Түркістан: 633 жас 2,5 пайыздық несие алуға құжат тапсырды

19 шiлде 2023, 16:37


Бүгінде жастарды жұмыспен қамту – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Осы орайда биыл жастарды кәсікерлікке тарту мақсатында жеңілдетілген шағын несие беру бағдарламасы іске қосылған болатын. 21 мен 35 жас аралығын қамтитын 2,5 пайыздық шағын несиені кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген. Ол шағын несие мерзімінің үштен бірінен аспайды. Мәселен, несие бес жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды. Жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі.

Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады. Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Мінеки, құжат жинау соншалықты қиындық тудырмайтын бұл жоба — жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін мемлекет тарапынан ұсынылып отырған зор мүмкіндік. Айта кеткен жөн, осы жоба жұмысын бастағалы Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін тоқтамайды.
Жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталған болатын. Биылғы жоспар бойынша Түркістан облысында 594 жас мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізуі тиіс. Түркістан облысының әкімдігі мен аталған жауапты басқарма бағдарламаны іске асыруға 2,9 млрд теңге қаражат бөлінгенін мәлімдеген болатын.


Түркістан облысында 2,5 пайыздық несие алу үшін бүгінге дейін 633 жас құжат тапсырған екен. Оның 333-і комиссия қарауына ұсынылып, 30 маусымдағы жағдайға сәйкес 242 үміткердің бизнес-идеялары қаралды. Соның нәтижесінде 142 жастың бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат аудару жұмыстары жүріп жатыр. Ал 100 үміткердің құжаты несие беру талаптарына сай келмепті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда келеді. Ал Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде. Қазір құжат тапсыру барысында анықталған кемшіліктер бойынша кеңес берілуде.
Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында кезекті комиссия отырысы өтіп, онда тағы 91 үміткер өз бизнес-жобасын қорғады. Қазіргі таңда шешімі жасақталу үстінде.

Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, ұсынылған бизнес-жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы саласына байланысты. Дегенмен жылыжай ісі, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, аралас сауда, құрал-жабдықтар сатып алу, құрылыс заттарын өндіру, автомобиль өнеркәсібіне қатысты жобалар да бар. Облыс көлемінде құрылған арнайы ақпараттық жұмысшы топ әсіресе ауыл жастарына түсіндіру шараларын жүргізуді тоқтатпады. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжат қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.

Айдос Құсайынұлы
Суреттер: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды