Түркістанда балалар мен жасөспірімдердің арасында суицидке жол бермеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім саласының басшылары мен өкілдері, әкім орынбасарлары, сонымен қатар комиссия мүшелері, аудан, қалалардағы комиссия төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері тұрақты түрде бас қосып, кәмелетке толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу, қылмыс пен құқық бұзушылықтың, ерте жүктіліктің және жұмыстарын күшейту мәселелері кеңінен талқыланып тұрады. Сондай жиынның бірі — жуырда өткен Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кеңейтілген отырысы.
Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізді.
Жиында жұмысшы орган ретінде Облыстық білім басқармасы тарапынан кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндады. Ал облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың арасындағы ерте жүктілік және өзін-өзіне қол жұмсау фактілерін Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәдина Ережепқызы ортаға салды. Облыстық жұмыспен қамту үйлестіру және әлуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева отбасын қолдау орталықтарының қызметін цифрландыру және құрылған мобильдік топтарының жұмыстарын жетілдіру туралы ақпаратпен бөлісті.
Мамандар балалар мен жасөспірімдерге жасалған зорлық-зомбылықтың та суицидке алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Осы орайда Түркістанда зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмысшы топтар құрылғанн. Оған барлық аудан, қалалардың полиция тірек пункттерінің басшылары, білім бөлімінің басшылары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері және облыстық уәкіл мен өкілдері енгізіліп, балаларды қорғауға арналған жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев бұл бағыттағы мәселелердің алдын алу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бала өміріне, біліміне, құқығына жауапты әрбір мекеме өз ісіне мұқият болуы керектігін айтып, балалар құқығы бойынша жалған мәлімет беретін жауапты басшыларға қатаң шара көрілетіндігін ескертті.
«Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының бастамасымен білім саласына, балаларды жан-жақты дамытуға тиісті қолдау көрсетілуде. Баланың қауіпсіздігіне жауапты мекемелер, басшылар, қызметшілер өз міндеттерін мүлтіксіз орындаулары керек. Жазғы демалыста бақылауды, жұмысты күшейтіңіздер. Әр мектептегі қиын балалар, отбасылар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілсін», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Сонымен қатар полиция бөлімінде есепте тұрған, өгей әке, өгей шешелермен тұратын «Жайсыз отбасы» есебіне алынған отбасыларда тәрбиеленіп отырған балаларға профилактикалық жұмыстар жүргізу, мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру мәселелері қозғалды.
Түркістан өңірінде кәмелетке толмағандарды қолдау, құқығын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Үкімет тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» мекемесі құрылып, штаттық бірлігі 49,5-ке ұлғайтылды. Орталық ашылғалы бері 1 300 ата-анамен, 1 700 педагогпен және қиын жағдайға тап болған 130 баламен консультация өткізіліп, тиісті көмек берілді. Бүгінде облыста 1797 педагог-психолог бар. Өңірдің мектептеріндегі бала санына сәйкес 86 педагог-психологтың қажеттілігі анықталып, жаңа оқу жылынан бастап енгізу жөнінде тапсырма берілді.
Үкіметтік емес ұйымдар арқылы 1 327 педагог-психолог, 2 514 мектептегі тәрбиеге жауапты маман және 17 аудандағы әдіскерлер біліктілігін арттырған. 5-11 сыныптардың 259 588 оқушысынан психо-эмоционалдық жай-күйлерін, мазалап жүрген мәселелерін анықтау үшін анонимді әдісімен сауалнама алынып, көмекке мұқтаждарымен тиісті жұмыстар жүргізілген. Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша 1143 білім беру мекемесінің көрінетін орындарына 111 QR коды (кіреберістерде, сыныптарда, дәретхана, хол т.б) орналастырылып, қиын жағдайға тап болған кез-келген оқушы психологиялық жәрдем алуда. Осы жұмыстар нәтижесінде облыста 2024 жылы өзіне-өзі қол жұмсау дерегі 8-ге төмендесе, балалар қылмысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салыстырғанда соңғы 4 айда 44-тен 35-ке төмендеген. Ерте жүктілік деректері де азайған. Алдағы уақытта да балалардың қауіпсіздігін қорғау, суицид жасауға итермелейтін жағымсыз факторлардың алдын алу үшін жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі