jasqazaq.kz

Торғай өнерпаздары Елорда төрінде

15 ақпан, 12:49

Астана тұрғындары мен қала қонақтары көктемнің алғашқы күнін ерекше концертпен қарсы алғалы отыр. Дәлірек айтсақ, 1 наурыз – Алғыс айту күні Қостанай облысы Жангелдин ауданының өнерпаздары елордадағы Жастар сарайында «Торғайдан сәлем» атты мерекелік концерт бермек.


Жалпы, Торғайдағы өнер мектебі туралы сөз қозғағанда алдымен «Ғасырлар пернесі» ансамблі ойға оралады. Өнерлі ұжым 1974 жылы ұлтымыздың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің жанашырлығымен фольклорлық-этнографиялық ұлт-аспаптар ансамблі болып құрылды. Ансамбль заманында киелі Торғайдың даңқын асқақтатты. Жергілікті ақындар мен сазгерлердің шығармаларын насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Бұрынғы одақ көлемін былай қойғанда, бірқатар шет мемлекеттерді аралап қазақтың ән-күйін паш етті. Шартарапқа даңқы жайылды. Қазақтың сан ғасырдан жеткен сары алтындай саф өнерін насихаттауда талай белесті бағындырды. Халық ансамблі атағын иеленді.


Бүгінде ансамбль ұжымы жаңарған, жасарған. Жаңаша леп, ерекше серпін бар. 2023 жылдан бері өнерлі ұжымға талантты жас Алмас Сейілхан жетекшілік етіп келеді. Репертуары бай әрі байсалды. Ансамбльдің орйндауындағы «Қыз қайың», «Ел айырылған» сияқты халық күйлері, Қазанғаптың «Ақжелеңі», Құрманғазының «Қызыл қайың Серпері», «Сарыкөл Самары» және «Саранжапы», Бақтыбайдың «Бақтыбайдың әуені», Төлеген Момбековтің «Бозінгені», Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі», Нұрғиса Тілендиевтің «Аңсауы», Жамағат Темірғалиевтің «Бабалар үні», Владимир Питерцевтің «Абай толғауы», Марат Бердіқұловтың «Дәуір дастан» мен «Ақ сауыты» музыка мамандарының жоғары бағасын алған.
Ансамбль солистерінің орындауындағы «Сәулем-ай», «Ақ баян», «Ғазиза гүл» секілді халық әндері мен Нұрғиса Тілендиевтің, Болат Хамзиннің, Ескендір Хасенғалиевтің, Қалибек Дербісалдиннің және Ермұрат Үсеновтің шығармаларын көрерменнің қосыла шырқауы әдетке айналған.
Былтыр Торғай халқы ансамбльдің 50 жылдығын салтанатты жағдайда атап өтті. Сол мерейтойда өнер ұжымына туған Торғайын ән-жырына қосып өткен белгілі айтыскер, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің есімін беру туралы бастама көтерілген болатын. Бұл ұсыныс Торғай жұртшылығы тарапынан қызу қолдау тауып, жуырда ғана аудан басшылығының шешімімен ансамбльге халық ақынының есімі берілгені туралы сүйінші хабар жетті. Осылайша 1 наурызда өтетін мерекелік концертте іргелі өнер ұжымы Қонысбай Әбіл атындағы «Ғасырлар пернесі» халық ансамблі деген атпен өнер көрсетпек. Сонымен бірге мерекелік концертте ардагер өнерпаздар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Бақытжан Сәуекенов пен жезтаңдай әнші Бақыткүл Ахатова сахнаға шығады.


Осы жерде өткен жыл торғайлық өнерпаздар үшін жемісті болғанын атап өту керек секілді. Олай дейтініміз, былтыр Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің «Еркеназ» би ансамблі мен «Сиқырлы театр» драмалық ұжымына «үлгілі» атағы берілді. Негізінен қазақтың халық билерін насихаттайтын «Еркеназ» ансамблінің репертуарында шығыс халықтары мен орыс, украин билері де бар. Этноансамбльмен заманауи нақышта өңделген күйлердің ырғағымен қазақ билерін түрлендіріп жүр. Сәтін салса, алдағы концертте «Еркеназ» «үлгілі» би ансамблі де елорданың талғамы биік көрерменін Тәңір берген тәтті өнерімен тәнті етеді деген сенімдеміз.
Бұдан бөлек Торғай халқы үшін «Балқадиша» жетігеншілер тобы жаңалық болғанын бөліп айту керек. DaNas шығармашылық орталығының жанынан құрылған өнерлі ұжымға Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің түлегі, талантты жас Перизат Қалабайқызы жетекшілік жасайды. Мектеп оқушыларынан құралған өнерлі ұжым қазақтың халық әндерін заманауи мәнерде жеткізуімен ерекшеленіп жүр.
Сонымен қатар, мерекелік концертте астаналықтар үшін бірнеше облыстық, республикалық байқаулардың лауреаттары Жоламановтар отбасылық ансамблі, әншілер Фариза Бүркітбай, Байдос Қожасағиев, Жәуке Оңдаған, Дилара Қарекенова, Талғат Сапабеков, Серікболсын Әбікенов, Мирас Әбдікәрім және Асхат пен Дидар, Қанат пен Әсем дуэттері өнер көрсетеді.
– Торғайлық өнерпаздар мұндай үлкен құраммен республика көлемінде концерт бермегелі көп болыпты, – дейді Жангелдин ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабай. – Бүгінде аудандағы өнер ұжымдарында жақсы жаңалық көп. Өнерпаздарымыздың дені жастар. Сол себепті бұл мерекелік концертті есептік концерт деуге де болады.
Концертімізді «Торғайдан сәлем» деп бекер атағанымыз жоқ. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков 1948 жылы Қостанайда өткен ауылшаруашылығы көрмесінде өзінің атақты «Торғайдан сәлемін» жолдағаны белгілі. Біз де Астана-байтағымызға киелі Торғайдың сәлемін жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғағымыз келді. Концертіміз Байдос Қожасағиевтің орындауында «Торғайдан сәлеммен» ашылады.
Алғыс айту күнінде Торғай өнерпаздарының концертін бірге тамашалайық.

Мұхарбек Жәкейұлы,
журналист

Бүгін, 10:47
Үлгі бойынша демократия: Неліктен батыс рейтингтерін объективті деп тануға болмайды?
14 шiлде, 18:13
Түркістан: Түлкібаста кәсіпкер экотуризмді дамытуға арналған жобаға кірісті
14 шiлде, 18:10
Түркістан: Саурандағы өндірістік аймақтардың жұмысы сараланды
14 шiлде, 18:06
Түркістан: Отырарда кәсіпкерлердің өтініші тыңдалды
14 шiлде, 18:02
Түркістан: Сайрам ауданында бес айда жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 млрд теңгеге жетті
14 шiлде, 11:02
Түркістан: Ордабасыда кілем тоқу және алюминий өнімдерін өндіретін зауыт ашылады
14 шiлде, 11:00
Түркістан: Өңдеу өнеркәсібін дамытуға арналған жобалар көбейді
14 шiлде, 10:58
Түркістан: 32 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді
12 шiлде, 20:07
Әлібек Жұрхабаев: Мықты байланыс – суицидке апаратын жолды кесетін басты кедергі