Соңғы кезде елімізде баласына алимент төлегісі келмейтіндер жауапкершіліктен құтыла алмайды. Түркістанда алимент қарыздары мен оларды соттарға өндіріп алу, сот шешімдерін орындау туралы талаптардың жағдайы қандай? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі? Осы сауалдарға Түркістан облысы Әділет департаментінің мәліметтеріне сүйеніп, жауап іздеп көрелік.
Алимент өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізу Департамент басшысының жеке бақылауында болады. Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараевтың айтуынша, өткен жылы облыста алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша 27 270 атқарушылық іс жүргізіліпті. 4 447 атқарушылық іс жүргізу аяқталған. Қалғаны — 21 264. Оның ішінде 13 487 атқарушылық іс жүргізу бойынша борыштар борышкерлердің жалақысынан өндіріледі, 7039 бойынша борышкерлер алименттерді дербес төлейді. 522 атқарушылық іс жүргізу бойынша үш айдан астам берешек бар. 442 бойынша алимент төлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Алимент бойынша берешектің жалпы сомасы 43 224 274 теңге.
«Әділет департаменті жеке сот орындаушыларының заңның сақталуын және олардың міндеттерінің адал орындалуын бақылауды жүзеге асырады. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының өтініштері мен шағымдары бойынша жоспардан тыс бақылау жүргізіледі. Былтырғы жылы 137 жоспарлы тексеру ұйымдастырылды. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Түркістан облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына ұсыныстар енгізілді. Бүгінгі таңда 120 ТЖК тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жоспардан тыс бақылау бойынша 219 іс-шара өткізілді. Біздің ұсыныстарымыз бойынша 137 жеке сот орындаушысы жазаланды», — дейді М.Тұрғараев.
Ал заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге келсек, 2018 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістерге сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді оның орналасқан жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратынын айтқан жөн. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 241 ҚР Заңына сәйкес, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін әділет органдарынан есептік тіркеу функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (тіркеуші органдар) берілді. Әділет органдары коммерциялық емес болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады
Әділет департаменті өткен жылы коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларына 2 022 мемлекеттік қызмет көрсеткен: қағаз түрінде — 1932, электрондық түрде — 90.
Әділет департаменті әділет пен өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қояды. Бұл туралы Әділет департаментінің басшысы: «Апостиль — ресми құжаттарға қойылатын уәкілетті мемлекеттік органның куәлігі. Әділет органдары мен өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан 2023 жылы ресми құжаттарға апостиль қою туралы 784 өтініш түсті. 754не апостиль қойылды, 19-нан бас тартылды, 11-і тоқтатылды. Былтыр осы қызметтер үшін мемлекетке 1 300 650 теңге көлемінде баж өндірілді», — деді.
Авторлық құқықты қорғау да Әділет департаментінің құзырында. Өткен жылы Түркістан облысының Әділет департаментіне «Тауар, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңын бұзумен байланысты 15 өтініш түскен. Олардың сегізі заңға сәйкес тексерулердің мүмкін еместігіне байланысты алынып тасталды және тоқтатылды. Жеті өтініш бойынша жеке кәсіпкерлерге жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Алты құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сот қаулылары бойынша заңсыз айналымнан 3 514 470 теңге сомаға 934 өнім алынған. Біреуі мемлекет пайдасына тәркіленді. 434 700 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Түркістан облысында сот сараптамалары институты жұмыс істейді. Облыстық Әділет департаменті басшысының айтуынша, Түркістан облысы бойынша сот сараптамалары институты әділет министрлігінің «Сот сараптамасы орталығы» РМҚК филиалы болып табылады. Бұл мекеме 2018 жылы құрылған. Институтта бейнефонографиялық, фототехникалық, трасологиялық, баллистикалық, автотехникалық, экономикалық және бухгалтерлік, құрылыс-техникалық, өрт-техникалық, жарылыс-техникалық, бас-аяғы 32 түрлі сараптама жүргізіледі.
2024-2025 жылдарға арналған Жол картасының кешенді жоспары шеңберінде институттың әкімшілік ғимараты жергілікті бюджет балансынан әділет министрлігінің «Сот сараптамасы орталығы» РМҚК-ға берілді. Бақылау-өткізу пункті мен кеңсе үшін ғимарат салынды. Сондай-ақ, газбен жабдықтау, қазандықтан жылыту жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізілді. Заттай дәлелдемелерді сақтауға арналған үй-жай жабдықталған. Созақ аудандық бөлімшесінде аудандық бюджет қаражатынан күрделі жөндеу жоспарланған. Кентау қалалық-облыстық бюджет есебінен жөндеу, ЖСҚ әзірленіп, мақұлданды. Институттың материалдық-техникалық базасы ұдайы жетілдіріліп отырады.
Раушан Қаныбек,
Түркістан облысы