ТҮРКІСТАН: 8 мыңға жуық жас «Жастар рухының» қатарында қызмет етіп жатыр

10 шiлде 2023, 15:13

Бүгінде Қазақстанда жастарды ел ісіне араластырып, тәжірибелерін толықтыру бағытындағы жұмыстардың қарқыны күн санап артып келе жатыр. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдаулары мен үндеулеріндегі бастамалары да айрықша ықпал етіп жатыр десек, қателеспейміз. Ал бұл тұрғыда өңірлердегі жастар саясатының нәтижелі іске асырылуына «Жастар Рухы» жастар қанаты сүбелі үлес қосып келеді. Осыған орай, «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының өткен жылы және биыл атқарған жұмыстарына шолу жасап, бірқатар көрсеткіштерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Түркістан облысында 14-35 жас аралығындағы 637 349 азамат өмір сүріп жатыр. Олардың 11 991-і университеттерде, 38 948-і колледждерде білім алып жатса, 18 660-ы жұмыссыздар және 30 622-сі NEET санатына жатады. 35 жасқа дейінгі 14 524 жас партия мүшесі атанса, 46-сы депутат, 33-і қоғамдық кеңес мүшесі ретінде қызмет етіп келеді.
Ал 7800-і «Жастар Рухы» жастар қанатының қатарында. Олар партия бастамалырын қолдау және жүзеге асырумен бірге, түрлі бағыттағы жастар қозғалысын дамытумен айналысады. Мәселен, өңірдегі жас рухтастар 2022 жылы мемлекеттік саяси науқандардағы белсенділер жұмысын ұйымдастырудан бөлек, алты бірдей бағыттағы жұмыстарды іске асырған. Олар: Партиялық жобалар; Идеология; Салауатты өмір салты; Білім және мәдениет; Еріктілік қозғалыстары; Мониторинг. Ендігі кезекте аталған әр бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.

Партиялық жобаларды жүзеге асыру және қолдау – жастар қанатының негізгі функцияларының бірі. Оның ішінде өңірімізде

«Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол», «Кедергісіз келешек», «Қауіпсіз қала» акциялары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Маусымдық ауысымға байланысты соғыс ардагерлері мен жалғызбасты қарттардың ауласын қардан тазалау, сенбілік жасау жұмыстары да ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ашық қалған кәріз құдықтарының қақпақтарына мониторинг жүргізу жиі-жиі жүзеге асырылуда. Оған қоса, жыл сайын партия қолдауымен жаңа оқу маусымы қарсаңында көпбалалы және өзге санаттағы отбасы мүшелері мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жас депутаттар корпусы жұмылдырылады. Одан бөлек, «Кедергісіз келешек» акциясы аясында ерекше назар аударуды қажет ететін отбасыларға мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Идеялогиялық тұрғыдан келер болсақ, «Жастар Рухы» жастар қанаты бүгінгі өңір жастарының тәрбие ортасына айналуы тиіс деп есептейміз. Тиісінше қазір елге деген махаббат, адами құндылықтар, тарих пен болашақ, білім мен даму сынды түрлі тақырыптағы кездесулер мен іс-шаралар легі жүзеге асырылып келе жатыр. Оның ішінде «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы, «BIR TOLQYNDA» диалогтық алаңы, әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған «BIZ BIRGEMIZ TURKISTAN» және «Түркістаннан түлеген тұлғалар» тарихи мәдени-жобалары жастар назарында. Мәселен, «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы аясында 2022 жылы облыстық іріктеуге 11 команда қатысып, ұзақ және қысқа қашықтыққа жүгіру, су спорты сынды сайыстардан үздік шыққан Кентау қаласы, Қашқари атындағы мектеп оқушылары республикалық кезеңге жолдама алған. Ал, биыл облыстық іріктеу ойындарына 72 оқушыдан құралған 12 команда қатысып, 3-6 мамыр күндері Астана қаласында өткен республикалық кезеңде Түркістан облысының абыройын қорғаған команда І орын жеңіп алған. Бұл жастардың бойындағы патриоотық рухты нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз. Сонымен қатар, әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған «BIZ BIRGEMIZ TURKISTAN» жобасы тұрақты түрде үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды қоғам қайраткерлері, түрлі сала өкілдерінің үздіктері және жас депутаттар корпусымен кездестіру, кәсіби бағдар беру, аула спортын дамыту сынды іс-шаралар атқарылуда. Мамандардың айтуынша, жоба жыл сайын екі мыңнан астам жасты қамтып жатыр.

«Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жұман Жансеріктің айтуынша, «Салауатты өмір салты» және «Білім және мәдениет» бағыттары бойынша да бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.

«Шағын футболдан өткен «AMANAT CUP» облыстық турниріне 9 түрлі салада жұмыс істейтін жастардан құралған 16 команда қатысты. Сондай-ақ, өңір жастары әуесқойлар арасында өтетін өзге де сайыстарға белсене атсалысуда. Одан бөлек, жылына екі рет облысытық қан орталығында белсенді жастармен бірге «Мен Донормын» қан өткізу акциясы ұйымдастырылады. Түрлі мекемелерде қызмет ететін жастар «Денсаулыққа 10 000 қадам» жобасы аясында спорттық жүріспен қаланың көрікті жерлерін аралап шықты. Елдің ертеңі саналатын жастардың білімді, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды болып өсуі де ұдайы күн тәртібінен түспейтін мәселе деп ойлаймын. Осы орайда, 2022 жылдың көктемінде Арыс қаласында бастау алған «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны шеңберінде бүгінге дейін барлық аудан, қалада іріктеу ойындары өтті. Облыстық финалдық кезең 2023 жылдың 25 шілдесінде өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ал «AMANAT CUP» пікірсайыс турнирі жыл сайын республика көлемінде студенттер арасында пікірсайыс технологиясын үйрету, білімі мен ізденісін арттыру мақсатында өтетін дәстүрлі іс-шара. Партияның қолдауымен өткен республикалық турнирде Түркістан облысының «Тұран» командасы екі жыл қатарынан ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, түрлі мерекелік даталарды, тарихи маңызы бар күндерді жастар арасында дәріптеу іс-шаралары да тоқтаусыз өткізіліп жатыр, — дейді Жансерік Бауыржанұлы.

Апаттың айтып келмейтіні айқын. Осы орайда, елімізде орын алып жатқан түрлі төтенше жағдайларда өңіріміздегі еріктілер пулі көмекке әзер екендіктерін әрдайым дәлелдеп келе жатыр деп сеніммен айта аламыз. Мәселен, 2019 жылғы Арыс оқиғасы, 2020 жылы бүкіл әлемді жаулаған пандемиямен күрес, 2020 жылы Мақтаарал ауданында орын алған апаттан халықты эвакуациялау жұмыстары, 2022 жылы орын алған Қостанай облысындағы орманның өртенуі, Қазығұрт ауданындағы толассыз жаңбыр салдарынан туындаған селдің зардаптарын жою мақсатында құрылған еріктілер қозғалысының жұмысын ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда барлық аудан, қалаларда рухтастардың ұйымдастыруымен «Жастар есірткіге қарсы», «ТазаLike» акциялары тұрақты түрде өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ өңірдегі жас рухтастар жастар арасындағы мәселелерді анықтау мақсатында түрлі бағыттағы мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалы, партия жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңес құрамымен бірге күн тәртібіне сәйкес, облыс көлеміндегі 11 жатақханаға мониторнг жасалып, мәселелер оқу орнының басшыларына жолданып, назарға алынған. Кешкі уақытта кәмелет жасқа толмаған жастардың көшеде жүру фактлерін жою мақсатында да тұрақты түрде құзырлы орган өкілдерімен бірге мониторинг жасалып, қажетті шаралар қолданылуда. Оған қоса, Төтенше жағдай департаменті мамандарымен бірге газ құбырлары өтпеген үйлерге газ балондарын қолдану бойынша жыл бойына 2 мыңнан астам үйге мониторг жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары атқарылған.

Өңір рухтастарының көшбасшысы Жансерік Жұманның сөзіне сүйенсек, қазір жастардың түрлі бағыттағы сұрақтарына жауап беру және жастар арасындағы мәселелермен күресу мақсатында мекеме мамандарымен бірге кеңес орталығында айына кемінде 3 рет кездесу ұйымдастырылады екен. Бұл кеңеске базарда жұмыс істейтін жастар мен жұмыссыздар көптеп келетін көрінеді көрінеді.
«2023 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша «Жастарға-Кеңес» жобасы 11 аудан, қалада 23 рет өткізіліп, 1500-ден астам жас қамтылды. Басты сұрақ – жұмыссыздық, кәсіпті дамыту үшін 21-35 жас аралығындағы жастарға берілетін 2,5%-дық несие, баспана және әлеуметтік көмек мәселелері», — дейді ол.

Жалпы, жастар – бүгінгі қоғамның қозғаушы күші және елдің ертеңі дейтін болсақ, оларды жан-жақты қолдап, іс-әрекеттерін үйлестіріп келе жатқан «Жастар рухы» жастар қанатының да маңызы зор деп санаймыз.

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан қаласы.

Бүгін, 15:10
Абайдың өлеңдерін жатқа оқитын полицей
09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары