Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысының экономикалық дамуына қомақты үлес қосатын басты саланың бірі — ауыл шаруашылығы. Бұл саланы дамытуға облыс басшылығы тарапынан баса мән беріліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Айталық өткен жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 116,4 млрд теңгені құрап, өсім 106,9 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, өңірде шикізаттық сектордан қайта өңдеу өндірісін дамытудың маңыздылығы басты назарға алынып, әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай, ауыл шаруашылығында үш кластерлік бағытты дамытуды қолға алынған. Айталық, мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд теңгені құрайтын бес жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде жеті мың жұмыс орны ашылады. Осы жобаның шеңберінде мақта өңдеудің толық циклын қамтитын, құны 147 млрд теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды.
Сонымен қатар биыл үш зауыт және екі тоқыма фабрикасы іске қосылады. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін екі есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, мақта нарығында мемлекеттік реттеуді қалыптастыру мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен биыл үш мақта өңдеу зауытын салу жобасы қолға алынды.
Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында крахмал-сірне зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде, қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Соның нәтижесінде 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылатын болады.
Ет кластері бойынша жалпы 43 млрд теңгеге бес жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, бүгінгі таңда 2 жоба іске қосылған. Жалпы көлемі 17,7 млрд теңге инвестиция салынып, 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл қосымша екі жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар толығымен іске қосылған кезде 2026 жылға жалпы өңірлік өнім 333,4 млрд теңгеге ұлғаяды және алты пайыз өсімге қол жеткізіледі деп күтілуде.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты мамандарымен мәжіліс өткізіп, саланың даму көрсеткіштерін, тапсырмалардың орындалу барысын саралады.
Басқарма басшысы Файзулла Байдуллаевтың ұсынған мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері аудан-қалаларда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін өндіру бойынша Кентау, Шардара, Арыс және Қазығұрт өңірлерінің көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Ет өнімдерін өндіру бағытында да аталған аймақтармен қатар Шардара мен Сайрам аудандары көзделген межеге жетпеген.
Жиында су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында бекітілген жоспардың атқарылуында бірқатар мәселелер көтерілді. Агроөнеркәсіп кешенінің және тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестиция есебі ұсынылды.
Облыс әкімінің орынбасары жұмысы кенжелеген аудан-қалалардағы жағдайды жан-жақты сараптап, себеп-салдарын анықтауды тапсырды.
«Басқарма жұмысты үйлестіруге көмекші болуы тиіс. Жауапкершілігін қарау, шара көру – мәселені шешпейді. Зерделеудің нәтижесімен Сіздерден нақты ұсыныстар күтемін», – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Сонымен қатар салаға қатысты индикаторлық жоспарларды қайта қарап, мерзімін қысқарту ескертілді.