jasqazaq.kz

Тіршілік нәрі судың нарқы қашанда қымбат

Бүгін, 16:07

Еліміз суының қоры жөнінен әлемде тіршілік нәріне зәру елдердің қатарында саналады. Өйткені бізде су көздерінің қайнары трансшекаралық өзендер. Ресейден, Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келетін өзендердің суымен жан бағып отырған дихандар үшін су қоймаларының ернеуінен асып толуы – мол өнім алудың кепілі.

Географиялық орналасуы табиғи су қорының аздығын көрсететін елімізде алдағы жылдары суға деген тапшылық қатты сезілуі мүмкін. Мұны тіпті Мемлекет басшысы да көтеріп, су саласындағы дипломатияны нығайтып, тіршілік қорын сақтайтын суқоймаларды жаңартып, жаңғыртуды жүктеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға қатысты бірқатар тапсырма беріп, тиісті ведомствоға міндеттеме артқан болатын. Осыған орай арнайы тұжырымдама бекітіліп, 20230 жылға қарай елімізде жаңадан 42 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек кәдеге жарап тұрған 37 су қоймасы мен 110 құрылысжайды қайта реконструкциядан өткізу міндеті жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар ұзындығы 14,5 мың шақырым каналды жаңғыртып, 557 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспары тұр. Министрлік былтыр 147 инфрақұрылымдық жобаны қолға алып, бір жыл ішінде 53 жобаның жұмысы толық аяқталған. Оның ішінде 677 шақырым ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмысы аяқталған. 4 су қоймасы реконструкциядан өткізілсе, 15 топтық су құбыры салынды. Бұдан бөлек 3 құрылысжайды қайта жарақтандыру аяқталған.

Еліміздің территориясынан көктей ағатын өзендердің басым көпшілігінің басы көршілес елдерден бастау алады. Көктемгі қар суын да бөгеп, суқоймалардағы тіршілік нәрінің қорына толтырудың маңызы жоғары. Әсіресе оңтүстік аймақтарда диқандар судан жиі тапшылық көріп, өнім алуда қиындыққа тап болып жатады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде бірқатар су қоймаларында жөндеу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда Түркістан облысында екі бірдей суқойманың құрылысы жүргізілуде. Сиымдылығы 69,1 млн текше метр болатын суқоймаларының құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Межелі уақытында қолданысқа берілсе, жер емген шаруалар тіршілік көзінен таршылық көрмейді. Бұдан бөлек тағы 5 су қоймасын салу үшін жобасы әзірленіп жатыр.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов бірқатар суқоймаларын жаңғырту бағытында атқарылған, жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталды.

– Биыл 8 су қоймасын реконструкциялау мақсатында жобалары әзірленеді. Бұл ауқымды жоба жүзеге асса, еліміздің бірнеше облысындағы ескіріп, тозығы жеткен суқоймалар заманға сай жаңартылады. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысындағы Сарышаған мен Шаған, Қызылорда облысында орналасқан Жиделі, Қостанай облысына қарасты Жоғары Тобыл, Қаратомар және Амангелді, Түркістан облысындағы Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облысының Шарық суқоймалары бар. Бұдан басқа былтыр Абай облысындағы Шар, Жетісу облысындағы Қызылағаш, Қостанай облысындағы Албарбөгет су қоймалары мен бөгетін қайта жарақтандыру жұмысы аяқталып, ел игілігін көріп отыр. Тұжырымдамада бекітілген жоспарды іске асыру мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкінен алынған қаражатқа 59 жоба қолға алынды. Оның ішінде былтырғы жылдың соңына дейін 46-сы аяқталса, қалғаны биыл жыл аяғына дейін жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде еліміздегі каналдардың 717 мың шақырымына реконструкциялау жүргізіліп, жаңғыртылады, – деді Е.Мақсұтханұлы. Вице-министрдің мәлімдеуінше ысырапсыз жұмсалып, тиімді үнемдеудің арқасында артылған қаражатқа алдағы уақытта Жамбыл облысындағы 31 каналды бетондап, кетігін жамау жоспарланып отыр. Егер бұл жоба жүзеге асырылса өңірде ұзындығы 170 шақырым каналға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда облыстағы бетоннан құйылған каналдардың үлесі 51 пайыздан 77 пайызға жетеді.

Елімізде су шаруашылығын өрістетіп, дамыту мақсатында инвестиция тартуды маңызы жоғары. Былтыр министрлік Ислам даму банкімен әріптестік орнатып, меморандум жасасудың нәтижесінде қомақты қаржы көзі тартылды. Осы қаражат есебінен 9 жоба жүзеге асырылып, 1 жобаның жұмысы аяқталған. Игі бастама толыққанды жүзеге асырылғанда жалпы ұзындығы 635 мың шақырым каналға реконструкция жұмысы жүргізіледі. Былтыр Ислам даму банкі берген қаражат есебінен суармалы жерлердің мелиоративтік ахуалын нығайту мақсатында 3 өңірде 8 жоба қолданысқа енгізілсе, биыл тағы 3 жоба толық аяқталады. Инвестиция тарту демекші, Дүниежүзілік банктен қаржы алу арқылы келешекте Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтып, сонымен бірге Арал-Сырдария бассейнінің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жүзеге асырылмақ. Жоба үйлестіру кеңесінің қаралымынан өтсе, 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Мұның біздің елге тигізер пайдасы орасан. Ең әуелі 2,6 млрд текше метр көлемде еріген қар суы мен көктемгі тасқынның суын сақтауға мүмкіндік туады. Соның нәтижесінде тусырап жатқан 295 мың гектар суармалы жер айналымға еніп, дихандардың игілігіне беріледі. Мұның стратегиялық салмағы да ауыр. Өйткені көршілес елдерден келетін суға тәуелділік 15 пайызға төмендейді. Ирригациялық каналдардағы судың азаюы 47 пайыздан 35 пайызға азаяды.

– Су тапшылығы жазға салым қатты байқалады. Әсіресе оңтүстік облыстардағы диқандардың да басты уайымы осы су. Біз де жылдан-жылға кәсібімізді ұлғайтып, егістік көлемін арттыруға суармалы жерлердің тапшылығы қолбайлау болып отыр. Егер бұрынғы суқоймаларды қалпына келтіріп, каналдардың, тоған, арналардың өзегін тазалап, дала төсіне су жіберілсе, еккен дәнімізден мол өнім алатын еді. Бұл ең алдымен мемлекетіміз үшін пайдалы. Себебі өнімі көбейген дихандар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға өзіндік үлесін қосар еді, – дейді Түркістан облысы, Отырар ауданының тұрғыны Қонысбек Арыстанұлы.

Көктемгі қызыл судың әуресін бірнеше облыстың тұрғындары тартып жүр. Министрліктің мәліметінше алты өңірде 2024 жылғы тасқынның зардабы тиген 57 гидротехникалық құрылысжайды қалпына келтіріп, қайта жөндеу жүргізілген. Жоспарға сәйкес 242,9 шақырым қорғаныш дамбалары салынып, аумағы нығайтылған. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде Ақмола облысындағы Қалқұтан мен Жабай өзендерінің арналарын тазалап, табанын тереңдету қарқынды жүргізілді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Прибрежное, Тепличное, Бескөл мен Кожевенный ауылдарының іргесіндегі қорғаныш бөгеттері де бетондалып бекіді. Бұл 84 елді мекендегі 500 мыңнан астам тұрғыны бар аумақтарда су басу қаупі айтарлықтай азайғанын аңғартады.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту жолындағы жүктелген тапсырма, мойынға артылған міндет мерзімінде жүзеге асырылса, көптеген түйткілдің түйіні оңай тарқатылары сөзсіз.

Қуан Көшек

 

Бүгін, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
Бүгін, 16:07
Тіршілік нәрі судың нарқы қашанда қымбат
12 наурыз, 15:28
Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
11 наурыз, 12:19
«Таза Қазақстан» акциясы биыл өз жалғасын таппақ
10 наурыз, 15:21
Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді - вице-министр
05 наурыз, 16:08
Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы дайындық шаралары күшейтілді
18 ақпан, 13:05
Жаңа Конституция: Ресурстық экономикадан – Интеллектуалдық модельге
13 ақпан, 17:46
Жасанды интеллектіге кәміл сенуге бола ма?
04 ақпан, 14:17
Бала - ерлі-зайыптының кек алу құралы емес