Бүгінде еліміздегі «Жастар ресурстық орталықтары» жастар саясатын жүзеге асыруда үлес қосып келеді. Олар мемлекетімізді дамытуға, сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына да ықпал етуде. Jasqazaq.kz тілшісі Алматы облысы Кеген аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Тоғжан Біржансалмен сұхбаттасып, орталық жұмысымен танысты.
— Тоғжан Қанатқызы, Кеген аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қашан құрылды және оның негізгі мақсат-міндеттері қандай?
— Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында Кеген ауданының «Жастар ресурстық орталығы» 2019 жылдың 24 мамырында құрылған болатын. Орталықта жетекшінің басқаруымен 2 маман, 1 психолог маман жұмыс істейді.
14 пен 35 жас аралығындағы жастармен келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргіземіз: еріктілер қозғалысын дамыту, жастар бастамаларын қолдау, NEET санатындағы жастармен жұмыс, құқықтық көмек көрсету, талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыс және тағы басқалар.
Кеген ауданының «Жастар ресурстық орталығы» құрылған сәттен бастап орталық волонтерлік қызметті өрістету мен жастар арасында әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастырумен айналысып келеді.
Сонымен қатар орталық жанынан «Бақыт» жас отбасылар клубы құрылып, тұрақты түрде семинар-тренингтар өткізілуде.
Айта кетейік, биыл Кеген ауданында «Жастар ресурстық орталығының» заманауи ғимараты бой көтерді. 23 ақпанда өткізілген орталықтың ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Ел болашағын жарқын етуде жастардың үлесі зор. Бір сөзбен айтқанда, жастар – қоғамның қозғаушы күші. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жас ұрпақ өз елінің даму жолында аянбай тер төгеді. Сондықтан жастардың қоғамдық ой-санасын жетілдіру, шығармашылық әлеуетін арттыру жолында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» алар орны ерекше.
— Жастарды тұрақты жұмыспен қамту, сондай-ақ NEET санатындағы жастар санын қысқарту бағытында қандай шаруалар қолға алынды?
— NEET санатындағы жұ¬мыс¬сыз жастармен тіке¬лей жұмыс жүргізу – маңызды міндеттеріміздің бірі. Биыл жұмыспен қамту орталығы мен кәсіпкерлік бөлімінің мамандарымен бірлесіп, 12 ауылдық округті аралап, мемлекеттік бағдарламалар туралы жастарға түсіндірме жұмыстарын жүр-гізілді. Сон¬дай-ақ әртүрлі форматта шаралар мен кездесулер өткізілуде. Аудан бойынша 506 NEET санатындағы жас тіркелген. Дегенмен тексере келе, олардың көбі олардың көбі ауданда тұрақты тұрмайтын болып шықты. Арасында өзін-өзі жұмыспен қамтитындар да бар екен.
— Қазір елімізде жастардың өз кәсібін ашуға бағытталған бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Кеген жастарына мемлекеттік бағдарламаларды таныстыру қалай жүргізілуде?
— Таулы өңірімізде 9821 жас бар. Аудан халқының үштен бірін жастар құрайды. Мемлекет тарапынан жастарға әрқашан қолдау көрсетіліп келеді. Міне, жастарға мемлекеттік бағдарламалар туралы айтылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде «Бастау бизнес» жобасына 21 жас қатысып, 2 жас грант алды. 92 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орнына 6, жастар практикасына – 39, қоғамдық жұмысқа – 62, алғашқы жұмыс орнына 7 жас жіберілді. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 105 адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ 52 маманға көтерме жәрдемақы төленсе, 47 маманға тұрғын үй алу үшін несие берілді.
Аудан жастарының басым көпшілігі кәсіптің нәсібін көріп келеді. «Жас проджект» жобасы бойынша өткен жылы үш адам қайтарымсыз 1 млн теңгенің грант иегері атанып, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 12 жас грант иегері атанып, өз жұмысын жалғастыруда.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы