Тынымсыз жылдар жемісі

24 қыркүйек, 16:34

– Маған Зенконың сүтін беріңізші.
– Зенченконың қаймағын алайын деп едім.
– Зенченконың ірімшігі бар ма?
– Зенченконың картобы қашан болады екен?

Петропавлдың сауда нүктелерінде осындай өтініштерді жиі құлағымыз шалады. Өйткені «Зенченко и К» серіктестігінің өнімі үлкен сұранысқа ие. Солтүстік Қазақстан облысында 27 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Зенченко и К» командиттік серіктестігі бүгінде 885 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұған қоса кәсіпорын басшылығы ауылдың әлеуметтік саласын дамытуға да үлкен көңіл бөледі.

«Зенченко и К» серіктестігінің тарихы тереңде. Осыдан табаны күректей 48 жыл бұрын Геннадий Зенченко «Новоникольский» кеңшарының директоры болып тағайындалған еді. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, кеңшарлардың шаңырағы ортасына түскен кезде ауылдастары өздерінің жер үлестерін Геннадий Зенченкоға сеніп тапсырған болатын. Аумалы-төкпелі шақта тұрғындардың сенімінен гөрі, күдігі басым-тын. Бірақ әкелі-балалы Зенченколар жерлестерінің сенімін ақтай білді. Олар тұралаған шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып қана қоймай, Новоникольский кеңшарының негізінде құрылған «Зенченко и К» компаниясын елдегі ең үздіктердің қатарына қосты.

Ол үшін қанша тер төгілгені өздеріне ғана аян. Әкелі-балалы екеуі ізденуден еш шаршаған емес. 2003 жылы Геннадий Зенченко Мәскеудегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Ресейдің кейбір шаруашылықтары жылына 7 мың килограмға дейін сүт өндіретінін көріп, осы көрсеткішке жеткенше асық болды. Ол үшін Балтық бойынан өнімділігі жоғары қара мал сатып әкеліп, жаңа мал шаруашылығы кешенін ашты. Сол кезде жаңа таныла бастаған «Шырша» атты автоматтандырылған сауу аппаратын сатып алып, іске қосты. Мал азығына мән бере бастады. Жұмыс нәтижесі көп күттірген жоқ: өнімділік арта түсті, кадр мәселесі де тез шешілді. Себебі, жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылып, қолмен жұмыс істейтін малшылар мен сауыншыларға қажеттілік азая түсті.
Жеткен жетістігіне тоқмейілсімейтін Геннадий Иванович ұлына ақылшы әрі серіктестіктің бас директоры бола отыра, Канадада мал шаруашылығы саласы қарыштап дамығанын айтып, тауарлы-сүт кешенін құруға кіріседі. 2007 жылы пайдалануға берілген сүт кешеніне толық автоматтандырылған, бір мың бас сүтті сиыр ұстауға арналған екі ферма және 50 сиырға арналған «Карусель-Глобал» қондырғысы енді. Кейін Германиядан 600 бас асылтұқымды ірі қара әкелінді.
1992 жылы әкесі Голландияның картоп өсіру және жинау технологиясын зерттей бастаған кезде, баласы Геннадий Геннадьевич күмәнін жасырмағанын әлі күнге дейін күле еске алады. Ақырында бұл да тиімді әдіс болып шықты: картопты қолмен шелекке жинап, одан кейін жүк көлігіне тиеудің еш қажеті жоқ. Бар шаруаны комбайн мен транспортер атқарады. Голландия технологиясы алғашқы жылы-ақ өз жемісін берді. Қазір серіктестік 10 мың тоннадан астам картоп өндіреді. Өнімділігі – гектарынан 300 центнерден.

Электр жарығы кез-келген уақытта жалп етіп өшетін 90-шы жылдары кіші Геннадий Орал, Чувашия, Удмуртия, тіпті Йошкар-Ола асып, 28 әскери электр станциясын өз техникасына айырбастап алып келгенін көнекөз жерлестері әлі ұмыта қойған жоқ. Соның арқасында тұрғын үйлер түгіл, көшелер де жарқырап сала берді.

