Бүгінгі таңда елімізде әлеуметтік әділеттілік пен инклюзияны қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар мен нақты бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі – мүгедектігі бар азаматтарды қолдау. Бұл мәселе жергілікті өкілді органдардың да басты назарында.Түркістан облысы Түлкібас ауданында мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің негізінде көптеген нақты іс-шаралар жүзеге асуда.
– Біздің басты мақсатымыз – әр азаматтың құқығын қорғап, олардың қоғамдағы орнын сезіндіру. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға мемлекет тарапынан ғана емес, жергілікті бюджет есебінен де тұрақты көмек көрсетіледі. Бұл – аудандық мәслихат депутаттарының, жергілікті әкімдік пен сала мамандарының ортақ жауапкершілігі, – дейді Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сәрсенбаев.
Мәселен, Түлкібас аудандық мәслихаты мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу тәртібі мен мөлшері, сондай-ақ әлеуметтік көмек түрлерін айқындайтын шешімдер қабылдап, олардың аясында жүйелі қолдау тетіктері іске қосылған. Бұл шешімдердің барлығы – Әлеуметтік Кодекс пен «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» заңға негізделген.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында 2025 жылға арналған аудандық бюджеттен, облыстық және республикалық деңгейдегі бюджеттерден қомақты қаржы бөлінген. Атап айтқанда:
-Гигиеналық құралдарға – жалпы сомасы 446,8 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
-Протездік және арнаулы жүріп-тұру құралдарына – 61,9 млн теңге.
-Санаторий-курорттық емделуге – 211,6 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Сонымен қатар жеке көмекші қызметіне – 298,8 млн теңге, ымдау тілі маманына – 32,2 млн теңге қаржы көзделіп отыр.
Бұл деректер әлеуметтік қолдау шараларының тек символдық сипатта емес, нақты, кешенді деңгейде жүргізіліп жатқанын аңғартады.
– Біз қаржыландыру кезінде бірінші кезекте тиімділік пен қажеттілікті басшылыққа аламыз. Әрбір тиын нақты азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Әлеуметтік көмек тек жәрдемақы төлеумен шектелмеуі қажет, ол азаматтың қоғамға етене араласуына, еңбекке араласуына мүмкіндік беретін құрал болуы керек, – деп нақтылады Серғали Сәрсенбаев.
Аудан аумағында әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің жұмысы да жүйеленген. Қазіргі таңда «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы», «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы, «Түлкібас мүгедек балаларды оңалту орталығы» мүгедектігі бар азаматтарға, оның ішінде балаларға, психологиялық, медициналық, әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.
Аталған орталықтарда тек емдеу-оңалту емес, сонымен қатар бейімдеу мен кәсіби бағыт беру бағыттары да қарастырылған. Бұл – болашақта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне де ықпал ететін фактор.
Ауданда 4 әлеуметтік такси және 1 инватакси тұрақты негізде қызмет көрсетеді. Оларға 52 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл көліктер мүгедектігі бар азаматтардың мекеме, аурухана, әлеуметтік орталықтарға еркін баруын қамтамасыз етуге арналған.
Сонымен қатар, мерекелік күндер – Мүгедектігі бар адамдар күні, Қарттар күні, Зағиптар күні – қарсаңында ұйымдастырылатын іс-шараларға да аудандық бюджеттен 1,2 млн теңге бөлінген.
Аудандық мәслихат депутаттары тек шешім қабылдап қана қоймай, олардың орындалуын да тұрақты бақылауда ұстап келеді. Әлеуметтік бағдарламалардың іске асу барысы бойынша есептер тыңдалып, қажет болса, түзетулер мен қосымша ұсыныстар енгізіледі.
– Біз қоғамның барлық мүшелеріне тең мүмкіндік жасағымыз келеді. Бұл – тек әлеуметтік сала қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл халықтың, әсіресе билік өкілдерінің борышы. Мәслихат депутаттары сайлаушылармен кездесіп, нақты ұсыныстар мен өтініштерді саралап, тиісті мекемелерге жолдайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейжай қарамайтын әрбір азамат – нағыз қоғам жанашыры, – деп атап өтті мәслихат төрағасы.
Олжас Әбдіхалық