Көрінбейтін кеселге қарсы күрестің алғы шебінде дәрігерлер жүргенін білеміз. Олар әлі де сонда. Вирус жұқтырғандардың саны азайғанымен, қауіп сейілер емес. Күн өткен сайын төбемізден төне түседі. Кеше ғана денсаулық сақтау министрі «Көпшілік ауырып тұрдық, енді бізге жұқпайды деп қуанбай-ақ қойсын» деп бір қорқытып тастады. Оның көрегендігін уақыт көрсетеді. Себебі наурыз айынан бері тәжтажал туралы сан қилы деректі оқыдық, електен өткіздік. Сайып келгенде, оның бәрі тастүнекте таяқпен түртіп жол табуға тырысу ғана. Әлемде әркім өзінше «жаңалық» ашып әлек. Солардың ішінде «барынша сақ болайық» дегенге құлақ түргеніміз жөн.
Сөзімізді дәрігерден бастадық қой. Тәжтажалдың шабуылына да алғаш ұшыраған солар. Сәуір айында Алматыдағы орталық ауруханада медицина қызметкерлері жаппай вирус жұқтырды дегенде қандай ойда болдық? Пәлекеттің бар-жоғына сенбей, миығымыздан күліп жүрген кез емес пе еді… Оның үстіне пандемия басталғанда сала қызметкерлеріне 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы, сырқатқа шалдыққандарға 2 млн теңге, ал осы аурудан қайтыс болғандардың отбасына 10 млн теңге өтемақы (компенсация) төленетіні жария етілді. Содан ба, әлгі аурухана қызметкерлерінің бірінен соң бірі вирус жұқтырғанын осы қаржымен байланыстырғандар көп болғанын мойындау керек. Ал, шындығында, бұл өзгелерден бөлек кесел болғандықтан, оған қарсы қорғану шаралары да, онымен күресу тәсілдері де жаңаша болуы керек еді. Медицина қызметкерлеріне не кінә? Басқа түгілі, сол кездегі денсаулық министрінің өзі «дүрбелең жасауға негіз жоқ» деп бейқам отырған. Режиссер Талғат Теменов газетімізде жарияланған мақаласында «Өзіміз ауырғанда жүгінетін дәрігерлер ауырса, бұдан артық қорқыныш жоқ екен» деп алаңдаушылығын білдіріп, «Алдымен дәрігерді жарылқайық!» деп ұран тастап еді. Жарылқадық па?
Жаз өтіп, күз келді. Екінші карантиннен өткен жұрт ес жинай бастады. Айналасында ковид не пневмониямен ауырғандарды, аяқ астынан ажал құшқандарды көріп, бұл кеселдің ауада ұшып жүргеніне көз жеткізді. Ана дүниеге кеткендердің арасында алғы шепте айқасқан дәрігерлер де бар. Коронавирус ендегелі елімізде 182 медицина қызметкері құрбан болды. Небәрі жарты жылда. Көкіректе орны толмас өкініш тұнып тұр.
Әйтсе де, өмір жалғасады. Тірі адам тірлігін жасауы керек. Соның бірі – жұмыс орнында мерт болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу. Алайда бізде қайбір оп-оңай жүзеге ассын? Әсіресе, қандай да бір төлемге келгенде.
Қыркүйек айының соңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «жарты жылға жуық уақыттан бері Президенттің өтемақы туралы тапсырмасы орындалар емес» десе, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова Премьер-Министрге сауал жолдаған. Депутаттың сол кездегі дерегінше, 22 қыркүйекке дейін 12830 медицина қызметкері коронавируспен ауырған. Осы күнге дейін денсаулық сақтау министрлігіне 2475 өтініш түскен, бұл науқастардың 19 пайызы ғана. Ал бір реттік әлеуметтік төлем 1830 адамға ғана төленіпті. Қайтыс болған қызметкерлердің отбасына өтемақы төлеу одан да сорақы. Зауреш Аманжолова: «197 медицина қызметкері қайтыс болды, ал түскен өтініш 38 ғана. Сонда 5 айдан астам уақыттан бері бір министрліктен екінші министрлікке ысырып тастау жүріп жатыр ма?» деп еді.
Расында да өтемақы қалай төленеді? Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тауар және қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев шілде айында оны былай түсіндірген:
1) әкімдіктер жанында аймақтық комиссиялар жұмыс істейді;
2) олар сырқатқа шалдығу себебін анықтап, жұмыс орнында қайтыс болу себебін анықтайды;
3) осыдан кейін мәлімет министрлікке жөнелтіледі;
4) онда тиісті тізім жасалып, әрмен қарай еңбек министрлігіне жіберіледі. Сөйтіп өтемақыны денсаулық және еңбек министрлігінің бірлескен бұйрығымен –
5) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлейді. Мінеки, өтемақы алу өтініші қаншама сатыдан өтеді. Әлбетте, ақша жүрген жерде тексеру болатыны заңды. Алайда адамның қызмет бабымен қайтыс болғанын анықтағаннан кейін, тікелей төлемді жүзеге асыруға болмай ма? Болғанда қандай!
Өткен аптадағы кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «цифрмен ойнау жүріп жатыр» деп өтемақыны жылдам төлеу туралы тапсырма берді. Бір апта өтпей-ақ дүние салған 182 медицина қызметкерлерінің туған-туыстарына 10 млн теңге көлеміндегі өтемақы төленгені хабарланды. Сонда Мемлекет басшысы өзі араласпаса, мәселе шешілмей ме?
Гүлнар Ахметова