Бекдайыр Иманбайұлы –
Бауыржан Момышұлын, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Қайсенов, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Шерхан Мұртаза секілді халқымыздың мақтанышына айналған кісілерді де қызмет машинасымен алып жүрген танымал жүргізуші. Бекеңнің аузынан осы кісілердің барлығымен бірге болған сәттеріндегі естелік әңгімелерін сол қалпында көңіл бөліп тыңдаудың өзі ғанибет. Төменде Бекеңнің жазушы Тұтқабай Иманбековпен бірге басынан кешкен бір оқиғаны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
…Анам «Құдай берді, Құдай алды, енді қайтесің, өзіңді сақта» деп, жеңгемізді жұбатып жатыр. Бекежанның шетінеген нәрестесін Айдарлыға апарып жерлейтін болдық. Сол себептен, өзім жүргізіп жүрген «Волганы» «Жазушы» баспасының бас редакторы Есет Әукебаевқа кіріп, сұрадым. Директорымыз – Әбілмәжін Жұмабаев сол кезде Кабминнің ауруханасында ауырып жатқан. Ол кісінің орнында Әукебаев болатын. Ол маған екі күнге рұқсат берді. Мен рахметімді айтып, құжаттарымды дұрыстап, жағдайымды Тұтқабай ағаға айта кетейін деп «Қазақ әдебиеті» редакциясына кірдім. Ол Бекежанды қатты сыйлайтын. Мен де сендермен барайын деп, менімен бірге ілесе шықты. Рульде менмін, Тұтқабай ағамыз менің қатарымда отырды. Артқы орындыққа, арғы жағына Бекежан отырды. Ортасында анамыз, шетінеп кеткен баланы ұстап отыр. Ең шетінде жеңгеміз төрт жасар Мира деген қызын алдына алды. Бекежан мен анам нәрестені кезекпен-кезек алдыларына ауыстырып отырды.
Жақсы-ақ келе жатқан едік… Алматы – Қарағанды жолы сол кезде жаңадан салынып жатқан, кейбір жері қиыршық, ал кейбір жері жай топырақты түзетіп қойған жол еді. «Күрті» совхозының сайынан шыққан соң, ағамыз Тұтқабай рульді менен сұрай қалды. Оның алдында өзінің машинасымен кешке қарай, не болмаса демалыс күндері үйретіп жүретінмін. Мына ұзақ жолда өзін шофер ретінде сынап көрейін деген шығар. Мен сонымен машинаны тоқтатып, ауыса қойдым. Тұтқабай аға орнынан қозғалып, жүріп кетті. Дұрыс-ақ жүріп келе жатқан. Тағы бір қарасам, Тұтқабай аға шофер емес, жазушы ғой, жолдың шетінде, бір тастың үстінде үлкен құс қонып отыр екен, алдына қарауды ұмытып, сол құс жаққа көңілі ауып кетіпті. «Аға, алдыңызға қараңыз» деп едім, рульді күрт оңға бұрып жіберді. Ол сәтте машинамыз жол жағасындағы ойпаңға ұшты да кетті. Енді құрыдық! Мен тек қана қоштасып, машинаның кілтін өшіріп үлгердім. Әйтпесе, біз қырылып қалсақ та, машинадан шықпай, соның ішінде түгелдей жанып кетер едік. Құдай сақтап, машинамыз төрт рет аударылып, біресе төбесіне түседі, біресе дөңгелегіне түсіп, допша домалап барып, әйтеуір, қайта аударылып барып, төрт дөңгелекке бір-ақ тұрды. Бірінші болып мен машинаның оң жағынан әрең есікті итермелеп шықтым, екінші Бекежан арт жағындағы сол есікті зорға ашып шықты. Тұтқабай аға қорыққанынан ес-түсін білмей, сол ұстаған рульде қатып қалыпты. Ақырындап бәрін машинадан шығара бастадық. Кім біледі, ондай жағдайда аударылып бара жатқанда бензин төгіледі, аккумулятор ұшқын береді. Содан соң машина бес минуттың ішінде жанып бітеді… Мен бәрінен де сондай бола ма деп қорқып едім… Алла сақтады. Бақандай жеті адамның сүйегі аяқ астынан жанып кетуден аман қалды.
Айтып отырмын ғой, құдайдың өзі бізді сақтады деп. Үйден шыққанда да «біссімілләмді» айтып шыққанмын. Ылғи да ішімнен айтып отыратыным сол. Үсті-басымыз қан. Әйтеуір, сүйегіміз аман-сау сияқты. Бәріміз шыққандай болдық. Анам ортада шетінеп кеткен баланы құшақтап отырған. Сол кісіні отырған қалпында машинаның төбесі қысып қалыпты. Алдыңғы орындық диван сияқты болушы еді. Екі ортадан шыға алмай қалды. Бекежан бауырым зор күштің адамы емес пе, поликке жата қалып, машинаның төбесін тепкілеп жатып, шешемізді зорға дегенде аман-есен машинадан шығардық. Машинадан тамтық жоқ. Әйнектерінің быт-шыты шығып қираған. Үсті-басымыз қан, топырақ. Бәріміз әр жерде, өліп қалған адамдай жұмсақ топырақтың үстінде есімізді жия алмай жатырмыз. Сағат кешкі бес болып қалған. Сол мезгілде бірде-бір машина өткен жоқ. Жарты сағаттың ішінде әупірімдеп есімізді жиып, бір-бірімізді түгендеп, аман-сау қалғанымызға қуандық. «Қалай, сүйектерің аман ба?» деп сұрап жатырмын. Бәрінен де ұшып аударылып бара жатқанымда машинаның рулін бұрып, өшіргеніме қуандым. Ойпаңның биіктігі бес метрдей боп қалатын. Ар жағында жаңадан жол салып, бульдозерлермен топырақты босатып, трассаға итермелегені біздің аман қалуымызға себеп болды. Сол кезде мен машинаны ойлаған жоқпын. Бәріміз аман-есен, машинамыз өртенбей ішінен тірі шыққанымызға қуандым. Тұтқабай аға басын ұстап, өзіне әлі келе алмай отыр. Мен: «Аға, темірі құрысын! Өзіміз аманбыз ғой. Есіңізді жиыңыз», – деп жұбаттым.
Бәріміз аман-сау сияқтымыз, шешем ғана орнынан тұра алмай жантайып жерде жатыр. Әліміз жоқ, не ауызға тамызар су алмаппыз. Үстімізге қарайтын жағдай жоқ. Машинаның кілтін оңға бұрап қалып едім, дүр ете түсті. Әй, жарықтық автомашина-ай! Оның да күл-талқаны шыққанымен біз сияқты тірі екен. Кеш батып бара жатқан кез. Бәріміз қисық-қыңыр машинамызға бір-бірлеп отыра бастадық. Анамызды көтеріп, орындыққа сүйемелдеп орналастырдық. Сөйтіп, күн бата әлгі қисайған, машинаға ұқсамайтын темірді, өзімізбен бірге Айдарлыға жеткіздік. Ел көріп, зәрелері ұшып, қалай одан аман қалғанымызға таңғалды.
Бекежанның достары көп еді. Солар шетінеп кеткен нәрестені бір жыл бұрын сол Айдарлыға жерлеген баласының жанына қойыпты. Бекежанның екі кішкентай ұлы: 1973, 1974 жылдары екеуі де жер қойнауына кірді. Нағашы ағамыз Несіпбай бір қойын сойып Құдайы тамақ берді. Бекежанның үйіне келген соң үш күн басымызды көтере алмай жаттық. Ал төртінші күні есімізді жиып, Алматыға қайтатын болдық. Жергілікті шоферлер, жаңағы Бекежан бауырымның достары «Волганы» дәу балғамен ұрып-соғып түзеткендей болған. Әйнексіз «21-Волгаға» ұқсатып қойды. Алдыңғы маңдай әйнектің орнына пленка тартып, бір кішкентай жерінен жолды көріп отырсын деп ойып қойыпты.
Түнімен апам, Тұтқабай аға үшеуміз әзер дегенде Алматыға жетіп, тура Тұтқабай ағаның гаражын ашып, жаңағы авария болған машинаны сонда кіргізіп, ағаның өз машинасын үйдің жанына шығарып қойдық. Мәриям жеңгеміз бізді көріп, машинаны көріп, зәресі ұшты. Әйтеуір, аман қалғанымызға қуанды. Түн ішінде шәй беріп, Тұтқабай аға мен жеңгеміз бізді шығарып салды. Алайда ағамыздың қорқынышы әлі басылмапты. Мені шетке шақырып алып: «Бегдан, елге не дейміз, бастығыңа не дейміз?» деді. Мен: «Аға, сіз оған уайым жемеңіз. Бәріне мен өзім аударылдым деп, кінәні мойныма аламын. Сіз де сол сөзде тұрыңыз» дедім. Солай айтатын болдық.
Ертеңгісін жұмысыма не де болса барайын дедім. Басымды алса, ала берсін деп, әуелі Есет Әукебаевқа кірдім. Түрімнен түр жоқ. Сыртта тұратын Жұмабаевтың машинасы және жоқ, бес күннен кейін келіп тұрмын. Есет аға жағдайды мен айтпай-ақ түсінді. Жазушы ағамыз бұрынғы отставкадағы шекарашы майор ғой. «Ал не болды, айт, неге жоғалып кеттің? Машина қайда?» деп зекіді ол. Есет Әукебаевты өзім сыйлаушы едім, ал қазіргі айқайға басып ақырып тұрғанын көргенімде ештеңеден қаймықпай: «Аға, мен шетінеп кеткен баланы апара жатып, бірнеше рет аударылып, машинаның тас-талқаны шығып, қиратып алдым… Енді не істесеңіз де өздеріңіз біліңіздер!» дедім. Әукебаев хатшы арқылы директордың шаруашылық жөніндегі Сағынов Сәбитті өзіне шақыртып алып: «Мына Бегдан Әбекеңнің машинасын қиратып келіпті. Қазір бірге барып, оны жасауға келе ме, өзің барып көріп қайт» деп, екеумізді жіберді. Сәбит екеуіміз Тұтқабай ағаның гаражына келіп, есігін ашып едім, ол басын шайқап: «Сендердің бәрің амансыңдар ма? Араларыңда жарақат алғандарың бар ма?» деп сұрады. Сәбитпен менің қарым-қатынасым жақсы еді. Сондықтан ол маған жаман ештеңе айтқан жоқ. Қайтадан Әукебаевқа екеуміз бірге кірдік. Ол көргенін айтты. «Машинаның жағдайы жасауға келе ме, келмей ме, мен білмеймін» деді. Қайтадан Есет ағамыз маған қарап, «не істейміз енді?» деп еді: «Мен, мен кінәлімін, сондықтан түгелдей өзім жасатам» деп жауап бердім. «Қанша уақытта жасап бітіресің?» деп сұрады. «Маған екі апта уақыт беріңіз» дедім. «Айтқан екі аптаның ішінде бітір» деді ол.
Келесі күні Тұтқабай аға біздің үйге келіп, мені жұбатқандай болды. «Бегдан, мына төрт жүз сомды ал», – деп бір бума ақша әкеліпті. Ол ақшасы кішкене болса да маған көмек болды. Сонымен… іздестіріп тапқан шеберіміз Гошаға барып едік, өте жақсы адам екен. «Жарайды, мен саған жөндеп беремін, бірақ та сен өзің менің жанымда жүресің. Ана жерін ұста, мына жерін ұста дегенімде, сондай-ақ дәу балғаны ұстап отырасың» деді. Келесі күні Гоша екеуміз түзету жасайтын жұмысына кірістік. Төрт күн демалмай, тақылдатып жатып, «Волганың» сүйегін өз қалпына келтірдік. Ары қарай дәнекерлеп, темірді пісіру жұмысын жүргізу керек деді ол. Айтуынша, оны жасай алмайды. «Осы істеген еңбегіңе қанша төлейін?» деп едім, «Оны өзің біл. Мен саған кесіп айтпаймын» деді Гоша. Ал ондай болса, менің қалтамда төрт жүз сом бар, соны ал дедім. «Өзің жасаған ісіме риза болсаң, алайын» деді Гоша. Ақшаны қолына ұстаттым. Тағы да қайғыға батып отырғанымда Айдарлыдан Бекежан бауырым келе қалғаны. Ол маған қуаныш әкелді. Достарының машинасымен бір семіз қой, алты жүз сом ақша әкеліпті. Келесі күні-ақ Көктөбедегі көрші-қолаңды, ағайын-туыстарды шақырып, жаңағы Бекежан бауырым әкелген қойын сойып, аман қалғанымызға құдайы тамақ бердік. Елдің әкелгені бар, тағы бір үш жүз сом менің бюджетіме қосылды. Енді мен өз қалпыма келдім. Машинаны түгелдей жөндеп, бітіруге шейін қаражатым жететін болды. Алматыдағы Крючков заводына кіргізіп, іші-сыртын бояттым. Кәдімгі судай жаңа машина болып шыға келді. Өзінің түсі ақ еді ғой. Тура солай етіп бояттым. Екі апта емес, бір жетіде бітіріп, бәріне ризашылығымды білдірдім. Судай жаңа, ақ «Волганы» заводтан қуанышпен айдап шықтым. Сәбит пен Есет Әукебаевқа көрсеткенше асықтым.
Сол күні дүйсенбі еді. «Жазушы» баспасына Горький автозаводынан «21-волганы» айдап келгендей жайраңдап жетіп бардым. Әрине, ондай көрініске дұшпаның да, досың да қуанады. Сол күні Әбілмәжін ағамыз да ауруханадан шығыпты. Енді жұмысқа шығатын болыпты. Әукебаев мені бастығымның үйіне жіберді. Мен әдетімше, Масанчи Сәтпаевқа барып тоқтап едім, Әбілмәжін аға да пәтерінен сыртқа шығып келе жатыр екен. Мен ол кісіні өзімнің туған бауырымдай көретінмін. Ол кісі кең адам ғой, асыл адам, адамгершілігі зор адам. «Мен жазылып шықтым, қарғам, сендер қалайсыңдар, бәрің аман-саумысыңдар? Бекежанның кішкентайының арты қайырлы болсын. Өзіне менен сәлем айтарсың. (Бекежанды да Жұмабаев мен арқылы жақсы білетін). Темір табылады ғой, өздерің аман болғандарың жақсы болған екен, – деді. – Ал мына машина Тұқаңдікі ме?» – деп сұрады. Ол кісі өзінің мініп жүрген көлігін де танымай қалды. «Әбілмәжін аға, осы машина ғой аударылған. Соны мен туыстарымнан, достарымнан ақша жинап, бір жетіде жөндеп шығардым» дедім. Есігін ашып едім, іші мүңкіп, жаңа бояудың иісі қолқаны атып қоя берді. Әбілмәжін ағаны мінгізіп, жұмысына жарқыраған машинамен әкелдім. Елдің бәрі: «Әбеке, қалайсыз, жазылып шықтыңыз ба? Мына Бегдан да қиналып қалып еді. Жаңа машина алғаныңыз құтты болсын!» деп жатты. Көпшілік қайдан білсін, Бегданға осының оңай түспегенін. Директорымыз дереу жиналыс ашып, менің де жағдайымды айта отыра, кәсіподақтан маған көмек берілсін деді. Төрт жүз сом бөлді. Өзінің директорлық қоры бар екен, содан үш жүз сом шығарды. Содан кейін мен байымай, кім байысын?! Осы берген ақшалай көмек бастан өткен барлық қиыншылығымды ұмыттырды…
Әдеби жазбасын жасаған
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