«Зенченко и К» серіктестігі өңірде алғашқылардың бірі болып осыдан 12 жыл бұрын желден жарық алу технологиясын да енгізген болатын. Ол үшін екі электр станциясы Германиядан жеткізілді.

Дағдарыс кезінде ұқсату кәсіпорындары өнім қабылдауды азайтып, кейбіреуі тіпті тоқтатты. Ал сүт – тез бүлінетін өнім болғандықтан, кәсіпорын тағы бір қиындыққа тап болды. Сол кезде әкелі-балалы екеуі ақылдаса келе, облыс орталығында қаңырап қалған зауытының бір цехын сатып алып, өз кәсіпорнын ашты. Көп ұзамай, сапалы сүт өнімі зауыт конвейерінен тікелей тұтынушыға жол тартты. Бірақ өнім сату мәселесі бастапқыда оңайлықпен шешіле қойған жоқ. Ірі сауда нүктелерімен келісім-шарт жасасуға, тіпті өз дүкендерін ашуға тура келді. Бүгінде Зенченконың өнімі Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, басқа өңірлерде де танымал. Себебі, мұнда өнім сапасына баса назар аударылады, табиғи сүт қана қолданылады.

Сол үшін ие болған марапаттары да аз емес. Алтын, күміс, қола медаль, Алғыс хат пен дипломдары жетерлік. Республикалық сүтті және аралас тұқымдар палатасы дайындайтын Қазақстанның сүт саласы көшбасшыларының рейтінгінде «Зенченко и К» бірнеше жыл қатарынан бірінші орыннан түспей келеді. ElDala.kz порталының дерегінше, серіктестік былтыр 48 мың тонна сүт өндірген. Атақты «Родина» агрофирмасы 31,7 мың тонна көрсеткішпен – екінші орында.
Мұның барлығы — заман ағымына сай жаңаша жұмыс істеудің нәтижесі.

Жалпы бүгінде «Зенченко и К» серіктестігі дәнді, майлы және бұршақты дақылдар өсірумен, өсімдік, мал, балық және тұқым шаруашылығымен, ет, сүт өңдеумен, ұн, нан, ірімшік, кондитер өнімдері және жем-шөп өндірісімен айналысады.

Коммандиттік серіктестіктің 43 мың гектарға жуық жері, 12 мың бас қара малы бар. Оның 4 мыңы – сауын сиыры. Бұл күндері 8 мың басқа арналған сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылы пайдалануға берілетін бұл ферма – Орталық Азиядағы ең үлкен кешен болмақ деп күтіліп отыр.
Серіктестік қатты ірімшік шығаруды қолға алмақшы. Бұл туралы жуырда вице-премьер Серік Жұманғариннің Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында белгілі болды. Мұнда тәулігіне 500-600 кг ірімшік өндірілмек. Қазақстандықтар өз елімізде өндірілген ірімшік және сүзбемен тек 46 пайызға қамтылады екен. Сондықтан вице-премьер мемлекетке мұндай өндірістер қажет екенін және желіні іске қосуға қолдау көрсетілітінін атап өтті.

Серіктестік әлеуметтік жауапкершілікті еш ұмытқан емес. «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының директоры Геннадий Зенченконың айтуынша, кәсіпорын жыл сайын ауылдың әлеуметтік қажеттілігіне 40 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайды. Бұл ақша мектеп, балабақша, екі фельдшерлік-акушерлік қосын мен амбулаторияның қажеттіліктеріне жұмсалады. Кәсіпорын жеке балабақша салып, мектепті кеңейткенін, шіркеу тұрғызғанын да айта кету керек. Сондай-ақ жабық мұз айдыны мен хоккей корты, спорт кешені де пайдалануға берілді. Ауылда Мәдениет үйі, сауда кешені, мейрамхана бар. Жұмысшыларға орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған үй беріледі.
«Зенченко и К» коммандиттік серіктестігі облыс және ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отыр.

P.S. Біз осы мақаланы жазып біткенде Мемлекет басшысының Геннадий Зенченкоға отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, саланың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға қосқан зор үлесі үшін Алғыс жариялағаны туралы ақжолтай ақпарат шықты.

Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?