Желіде трендке айналған таи ананасын жеймін деп уланып қалмаңыз. Вакуум емес, қарапайым полиэтилен пакетке салынған жемістің тазалығы күмән келтіреді. Экзотикалық жеміс қазір базар мен дүкендердегі ең өтімді тауарға айналған. Ерекшелігі — ананастың бұл түрінің көлемі кішкентай әрі тазаланған күйінде сатылады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Көштен қалмайын дегендер Таиландтан тасымалданған жемістің бағасына да қарамайды екен. Ал дәрігерлер тренд қуамын деп, ауру тілеп алмаңыз ескертеді. Дубай шоколады, шайн-мускат жүзімі, енді Тай ананасы. Шетел тәттілері бірінен соң бірі еліміздегі дүкендерді жаулап жатыр. Қазір жеміс-жидек сататын дүңгіршектердің бәрінен Tiktok-тағы соңғы тренд — Тай ананасын табуға болады. Экзотикалық жемістің көлемі кішкентай әрі тазаланған. Қызық қуғандар ананас жеген видеосын желіге жарыса жүктеп жатыр. Тренд тауардың бір пакеті қазір 2500-3000 теңге аралығында. Оның ішінде алты кішкентай ананас бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, кәдімгі ананастың біреуі шамамен 2 мың теңге тұрады. Яғни тазартылған экзотикалық жеміс бағасы жағынан тиімді дейді саудагерлер. Дәмі де әлдеқайда тәтті әрі шырынды деп отыр.
Аслан Сәрсенбеков, сатушы:
– Көбіне ересектер қызығып сұрап жатады. Күніне 60 пакетін сатамыз. Яғни төрт қорап. Әр қорапта 15 пакеттен. Тауарды күнбе-күн әкеліп отырамыз. Себебі, жемістің бұл түрі тез бұзылады.
Тай ананасының сақталу мерзімі екі тәуліктен аспайды. Өйткені уақыт өте келе, сөлі шығып, құрғап қалады. Сондықтан оны салқын жерде сақтаған абзал. «Пуле» сортына жататын экзотикалық жеміс Таиландтың Чианг Рай провинциясында өсіріледі. Өндірушілердің айтуынша, өнім жүз пайыз табиғи, яғни құрамында қоспа, консервант жоқ. Алайда шетелден келген отандастарымыз ананастың Қазақстанға жақсы сапада жетпейтінін байқапты.
Гүлнұр Хасенова:
— Тайландта болғанмын. Ол жерде түрлі экзотикалық жемістер маған ұнады. Таиландта осындай жемістер 500 теңгеден болса, бізде әлдеқайда қымбат және дәмсіз, ұнатпадым.
Ал дәрігерлерге өнімнің дәмі маңызды емес. Олар мини-ананастар қауіпті болуы мүмкін деп отыр. Себебі, тазартылған жеміске инфекция тез енеді әрі оның жай пакетке салынуы да күмән туғызады дейді.
Арай Батырбаева, аллерголог:
– Бұл ананас аллергия тудыруы мүмкін. Мысалы, тамақ аллергиясы, Квинке ісігі, қышыма тәрізді бөртпелер пайда болуы мүмкін. Ананастың құрамында қант көп. Сондықтан қант диабеті бар науқастар оны көп тұтынбауы керек. Сонымен қатар, гастрит, асқазан жарасы, эрозиясы бар адамдарға ананас қосылған тағамнан бас тартқан дұрыс.
Мамандар ересектерге күніне 150 грамнан артық ананас тұтынбауға кеңес береді. Бұл шамамен біңр дана Тай ананасының салмағына тең. Ал балалардың экзотикалық жемісті тәулігіне бұдан куі-үш есе аз жеуі керек.