Түркіменстан астанасы Ашхабадта халық азық-түлік сатып алу үшін дүкендерде қатар-қатар кезекте тұруға мәжбүр. Өңірлерде нанды жеке куәлікпен сатса, ұн алу үшін бір ай бұрын кезекке тұру керек деп хабарлайды asn.in.ua сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ порталы.
Түркіменстандағы жергілікті басылымдар таратқан мәліметке сүйенсек, Ашхабадтағы мемлекеттік дүкендерде бір ересек адамға 1 келі қант пен 10 жұмыртқа ғана сатылады. Ал балаларға азық-түлік мүлдем берілмейді екен.
Көптеген өңірлерде ұн жетіспеушілігінен және жұмыссыздық белең алғандықтан, халықтың шетелдерге көшіп кетуі жиілеген. Алайда халықаралық әуежайда көшкісі келетін тұрғындарды еш себепсіз ұшағына жібермей қойған.
Ұнның тапшылығына себеп болған — елде астықтың шықпай қалуы екен. Соның салдарынан, Түркіменстанға нанды шетелдік валютамен сатып алуға мәжбүрлік туындады. Екіншіден, ондағы қиын экономикалық жағдай орнағандықтан, жұртшылық тек ұн өнімдерімен тамағын тойдыруға үйренген.