Той табылар, жан табылмайды

10 шiлде 2020, 11:31

Бір көршім бар. Бүкіл елге болмаса да, жарты Алматыға белгілі асаба. Карантин басталғалы үйінен шықпай қалған. Өткен аптада көгілдір кәстөм-шалбарын киіп алып, көлігіне мініп жатыр екен.

– Мәке, жол болсын! Қайда бет алдың? – деп амандастым.
– Құдайға шүкір, той-томалаққа қайтадан шыға бастадық. Үш ай үйде жатып әбден ішім пысып, қалтамыз да қағылып қалып еді, – деп көлігін оталдырды.
– Карантин жарияланып, той-томалақты шектеп жатқан жоқ па? – деймін.
– Қашанғы карантин бола береді? Қазақ бар жерде той бар. Оның үстіне, «Той құдайдың қазынасы» деген. Тойда вирус жұқпайды, – деп құдайы көршім азу тісін ақситып тұрып күлсін.
– Мына вирус адам таңдамай тұр. Той жасаған адамға да, қуанышқа барғандарға да айыппұл салынады бұдан былай. Абайлаңыз! – деп қоштастым.

Сол күні кешке әлгі асаба көршімнің әйелі үйге келіп мақтансын. «Құдайға шүкір, той-томалағымыз қайта басталып жатыр. Отыз-қырық адамға үйінің ауласында құдалық, беташар сияқты шағын қуаныш дастарханын өткізуге рұқсат бар екен. Мәкең соны басқарып жүр», – деп кетті.

Карантин кезінде той өткізгендерді ғаламтордан ғана көріп жүрсек, ондайлар біз ойлағаннан да көп екен. Мәселен, менің мына құдай қосқан көршім бір өзі аптасына сондай «ұрлық» тойдың екі-үшеуіне барып жүр. Ал Алматыда қанша асаба бар? Есептей беріңіз…

Дәл қазіргі жағдай той тойлап, құдалық өткізетін, келін түсіріп, беташар жасайтын уақыт емес. Қазақта «Жан – олжа» дейтін сөз бар. Бұрын түсінбейтінбіз. Сөйтсек, ақша да, дүние-мүлік те әдірам қалатын, адам жанын сақтап қалу ғана олжа болатын осындай қиын кездерде айтылған сөз екен-ау! Кеңесжан Шалқаров деген ақын өткен өмірден. Әкелері ағайынды Айдын мен Шалқар патша өкіметіне оқ атып, Шәкәрімнің тұңғышы Ахатты алып, Қытай асып кеткен батырлар. Сол Кеңесжан аға көзі тірісінде айтатын: «Әкелерім Қытай асқанда, Шиң үкіметі шекара бойын күзетуге қойған моңғолдарда оба деген індет таралып, жаппай қырылып жатыпты. Өліктерден аяқ алып жүру қиын. Тіпті кейбір моңғолдардың түндігі ашылмай, үй ішімен түгел қырылып қалған. Менің әкелерім сондай қиын кезде арғы бетке өтеді. Артында өкшелеп қуған қызыл әскер, алдында – індет. Содан әкелерім ауылын дерттен қырып алмау үшін көктемге дейін бір сайдан шығармай, бала-шағаны киіз үйге қамап ұстапты. Тіпті ары-бері жүрген жолаушыны ауылға кіргізбей, ел шетінен қайтарып отырыпты. Содан күн жылынып, мәйіттерді өртеп залалсыздандырған соң ғана Шәуешек жаққа өтіп қоныстанған екен», – дейтін.

Дәл қазір де сондай жағдай. Құдайға шүкір, бір сайға қамалып отырған жоқпыз. Киіз үйде де отырмаймыз. Бірақ тәртіпке бағынып, той-томалақты уақытша қойып, дерттің бұдан ары таралуының алдын алған абзал. Жан тірі болса, той табылады.

Естеріңізде болса, өткен аптада ғана Қызылордада біреу келін түсіріп, тойға 150 адам шақырыпты. Бір аптадан кейін әлгі қонақтардың бәрі ауырған. Сол 150 адаммен тынса жақсы ғой. Олардың әрқайсысы бірнеше адамға жұқтырғанын ойласаңыз, бұл санның одан да артуы анық әңгіме.
Қазақстанның Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев елді жайлаған індетке қарсы тұрудың жалғыз амалы әзірге той өткізбеу екенін айтты. Батыр ағамыз «Той табылады. Індетті сөзбен емес, тірлікпен жеңейік. Дәрігерлерге көмектесейік. Тәртіпті өзімізден бастайық» деп ел-жұртты тәртіпке шақырды.

Иә, ел аман, жұрт тыныш болса, той табылады. Әлі-ақ алыс-жақындағы ағайынның басын қосып, келін түсіріп, беташар, сүндет той жасап, бүл күнді де ұмытамыз. Тек соған дейін шыдамды болайық! Мына жағдайда үйден шықпай, сабырлы болудың өзі ерлік! Көзге көрінбейтін вируспен күресу үшін көзге көрінбейтін күрес жүргізу – дәл қазір ең тиімді амал болып тұр.

Жарас ШӨКЕ

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген