Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов жылу құбырларын жаңарту жұмыстарының барысын көрді. Бүгінде Адырбеков-Жібек жолы көшесінде құбыр ауыстыру құрылысы жүруде. Ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистралдық жылу құбырын ауыстыру жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта жалпы жұмыстың 40 пайызға жуығы аяқталған болса, толығымен 2023 жылы бітпек.
Нәтижесінде жылу құбырының тозу деңгейі төмендеп, 450-ден астам көп қабатты тұрғын үй сапалы және тұрақты жылумен қамтылатын болады.
Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында бұл жылы 19,4 шақырымдық ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 17,8 шақырымы біткен, бұл 92 пайызды құрайды.
Соның ішінде, Толстой – Адырбеков көшесінде 357 метр жылу құбыры ауыстырылуда. Бүгінде оның 267 метрі аяқталса, қыркүйек айының соңына дейін толық ауыстырылып бітпек.
Шымкент қаласының «Оңтүстік» бөлігінің тұтынушыларын «ТЭЦ-3» жылу қуатымен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 836 көпқабатты тұрғын үй, 51 білім, 8 денсаулық сақтау, 4 құқық қорғау органдарының нысаны бар. «ОНС-Моторная» сорғы станциясы 2007 жылы қолданысқа берілген. 2 дана Д-1250-125YXЛ 3,1 маркалы және 3 дана СЭ-2500-180-10 электрсорғылары орнатылған. Күрделі құрылғылардан құралған нысанның жылыту маусымына 100% дайындығының маңыздылығына тоқталған шаһар басшысы, сала мамандарының өз жұмысына деген жауапкершілігіне сенім білдірді.
2022 жылдың жылу беру маусымынан кейін 838 шақырым жылу жүйелерін тексеру барысында 79 ақау анықталған. Қазір оның 21-і түзетіліп, қалған 58 жағдай тамыз айының соңына дейін толық қалпына келтіріледі. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін 18,0 шақырым жүйеге ағымдағы жөндеуге мердігер мекеме анықталуда.
Қазіргі таңда қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Тоқтар Жақаш