jasqazaq.kz

Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы

10 тамыз, 21:15

10 тамыз — қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бері «Абай күні» ретінде ресми түрде атап өтіледі. Ұлы ойшылдың рухани мұрасы – ұлт болмысын танудың биік үлгісі, рухани құндылықтың алтын қазынасы.

Биыл ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бүкіл елдегідей, Түркістан қаласында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.  Шаһардағы «Жеңіс» саябағында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың сөзі – ақылдың кені» апталығының жабылу рәсімі өтті.

Мәдени шараға Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Айғаным Серім, Қазақстанның құрметті журналисі Роза Нарымбетова, сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Несіпкүл Өтебаева қатысып, ақынның әдебиеттегі рөлі мен ұрпаққа қалдырған өсиетінің мәніне тоқталды.

Іс-шараның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде кітапхананың үздік оқырмандары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Әнді сүйсең, менше сүй!» бөлімінде қалалық Мәдениет үйінің әншілері ұлы ақынның «Айттым сәлем Қаламқас», «Бойы бұлғаң», «Мен бір жұмбақ адаммын», «Көзімнің қарасы» сынды әндерін орындады. Одан бөлек, «Қара сөздер – кемел ойдың кілті» бөлімінде Абайдың қара сөздерінен үзінділер айтылса, ал «Хакім Абай: Өмірі, өлеңі, өнегесі» айдарында қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, «Абай – қазақ руханиятының шамшырағы» атты кітап және инсталляциялық көрме ұйымдастырылды. Жалпы іс-шараға 100-ге жуық қала тұрғыны қатысып, рухани байлыққа толы кештен тағылым алды.

Сондай-ақ Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұлы тұлға Абайдың 180 жылдығына орай «Абай оқулары» облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Бұл байқау Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға, жас ұрпаққа Абай шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, көркем сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталды.

Байқауға барлығы 16 үміткер қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы кезеңде қатысушылар Абай өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде Абай қарасөздерінен көрініс, ал үшінші кезеңде Абайдың өмірінен, шығармашылығынан сұрақтар қойылды. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Дариға Шерехан ие болса, жүлделі 1-орынды Мұхтар Аманжол иемденді. Ал, 2-орынға Назгүл Абен, 3-орынға Ақберген Жолдасбек ие болды. Байқау алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Абай күніне» орай Түркістанда тағы бір рухани мәні бар іс-шара өтті. Түркістан облысының әкімі мен ардагерлер, зиялы қауым өкілдері ұлы ақынның мұраларын насихаттады. Атап айтқанда, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Облыстық ардегерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, еңбек ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов Түркістандағы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Өңір басшысы көпшілікті арнайы құттықтап, хакім Абайдың өнегелі өмірі мен шығармашылығына тоқталды.

Өңір басшысы: «Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. Өздеріңізге белгілі, бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының қолдауымен 10 тамыз – «Абай күні» болып белгіленді. Бұл күн – данышпан ақынның рухына тағзым етіп, еңбектерін насихаттайтын айтулы күн. Ал биыл ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой ел арасында кең көлемде атап өтілуде. Осы мереке құрметіне Түркістан облысы атынан Абай өңіріне Көрме орталығының құрылысын жүргізіп, тарту ететін боламыз. Ұлы Абай «Бірінді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Біз осы ұстанымға сай болуымыз керек. Ақынның шығармашылығын насихаттау бағытындағы іс-шаралар барлық кітапханалар мен мәдениет мекемелерінде ұйымдастырылуда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізе береміз. Осы орайда, Абай ескерткішінің алдына жиылып, ақын рухына тағзым ете келген баршаңызға алғысымды білдіремін. Баршаңызға «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік!» – деді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнына тоқталып, жастар үшін мазмұнды ойларын жеткізді.

Іс-шара барысында Абайдың өлеңдері оқылып, әні шырқалды. Зиялы қауым өкілдерінің пікірлері тыңдалып, облыстағы кітапханалар ұйымдастырған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Айта кеткен жөн, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын Түркістан өңірінің жұртшылығы 10 күн бойы мағыналы іс-шаралармен өрнектеді. Өңірдегі кітапханалар мен мәдениет мекемелерінде рухани кештер, көрмелер, байқаулар ұйымдастырылды. Облыс делегациясы Абай облысына барып, мәдениет күндерін өткізіп, өңір диқандары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұсынды.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде Түркістан облысында бір ауылдық округ, төрт  елді мекен, 110 көше, 15 мектеп Абай есімімен аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған.

JQ-Aqparat

Сурет: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда