Ресейлік режиссер Константин Богомолов публицистикаға қалам сілтепті. Тақырыбы да тартымды. «Еуропаны ұрлау 2.0» («Похищение Европы 2.0»). Автор туындысын манифест деп атайды. Тағы бір ерекшелігі – мақаланың novayagazeta.ru сайтында жариялануы. Көзіқарақты оқырман мұндай ақпарат құралдарының Батыс медиасымен мақаласы мазмұндас, ұстанымы ұқсас, қағидасы қанаттас екенін білсе керек. Рас, редакция алғысөзінде осы мақала арқылы түрлі көзқарастағыларды пікірталасқа шақыратынын ескертеді. Сол-ақ екен, терістік көршідегі либерал атаулы, соның ішінде сайт журналистері де, көп күттірмеді. Ашулы сарынмен жауап жазып, манифестің «қателік-кемшілігін» қопара қазып, «қасиетті кәрі құрлыққа тіл тигізді» деп режиссерді жерден алып, жерге салды.
Дабыл қағып, аттан салатындай байғұс Богомолов не жазып еді? Манифесті бір сөзбен түйіндесек, бертінге дейін өрелі өркениеті, мәуелі мәдениеті, құнарлы құндылығымен орысқа үлгі-өнеге болған бұрынғы кәрі құрлық жоқ. Тіпті терістік көршіде «Увидеть Париж и умереть» дейтіндер де азайып барады. Фашистерден кейін екінші рет ұрланған Еуропа ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған мемлекет пен қоғам институттарын емес, оған кереғар құндылықтарды, дәстүрлі отбасын емес, бір жыныстылардың некесін көбірек дәріптейді.
Алайда Еуропа мұндай бәтуамен келіспейді. Ескі үрдіспен өзгелерді, әсіресе, кешегі кеңестің темір шекпенінен шыққандарды «үйретуден» жалықпайды. Өз мүддесін көксеп, жоқ жерден кемшілік іздеп, кейде адам құқығы мен сөз бостандығын ұртоқпақ ретінде пайдаланады. Бұған өткен жетіде тағы да көз жеткіздік.
Адам құқығы мен құндылықтар имперализмі. Еуропарламенттегі неміс депутаты Максимилиан Кра соңғы кездері кәрі құрлықтың сыртқы саясатында осынау ұятты ұғым белең ала бастағанын, сол үшін (басқалардан) кешірім сұрау қажеттігін мәлімдеді. Ол «Гумбольдт бір кездері «Әлемді көрмеген, білмеген адамның дүниетанымы тым шектеулі» деген. Сіздер нақты шындық пен дерекке жүгінудің орнына, сотталған қылмыскер мен алаяққа көбірек сенесіздер» деді.
Максимилиан Кра «Қазақстанда адам құқығы бұзылуда» деп қарар қабылдаған Еуропарламенттегі әріптестеріне өзінің наразылығын осылай білдірді. Оның айтуынша, мұндай әділетсіз шешім шығаруға қашқын банкир М. Әбіләзовтың депутаттар арасында жүргізген лоббистік әрекеті ықпал еткен. Германия өкілі, сондай-ақ біздің елімізде толық еркіндік бар екенін, сырттан демократия дәрісін оқитындарға зәру емес екенін айрықша атап өтті.
Еуропарламенттің тағы бір депутаты, француз Тиерри Мариани да әлгі қисынсыз құжатты өткір сынға алды. Ол мұндай құжат өздерін «оппозицияшылдар» деп атайтын елдегі және шеттегі топтар мен олардың «қаржылай қамқоршысына» айналған әлгі атышулы алаяққа майдай жағатынын айтады. Тек бұларға ғана емес, бізге тас лақтырса, қуанып, айқайға қиқу қосатын біздегі кейбір сайт пен блогерге де.
«Әліптің артын бағады» деп сынға ұшырайтын сыртқы істер министрлігі, әділін айтқан абзал, бұл жолы дереу мәлімдеме жасап, наразылық білдірді. Қарардың ақиқатпен мүлдем қабыспайтыны, оның ар жағында Қазақ еліне қырын қарайтындардың тұрғаны баса айтылды.Сыртқы саясат мекемесінің ресми өкілі Айбек Смадияров Еуропарламенттің ескертуі әртүрлі елдерге қатысты құжатта сол күйінде қайталанатын, айтыла-айтыла әбден жауыр болған сын мен мін екеніне назар аударды. Айта кеткен жөн, Әзірбайжан басылымдары да Еуропарламент қабылдайтын құжаттың осындай «қасиетпен» ерекшеленетінін жазады.
Өзіндегі мінді көрмей, өзгені сынайтындарға қазақ әдемі нақылмен жауап қайтарған – Жүйесіз сөз иесін табады. Бұған алып қосарымыз жоқ.
Срайыл Смайыл