Ақтөбеде трансформатор қоршауының ішінде ойнап жүріп, тоққа түскен жасөспірімге тері алмастыру операциясы жасалды. Жоғары кернеулі тоқ соққан 14 жастағы Роман Андреев 20 күн бойы облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатты. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Денесінің 20 пайызын күйік шалған науқасқа аутодермопластика операциясы сәтті жасалып, беті бері қарады. Романның қасында болған тағы бір жасөспірім жеңіл жарақат алып, үйінде ем қабылдап жатыр. «Энергожүйе» мекемесі мамандарының айтуынша, балалар қоршауды өздері ашып кірген. Жалпы жыл басынан бері күйікпен түскен 10 жеткіншекке осындай операция жасалған. Талғат Артықбаев, дәрігер-комбустиолог: – Кеудесі, қолы, аяқтарын тоқ шарпып өткен. Ең үлкен күйік көкірек торының оң жағында және жамбас тұсында. Сол жараларға ота жасалды. Ота өте ауыр және шамамен 4 сағаттай болды. Күйген жерлерге өз денесінен аутодермопластика жасалды, тері отырғызылды. Барлығы жақсы болады деп ойлаймыз. Қалған жерлері жазылып келеді.