Тоқтағұл және қазақтар

05 желтоқсан 2016, 11:05

Қырғыз әдебиетінің тарихында екі Тоқтағұл бар. Алғашқысы – ХІV ғасырда өмір сүрген Тоқтағұл Сайдалыұлы. Оның туған жылы да, өлген жылы да белгісіз. Көрші ел әдебиетінің тарихын түзушілер оны шамамен Алтын орданың ханы Жәнібектің тұсында ғұмыр кешкен деп санайды.

Бұл Тоқтағұлдан қалған мұраның көлемі біршама. Қырғыз рухының бір баламасы саналатын төкпе ырчының өлеңдері былайша өріледі:

Жалпы журтта сайраган,
Булбул элем Токтогул,
Чарчабаган аргымак,
Дулдул элем Токтогул.
Тартынбаган ар иште,
Кургур элем Токтогул,
Качырганын кайсаган,
Тунжур элем Токтогул.
Толубайга жап-жакын,
Тууган элем Токтогул,
Топту бузып туу жыккан,
Будан элем Токтогул.

zhambyl-men-toktagul

Қырғыздың өткен замандағы жақсылары мен жайсаңдары туралы сөз қозғалғанда айтылатын, бүгінде мәтелге айналып кеткен «Токтогулдай ырчыны айт, Толубайдай сынчыны айт» деген екі ауыз өлең жолы қырғыздың «көмейіне бозторғай ұя салған» (Өтеген Оралбайұлы) қос Тоқтағұлының үлкеніне арналған.
Туғанына 150 жыл толуы осыдан екі жыл бұрын атап өтілген кіші Тоқтағұл – Тоқтағұл Сатылғановтың тек қырғыз әдебиетіндегі ғана емес, бүкіл түркі халықтарының рухани әлеміндегі орны бөлек.
Біз 1978 жылы Ленинградта 25 мың данамен басылған «Поэты Казахстана» атты ақындық антологиямызды Мұхтар Мағауиннің арқасында арғы дәуірдегі Қазтуғаннан бастадық. Ал Қамбаралы Бобуловтың алғы сөзімен шыққан қырғыз бауырларымыздың «Поэты Киргизии» антологиясы осы Тоқтағұлдан бастау алады.
Тоқтағұл Сатылғанов 1864 жылдың күзінде, кейбір деректер бойынша, тіпті дәлірек, 25 қазанда, Кетментөбе алабының Күччу Суу деген ауылында, Саз жиде деген қыстауда туыпты. Мұның алдында шаңырақта бала тұрмаған соң атын Тоқтағұл деп қойыпты. Ақындық өнер оған шешесі Бұрмадан дарыған көрінеді. Ырчылық жолын айтыстан бастаған Тоқтағұл 1882 жылы Кетментөбенің манабы Диқанбай Рысқұлбековтің маңында жүретін сарай ақыны Арзыматпен айтысып, оны қиналмай жеңеді.
1898 жылы әйгілі Әндіжан көтерілісінен кейін ақынға бүлікті ұйымдастырды деген жала жабылып, Сібірге айдалады. Содан 12 жылдан соң елге оралады. Ақынмен бірге сотталған Болат Жыртақовтың естеліктеріне сүйенсек, олар Әндіжан түрмесінен шығып, Красноводскіге, Мәскеуге, Иркутскіге барған. Сондықтан оның өлеңдерінің көбі қапасқа қамалған тұтқынның көңіл-күйін танытады:

Кетмен-Төбө жериме,
Барып өлсөм арман жок.
Керимбайдан кегимди,
Алып өлсем арман жок.
Агайын тууган элимди,
Көрүп өлсөм арман жок,
Амандык сурап колумду,
Берип өлсөм арман жок, –

дейді Тоқтағұл. Қырғыздың әдебиетші ғалымдарына кейін мемлекеттік сыйлық алып берген, 2012 жылы жарық көрген тоғыз томдық «Қырғыз адабияты тарыхының» бесінші томында мынадай дерек ұсынылған. Тоқтағұл туралы монографиялық тарау жазған Батма Кебекова ақынның түрмеден қайтып келе жатып қазақтар арасында болғанын, оның бауырлас халыққа разылықпен аттанғанын баяндайды. «Сонда жазған «Қазақ жерінде» деген өлеңінде Сүлеймен, Ахмет, Әбітай деген қазақтардың атын атайды», – дейді қырғыз ғалымы.

26849-4920e2ba81f92ceff6187a0a876be486
Ал енді осы мәліметтің толықтау және дәлірек нұсқасын Ахмет Мусиновтің 1974 жылы шыққан «Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары» атты монографиясынан кездестіреміз. Қазақ ғалымының мұрағаттан алған дерегі бойынша, Тоқтағұл Сібірден қайтып келе жатып, Қарқаралыға аялдап, Ұзақбай деген кісінің үйіне түседі. Сүлеймен, Сабытай, Сәрсенбай, Жәкетбай деген қарқаралылық қазақтармен дастарқандас болады. Одан әрі Сәрсенбай Тоқтағұлды үйіне алып кетіп, бір ай бойы қонақ қылады. Сөйтіп, ақын еліне әбден тынығып аттанады. Сол сапарда Тоқтағұл үнемі жырлаумен болыпты. «Қазақ жерінде» деген ұзақ өлеңі де осы мезгілде шығарылыпты. Бұл өлеңнің әдепкі нұсқасы 1200 жолдай болған көрінеді. Бүгінгі күнге азғантай бөлігі ғана жеткен. «Салам айтып турамын, Бир туган казак калкына» деп басталатын Токтағұл жырында ақынның өз болмысы толық көрініс тапқан:

Бир кезекте мен дагы,
Комузды тилге келтирген
Коргошундай жан элем,
Буралган кырчын тал элем.
Түптүү калктын тили элем,
Топ жыйындын гүлү элем.

Бұл әңгіменің бәрі Қарқаралының қазағы Ұзақбайдан жазып алынып, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында Қырғыз ССР-інің қолжазба қорына тапсырылған.
Ахмет Мусинов ұсынған тағы бір дерек мынау. Тоқтағұл Сатылғанов Омбы түрмесінде Оспан деген қазақ жігітімен екі жыл бірге отырады. Оспан орысша таза сөйлейтін білімдар адам болыпты. Ол Тоқтағұлдың біраз өлеңдерін орысшаға аударған. Жазалаушылар Оспанды түрмеде өлтірген. Осыған орай Тоқтағұлдың «Менің досым Оспанға» деген өлеңі бар. Бұл өлеңнің қырғызша нұсқасы да, кеңестік дәуірдегі үздік аудармашылардың бірі Рувим Моран аударған орысша нұсқасы да сақталған. Тоқтағұл өлеңінен Оспанның Оралдың қазағы екені, оны түрме бастығы өлтіргені, ақынның досын өз қолымен көмгені жөнінде мәлімет аламыз. Негізінен, татар поэзиясын тәржімалауға маманданған Рувим Моран Тоқтағұлдың «Қазақ жерінде» деген өлеңін де орысшаға өзі аударыпты.

toktogulstylganov
Мырзатай Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты кітабында Жамбыл мен Тоқтағұлдың кездесуі туралы Үмбетәлі Кәрібаевтың өз аузынан айтқан әңгімесін ұсынады. 1912 жылдар шамасында, қырғыз жерінде атақты Шәбден манапқа ас беріліп, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі бәрі сонда барады. Сол жерде Сібірден оралған Тоқтағұлды көрген Жамбыл: «Келдің бе ақиығым алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып асқар белден. Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген, Хан төре айналмай ма сендей ерден», – депті. Сондай-ақ Тоқтағұлға ішін бере қоймаған қырғыз ағайындарға: «Тұлпарды тұлпар таниды, Ертеңнен шапса талмайтын. Сұңқарды сұңқар таниды, Қанаты талмай самғайтын. Ақынды ақын таниды, Сөз қадірін аңдайтын», – деп наз айтыпты. Сонда Тоқтағұл: «Қазақта Жамбыл сен едің, Шалқып жатқан көл едің, Алатаудан арқырап, Тасып жатқан сел едің, Тоқтағұлың мен едім, Қай қырғыздан кем едім?», – деп жауап берген көрінеді. Үмбетәлі Кәрібаевтың айтуы бойынша, Жамбыл бәйгеде жеңіп алған зерлі шапанын Тоқтағұлға сыйға тартқан. Қырғыз ақыны өзіне сыйға берілген 500 сом ақшаны Жамбылға ұсыныпты. Жамбыл ақшаның азғантай бөлігін ғана алып, қалғанын қиындық көріп жүрген ақынның өзіне қайтарып беріпті.
«Алатау, туып-өстім алабыңда, Жетісу желі жұпар самалында. Атанып әнші ақын еркеледім, Сауықшыл қырғызым мен қазағымда» деп жырлаған Кенен атамыз да «Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы, Еліктіріп әкетті жырыменен» деп көрші ел әдебиетінің алыбын үнемін жоғары бағалаған.

img_1075-medium
Тоқтағұлдың әйгілі «Замана» толғауы өз еліндегі заманчы ырчылар мен біздің зар заман ақындарының шығармаларынан біршама үндестік табады. Қырғыз ақыны «Ажыдардай залимге арбатканың замана, Ач бүркүткө түлкүдөй алдыргансың замана» деп, өз дәуірінің сипатын анық аңғартты. Бұл туралы Медина Богданованың Мәскеуде жарық көрген «Тоқтағұл Сатылғанов» атты монографиясында жан-жақты айтылды. Ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы 1940 және 1958 жылдары Мәскеуде басылып шықты.
Бүгінде күллі қырғыздың рухани қазынасына айналған «Насылхан», «Бақты қыз», «Күлипа», «Эрке сары», «Дүнүйө», «Аккан суу», «Насыят», «Санат», «Үлгүлүү ырдар» «Ой бұлбұл», «Кедейхан», «Бес қабан», «Алымхан» және басқа шығармаларды өмірге әкелген қырғыз поэзиясының алыбы кеңестік дәуірде де аса танымал болды. Ақының аты М.Калинин мен А.Фадеевтің баяндамалары мен мақалаларынан түскен жоқ. Оны есімімен аудан, ауыл, мектеп, мемлекеттік сыйлық басқа да толып жатқан нысандар аталды. Фильм түсірілді, қырғыздың ұлттық валютасына бейнесі басылды. Бүкіл дүние жүзінде ақынның атымен аталған жалғыз-ақ су электр стансасы бар. Ол – әйгілі Тоқтағұл ГЭС-і. Бұл Тоқтағұлдың ақындық биіктен адамзаттық биікке әлдеқашан шығып кеткенін көрсетеді. Ал «Шешен сөзді қырғызда, Бас бәйгені бермеген, Сәйгүлік едім өрлеген» деп жырлаған оның өзіне туған халқы «Ақтаңдай» деген ат берген. Қырғыздар Кетментөбені ақындықтың Меккесіндей, Сазжидені Абайдың Жидебайындай құрметтейді.
Қырғыз бен қазаққа ортақ Алатаудың ақтаңдайы, залқар ақын, шоң ырчы Тоқтағұлдың мұрасы ғасырдан ғасырға ұласа бермек.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала