік кеудешесін киюден ешқашан бас тартуға болмайды. Басқа да қауіпсіздік құралдарын үнемі қасыңызда ұстап жүруді ескертеді. Суға шомылуды бассейнге барып, жүзуді үйренген бала болса да ешуақытта ата-анасы жалғыз жібермеуге міндетті. Өйткені бала қашанда балалығын істеп, ойынға айналып отырып та басын қатерге тіккенін байқамай қалады. Суға шомылу кезінде ережелер мен қауіпсіздікті қатаң сақтауды алдымен ата-аналардың өздері ұстануы керек дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің өкілдері. Себебі ата-ана өзінің өміріне ғана емес, балаларының да бас амандығының жауапкершілігін арқалайтынын ұмытпауы тиіс. Сондықтан әр кезде балалардың қауіпсіздігі ата-ананың жауапкершілігінде екенін естен шығармаған абзал.
«Қауіпсіз қоғамды» қалыптастыру тек күштік құрылымдардың, төтенше жағдай орын алғанда көмекке ұмтылатын сала мамандарына ғана жүктелген жауапкершілік емес. Түркістан облысы Полиция департаменті халықты да қоғам қауіпсіздігін бірлесе сақтауға, тыныштықты күзетуге әрқашан шақырады. Сондықтан да демалыс кезінде қамсыз болмау керектігін ескертеді.
Түркістан облысының полицейлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында барлық сақтық іс-шараларды жүзеге асырып, олардың құқығын қорғау мақсатында көптеген жұмыстарды атқарып, үнемі басты назарда ұстап, әрқашан ерекше көңіл бөледі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында жиі орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу үшін барынша қырағы қызмет атқарып келеді. Мысалы, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты іс-шаралардың мақсаты айқын. Жазғы каникул кезінде мектеп оқушылары түнгі уақытта көшеге шығып, көпшілік орындарға барып талапты бұзбауы тиіс. Жазым деген жар астында, жасөспірімдер ата-анасының рұқсатын алмай үйден жасырын шығып та көшеде жүретіні белгілі. Міне, осындай беймезгіл уақытта көшеде жүретін жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-анасына табыстауда да тәртіп сақшылары қырағы қызмет атқарып келеді. Өнімді жүргізілген жұмыс пен қатаң бақылаудың арқасында биылғы қаңтар айынан бері түнгі уақытта көшеде жүрген, ойын-сауық орталықтарында қыдырған 198 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, тиісті шара қолданылды. Өзінің тұрғылықты мекен-жайынан тысқары шығып, ойын-сауық орталықтарында, көпшілік орындарда жүрген 4 358 жасөспірімнің ата-анасы балаларын рұқсатсыз түнгі уақытта жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік арқалап, айыппұл салынды. Қазақта «бірдің кесірі мыңға тиеді» деп тегін айтпайды. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді түнгі мезгілде ойын-сауық орталықтарына кіргізуге жол бергені үшін 104 мекеменің иесіне да айыппұл салынып, хаттама толтырылған. Құқық бұзушылыққа бейім тұратын 427 кәмелетке толмаған жасөспірім мен бала тәрбиесінде немқұрайдылық танытып, ата-аналық борышын лайықты атқара алмай жүрген 268 қолайсыз отбасы есепте тұр. Дейтұрғанмен де, Түркістан облысында жалпы есептік мерзімде тұрған жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыс айтарлықтай нақтырақ айтқанда 11,6 пайызға төмендеген.
Жаздыкүн шілде болғанда мектеп оқушылары қалаға немесе ауылдық жерлерге қыдырыстап қана қоймай жазғы емдік-сауықтыру, оңалту лагерлеріне де жол тартады. Түркістан облысында 32 жазғы лагерь жұмыс істейді. Облыстық Полиция департаменті лагерь жетекшілерімен де тығыз байланыс орнатып, бірлесе қызмет атқарады. Яғни жасөспірімдер баратын әр лагерьдің тыныштығын күзетіп, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлері кезекшілікпен бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Түркістан облысының Полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындарға түнгі сағат 22.00-ден кейін көшеде өз бетімен жүрген, ойын-сауық орталықтарына барған балалар қылмыстың да құрбаны болуы ықтимал екендігін қатаң ескертеді.
Түнгі сағат 22:00-ден кейін жүрген жасөспірім ұл-қыздарыңыз қылмыстың құрбаны болуы ықтимал. Заң жалпыға ортақ, талап бәріне бірдей жүретіні сөзсіз. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар қандай да бір тәртіп бұзушылыққа жол берсе ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаған абзал. Жасөспірімдердің заңды өкілі болып саналатын ата-анасы, 18 жасқа толған туған ағасы, әпкесі, асырап алушылар, қамқоршы, патронат статусына ие азаматтарға жүктелер жауапкершілік өте жоғары. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланың қамқорлығына алушылар олардың біліммен сусындауына, отбасылық тәрбие алуына тікелей жауапты. Құқықтары мен мүдделерін қорғау да осы жауапкершілікке алған азаматтардың міндеті саналады.
Түркістан облысының полиция департаменті ата-аналарға үнемі құлаққағыс жасап, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуге шақырады. Сонымен қатар жазғы каникул кезінде балалардың терезеден құлап мерт болу деректері де тіркеліп жатқанына дабыл қақты. Ашық қалған терезе қашанда балардың өміріне аса қатерлі. Сондықтан да көпқабатты үйде тұратын жандарға балалар үйде өз бетімен қалғанда терезені ашық қалдырмауға шақырады. Темір қорғаныс орнатылмаса москит торларын қорғаныс ретінде пайдаланбауға шақырады, себебі бала торға сүйеніп те құлап кетуі бек мүмкін. Жиһазды да терезеге жақын орналастыруға болмайды. Терезені бала өз бетімен аша алмайтындай блокатор орнатудың да артықшылығы мол. Әр үйде фиксатордың болуы қауіпсіздік шарасын күшейтіп, қатердің алдын алуға серпін береді. Полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шараларды қабылдауға шақырады.
Қуан Көшек