Мамыр айы аяқталарда «терроризмді насихаттады» деген күдікпен Алматыда екі шетелдік азамат ұсталды. ҰҚК мәліметі бойынша, олар ұзақ уақыт шетелде өмір сүріп, радикалды діни идеологияға тартылған. Біздің елімізге биыл келіпті. Тұрақты жұмыс істемеген. Әлбетте, қазір тергеу жүріп жатқандықтан, өзге ақпарат жария етілмейді. Дегенмен радикалды дінге тартылғандардың елімізге қандай мақсатпен келгенін аңғару қиын емес.
Соңғы жылдары «діни экстремизм, радикалды жат ағымдар» туралы жиі естиміз, бірақ бұлар туралы не білеміз? Экстремистік діни ұйымдарды қалай ажыратамыз? Оларға тойтарыс беру үшін елімізде, оның ішінде Алматы сияқты үлкен мегаполисте қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және басқа да сауалдарды jasqazaq.kz «IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығының төрағасы, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі (РАТТ), Теология phd докторанты Тимур Нүсіпханға қойды.
«Діни экстремизм — дінді түсінбей, діннің асыл сеніміне, құндылықтарына қарсы шыққан топтарға берілетін атау, — деп түсіндірді Тимур Нүсіпхан. — Діни экстремистік топтар — діннің ішінен бөлінген, бүлік шығарушы топтар деген сөз. Бұлар қоғамға, өз дініне, өмір сүретін ортасына орасан зиян тигізеді. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, бір-бірінен айырмашылығы болады».
Бүгінгі жаһандану заманында, әлеуметтік желінің көмегімен діни экстремистік топқа тек ислам атын жамылған топтарды жатқызу, яғни «исламофобия», исламды құбыжық ретінде көрсету үрдісі кең етек жайды. Тимур Нүсіпхан айтқандай, әр діннің ішінен неше түрлі топтар бөлініп шығады. Оларды діни секталар, діни жамағаттар деп атайды. «Сондықтан ең алдымен діни топтарды ажыратып, олардан сақтанудың жолдарын қарастыру қажет. Ол үшін біз бірінші кезекте дінді білуіміз керек», — дейді ол.
Сонда діни экстремистік топтарды қалай ажыратамыз? Бұл сауалға теолог-ғалымның жауабы мынадай: «Біз өзіміздің дәстүрлі діни бағытты ұстануымыз керек. Дәстүрлі бағытта білімді болсақ, діни экстремистік топтарды ажырата аламыз. Мысалы, христиан дінінде православ, католик бағыты бар. Біздегі христиандардың басым бөлігі православ бағытын ұстанады. Осыларды ажырата алсақ, одан бөлініп шыққан протестанттық топтардағы түрлі ағымдарды танимыз. Біз кез келген діни ұйымнан, топтан өзімізді ажыратуымыз үшін әуелі сол топтардың негізгі сенімін, ділін білуіміз керек. Діни сауатты болу арқылы, біз өзімізді діни топтардан ажырата аламыз».
Радикалды жат ағымдар бейбітшілікті уағыздайтын дініміздің қағидаларын бұрмалап, әсіресе, жастарды қарулы қақтығыс аймағына шақыратыны белгілі. Кезінде сондай шақыруға ергендердің біразы «жиһад» деп Сирия асып кетті. Осы орайда біз Тимур Нүсіпханнан «жиһад», «радикалды жат ағымдар» ұғымына түсінік беруін өтіндік.
Теологтың айтуынша, радикал «қатаңдық» деген мағынаны білдіреді.
Ол — діни экстремизммен байланысты ұғым. Адам алдымен экстремист болып, шектен шығады. Содан кейін радикалданады. Ешкімді тыңдамай, қатаң көзқарасымен, қатаң іс-әрекетімен, қатаң түсінігімен табандылық танытып, айтқанынан қайтпай қасарысады. Мұндай топтарды радикалды ұйымдар, радикалды топ немесе радикалды жамағат деп атайды. Радикализм белгілі бір дінге тән ұғым емес. Кез келген діни ағымның ішінде радикалдық ұйымдар болады. Радикалды қатаң көзқарасты ұстанатын жамағат болады. Қазіргі кезде қоғамымызға ең көп зиянын тигізіп жатқан радикалды топтар – ислам дінін жамылғандар. Тимур Нүсіпхан сөзін былай жалғады: «Біз радикалдар деп «жиһад» үшін елімізден Сирияға аттанған азаматтарды айта аламыз. Мемлекет «Жусан» операциясы арқылы қақтығыс ортасынан отандастарымызды елге әкелді. Сол кезде олар соқыр сенімге алданғанына, ел-жұртын тастап Сирия асқандарына бармағын тістеп, өкінді. Жиһадқа ДАИШ, Ат-Тәкфир,
Уәл-Хиджра сияқты бүкіл елді күпірлікпен айыптап, «азаттықтың ақ жолына көшеміз, хижра жасаймыз» деген террористік экстремистік радикал ұйымдар шақырды».
Радикалдық ұйымдардың қоғамға тигізетін зардабы орасан екені сөзсіз. Теологтың айтуынша, мұндай радикалды ұйымдар Сирия, Ауғанстан, Ирак, Иран елдерінде көп. Олардың «жиһад» ұғымы араб тілінде «жәһһада» түбірінен аударғанда «күресу», «бір істі толық орындау» деген мағынаны білдіреді. Кез келген соғыс жиһад емес. Ең үлкен жиһад — адам мінезіндегі жаман іс-әрекеттермен күресуі. Бүгінгі экстремистік радикалды қатаң көзқарастағы жамағат осындай діннің ішіндегі негізгі ұғымдарды өздеріне қарай, өз түсініктеріне қарай бұрмалайды. Сөйтіп қате түсінік береді.
Жат ағымға ілесіп, тура жолдан адасу – білместіктен, діни сауаттың жоқтығынан. Азаматтық ұстанымы әлі қалыптаспаған жастардың теріс пиғылды ағымдардың тұзағына түсуі оңай екеніне мысал көп. Оларды қалай сақтандырамыз? Тимур Нүсіпхан «дін ұстандым екен» деп соқыр сенімнің жетегінде жүрген жастарға деструктивті ағымдардан аулақ болудың жолдарын ұсынды.
«Елімізде дәстүрлі діни бағыт Ханафи мәзхабы бар. Бұл — біздің бабаларымыз ұстанған жол. Ең алдымен, осы бағыттан таймай, адаспай, берік ұстануымыз үшін дәстүрлі бағытта діни білім алуымыз керек. Өкінішке қарай, діни сауаты шамалы, азаматтық ұстанымы қалыптаспаған жастарымыз жат ағымға арбалып жатыр. Діни сауаты төмен адам теріс ағымнан сақтана алмайды. Өйткені теріс ағым көшеде телміріп жүрмейді. Ол тәулік бойы қолдағы телефоныңда! Қазір жастарымыз діни білімді ғаламтордан үйреніп жатыр. Ал ол жерде дәстүрлі бағыт па, әлде деструктивті бағыт па, оны ажырата алмайды. Өйткені діни сауаты шамалы», — дейді Т.Нүсіпхан.
Бүгінде ҚМДБ бекіткен арнайы ақпарат сайттарынан діни сауат ашуға болады. Діни сұрақтарға жауап беретін сенім нөмірі іске қосылған. Сондықтан дін туралы білгісі келіп, қызығушылық танытқандар ресми ақпарат көздері арқылы діни сауаттылығын арттыра алатынын есте ұстаған жөн.
Дайындаған Мақпал Ноғайбаева
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жарық көрді