Төрт пайызбен көлік алдым!

30 қыркүйек 2022, 10:10

ДИСКЛЕЙМЕР: Бұл жазба 18 жастан асқандарға, жүргізуші куәлігі барларға, көлік алғысы келетіндер мен жаяу жүріп шаршағандарға арналады.

Көптен күткен көлік тақымға тиді. 4-5 айдан бері табанымнан тозып жүріп, ақыры 4 пайызбен темір тұлпар алдым. Көлік кезегі келгенге бір қуанып, банктен несие бергенге тағы қуанып жүргенде жарты жылға жуық уақыт өте шықты зырғып. Жеңілдетілген автонесие деп министрлердің мінберде отырып, айта салғаны оңай болғанымен, бюрократиялық кедергілері көп екен бұл бағдарламаның. Екінің бірі қолы жетпей жатқаны сондықтан деп ойлаймын. Хош. Енді 4 пайызбен көлік алу жолында қандай қиындықтар кездесетінін және не істеу керектігін айтайын. Себебі бұл бағдарлама ашылғанына бес ай болса да көпшілік шарттары мен жолын білмейді екен.

4 пайызбен көлік алу үшін ең алдымен өзіңізге ұнаған темір тұлпардың (түрін, түсін, маркасын) таңдап, көлік салонына барып кезекке тұру керек. Бірақ кезектің көптігіне байланысты дилерлік орталықтағы менеджерлер кезекке қоймаймыз деп кежегелері кері тартуы мүмкін. Бұл заңсыз. Табандап тұрып алсаңыз, сізді міндетті түрде көлік кезегіне қояды. Қазір еліміздегі көлік өндірісінің ақсап тұруына байланысты кезегіңіз 6-9 айда келуі мүмкін. (Ешкімнің мұртын майламай, көк тиын бермей, кезегіңізді төзіммен күтсеңіз, әрине). Өйткені мен өткен бес айда Алматы қаласындағы барлық көлік салондарын шарлап шықтым. Қазақстанда құрастырылатын да, шетелден тасымалданатын танымал брендтердің техникасы да еркін сатылымда жоқ. Тіпті қолма-қол ақшаға аламын десең де, көлік құнының 20 пайызын құйып, 3-6 ай күтуге тура келеді. Кейбір дилерлік орталықтарда көлік кезегіңізді телеграмм-бот арқылы күн сайын бақылап отыруға болады. Кезегіңіз келіп, таңдаған көлігіңіз дайын деген хабарлама алсаңыз, бұл жартылай жеңіс. Бірақ қуануға әлі ерте.

Енді сарыла күтіп жеткен көлігіңізді несиеге рәсімдеу үшін банктен 4 пайызбен ақша береміз деген кепілхат (гарантийное письмо) керек. Осы бір жапырақ қағазды алу үшін банк жеті атаңыздан бастап үрім-бұтағыңыздың несие тарихын түгел тексереді. Төлем қабілетіңіз жетіп тұрса, банктерді бұрын «лақтырмаған» («қара тізімге» кірмеген) болсаңыз, кепілхат аласыз. Бірақ дәл қазір 4 пайыздық автонесиеге бөлген 100 млрд теңге түгесілді. Сондықтан банктер енді револьверлік (яғни мен сияқты көлік алып, солардың ай сайын несиесінен түскен қаражат) жүйе арқылы несие беруді бастайды. Қолымдағы мәлімет бойынша, револьверлік жүйе 4 қазан күні ашылады деген болжам бар. Осы ақпаратты аңдып отырып, түске дейін ұйықтамай ерте тұрып, банкке жүгірсеңіз, жеңілдетілген пайызбен көлік алуға мүмкіндігіңіз едәуір артады.
4 пайызбен көлік алған тиімді ме?

Әрине, тиімді. Мәселен, мен маусым-шілде айында 4 пайыздан күдер үзіле бастағанда қарапайым автонесие береді деген банктердің бәріне бардым. Басқалармен салыстырғанда пайызы ең арзаны «БанкЦентКредит екен». Бірақ оның өзі оңып тұрған жоқ. Жылдық тиімді мөлшерлеме – 19,5%. Алатын көлігіңіздің он пайызын алғашқы жарна ретінде құю керек. Мәселен, 10 млн теңгеге көлік алсаңыз, 1 млн алғашқы жарна төлейсіз. қалған 9 млн теңгені 7 жылға бөлгенде, ай сайынғы төлем 229 мың теңгеден шықты. 84 айдағы үстеме (переплата) шамамен 10 миллион теңге. Демек бір көлік алып, екі көліктің құнын қайтарасыз. Бір сөзбен айтқанда, банк «қаныңды теспей сорады». Сондықтан «бәлесінен аулақ» деп тұра қаштым. Төрт айдан бері табанымнан тозып, жаяулатып жүргенім де сондықтан. Ал 4 пайызбен алсаңыз, ешқандай алғашқы жарна құймайсыз. Тек таңдаған көлігіңіздің бағасы 10 млн теңгеден жоғары болса, үстіндегі айырмашылықты ғана өз қалтаңыздан құясыз. Қалғанын банк береді. Ай сайынғы төлемі де анағұрлым арзан. Мәселен, 10 миллион теңгеге көлік алсаңыз, айына шамамен 130 мың теңге төлейсіз. 7 жылдағы үстеме – небәрі 1 миллион 400 мың теңге. Былайша айтқанда, көлік құнын 7 жылда бөліп төлейсіз. Оны ерте жауып тастау керек еді деп сары уайымға салынудың да қажеті жоқ. Жыл сайын теңгенің құлдырап, құнсызданып бара жатқанын ескерсек, 130 мың теңге деген ақша енді екі жылдан кейін «сабан» болып қалуы әбден мүмкін.

Енді стандартты автонесие алып айына 239 мың төлеген тиімді ме, әлде 4 пайызбен алып, айына 130 мың төлеген тиімді ме, оны өз қалтаңызға қарай көресіз.

Көлік кезегіңіз келіп, банктің мақұлдауымен шаруа бітпейді. Шапқылаудың көкесі осы кезде басталады екен. Салондағы менеджер көлігіңіздің құжаттарын қолтықтатып, АвтоХҚО-ға жібереді. Ол жерде мемлекеттік нөмір мен техпаспорт алуға шамамен 13 мың теңге төлеп, айналасы 90 минуттың ішінде су жаңа көлігіңізді өз атыңызға рәсімдейсіз. Ең қызығы, жеңілдікпен көлік алғандар барлық құжат рәсімдеу шаруасымен өзі жүгіруі тиіс. Жоғарыдағылар «онсыз да арзан пайызбен ақша бердік, бәріне өзің салпақта» деген қағиданы қатаң ұстанған сияқты. Ал стандартты автокредит рәсімдесеңіз, бұл шаруаның бәрін банктің курьері жасайды. Сіз шікірейіп, шырт түкіріп, тек көліктің кілтін алуға ғана барасыз.

Техпаспорт пен нөмір алғасын әлгі кепілхат берген банкке қайта барасыз. Ол жерден де бір бума қағазды алып, әкімшілік полицияға бару керек. Себебі несиеге алған көлігіңізді бұғатқа (арестке) қойдырасыз. «Несиені төлеп біткенше сатуға болмайды» деген бір жапырақ қағазды алу үшін
1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш – 3 180 теңге) төлейсіз. Көлікке бұғат қойылды деген анықтама үш жұмыс күні ішінде дайын болады екен. Бірақ ол жерде де делдалдар толып жүр. Мұртын майлап, сұрағанын қалтасына сүңгітіп жіберсеңіз, 15 минутта дайындап береді. Сонда 15 минутта жасалатын шаруаны не үшін үш жұмыс күні деп қиындатып жіберген? Әлде бұл ақша жасаудың тағы бір тың тәсілі ме?

Ең соңғы кезең – КАСКО. Енді алған көлігіңізді бір жылға сақтандыруыңыз керек. Бұл шамамен 120 мың теңге. Құдай бетін аулақ қылсын, тұлпарыңызға зақым келсе, КАСКО барлық шығынды өтеп береді. Міне, осы қиындықтар мен кедергілерді ерінбей өтіп шықсаңыз, армандаған темір тұлпар тақымыңызға тиеді. Шыдамдылық танытып, 3-4 ай жүгірсеңіз, 8-9 миллион теңге үнемдейсіз. Өйткені дәл қазіргі сәтте жүрілген көліктердің бағасы салондағы су жаңасынан да қымбат болып тұр. Оны пайызы жоғары несиемен алсаңыз, тіпті қалтаңызды қағады. Сондықтан асықпай жүріп, арбамен қоян алғанға не жетсін!

Диас Нұрақын,
медиа-сарапшы,
(4 пайызбен көлік алған
санаулы қазақтың бірі)
арнайы Jas qazaq үшін

30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге