Түркістан облысы экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететін саланың бірі ауыл шаруашылығы екені белгілі. Мол өнім алу үшін заманауи техника, сапалы тұқыммен қоса, су үнемдеу мәселесі де сырт қалмауы керек. Су үнемдеу технологияларын енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2030 жылға қарай өңірде су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған.
Биылға 27 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Дегенмен барлық мүмкіндіктер ескеріле отырып, жоспар көлемі 2 есе артты. Бұдан бөлек, шетелдік инвестордың атсалысуымен жаңа технология 32 мың гектарға ендірілді. Трансшекаралық суға тәуелділікті төмендету мақсатында жаңа технологияларды оңтүстік аудандарда 24 мың гектарға ендіру жоспарланып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен жиында осындай мәліметтер айтылды.
Облыс әкімі суармалы жерлердің көрсетілген алаңын дұрыс пайдалану Мемлекет басшысы алға қойған жоғары рентабельді дақылдар өндірісіне көшу, импортты алмастыру және суармалы жерлер алаңын біртіндеп арттыру міндеттерін орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондықтан су үнемдеудің озық технологиялары мен заманауи жүйелерін енгізу – заман талабы.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың баяндауынша, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін заманауи ылғал үнемдеу технологияларын қолдануға көшуге ынталандыру мақсатында жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауды жүзеге асырады. Оған қоса шығынның тағы 30 пайызы облыс бюджеті арқылы өтеледі.
Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін «Бәйдібек ата», «Қарақуыс» су қоймаларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленген. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 120,3 млн. м3 ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы өңірлерде ағын су мәселесі шешімін табады.
«Боралдай» су қоймасы Түркістан қаласы мен Ордабасы, Бәйдібек, Отырар, Сауран аудандарындағы 67 мың га жерді кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Оның ішінде Отырар және Сауран аудандарында жаңадан 6000 гектар, Ордабасы ауданы Қажымұхан ауылдық округінде 630 гектар суармалы егістік алқаптары қосылады.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков те бірқатар аудан-қала әкімдерінің қатысуымен мәжіліс өткізіп, ағын суды тиімді пайдалану мәселесін талқылады.
Мамандардың мәлімдеуінше жауын-шашынның аз түсуінен биыл арналарда су көлемі едәуір кеміген. Мәселен, өткен жылы Арыс өзені арқылы келетін су секундына 55 текше метрді құраса, биыл бұл көрсеткіш 13 текше метрден аспай тұр. Бөген су қоймасына жиналған су мөлшері былтыр 339 млн текше метрге жетсе, қазіргі таңда нақты бар су – 230 млн текше метр.
Арыс, Кентау қалалары мен Түлкібас, Сайрам, Сауран, Ордабасы, Отырар аудандарына ағын су босату реттілігі мен шаруаларға су босату кезектілігін жүйелеу тапсырылды. Сонымен қатар мүмкіндіктерді саралай отырып, су ұңғымаларын іске қосу мәселесі көтерілді.
Нұрбол Тұрашбеков: «Ағын судың бей-берекет босатылуына жол бермеңіздер. Бақша түрлерінің өну кезеңдерін ескеріңіздер, кезектің сақталуын қадағалаңыздар. Бұл кезеңді диқандармен кеңесіп, келісіп, ортақ мәміле жасай отырып өткеруіміз керек. Шаруалар өз еңбегімен қатар өзгелердің еңбегіне де құрметпен қарап, түсіністік танытады деп сенемін», — деді.
Әсіресе, су мұраптарына үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтылды. Диқандармен бірге егіншілік науқанын шығынсыз өткеруге бар мүмкіндікті қарастырып, ынтымақпен іс қылу қажеттігі ескертілді.
Айта кетейік, еліміздегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт Түркістан облысында ашылған. Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын ендіру жыл басынан бері 11,3 мың гектарды құрады. Сондай-ақ, биыл 4,5 мың гектарды жаңбырлатып суғару әдісіне көшіру жоспарланып отыр. Бұл әдістің экономикалық тиімділігі – ағын су шығынын 2 есеге кемітіп, өнімділікті 2-3 есеге арттырады. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясы жұмыс күшінің үлесін азайтады. Нұрбол Тұрашбеков бұл бағыттағы жұмысты ширатуды, көзделген межені бағындыруға күш салуды тапсырды.
Jas Qazaq
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі