Шындыққа емес, шылғи өтірікке сенетініміз қалай? «Алакөлде анаконда пайда болыпты» деген ақпарат әлеуметтік желіні шарлап жүр. Ол қандай анаконда дейсіз бе? Кәдімгі аңыз-ертегілерде айтылатын әбжылан. Ұзындығы шалма арқандай, жуандығы жылқының жілігіндей, түсі топырақтай суық, нағыз қарашұбардың өзі. Уатсапта таралған видеода әлгі әбжылан көлікпен өтіп бара жатқан жолаушыларға оқтай атылады. Аузын арандай ашып алған. Видеоны түсірушілер «Құрдастар группасына түсіріп жатырмын. Құдірет, мынау дәу ғой!» – деп таңданады.
Бір қараған адамға жігіттің дауысы ешқандай монтажсыз, шынайы естіледі: адамның қорқынышы, машинаның гүрілі – бәрі боямасыз. Арғы жақтағы табиғат та қазақ жерінен айнымайды. Алайда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бейнекөрініске түсініктеме беріпті.Комитет өкілдері «Видеоға дауыс қойып, монтаж жасаған. Қазақстанда анаконда жоқ. Бұл кезекті қалжың болуы керек», – депті.Қалжың мұндай болмайды. Бұл қасақана жасалған дүние. Өйткені монтаждан хабары бар кез келген адам дауыс жазудың, оны тазалап, видеоға өлшеп-пішіп қоюдың қандай жұмыс екенін жақсы біледі. Жалпы монтаж жасай салу еріккеннің ермегі емес. Әрі-беріден соң, бұл кім көрінгеннің қолынан келмейтін шаруа. Оны монтаж білетін, компьютердің құлағында ойнайтын маман ғана мінсіз істесе керек-ті.
Орман және жануарлар комитетінің қызметкерлері жұртқа үрей туғызып, Алакөл туралы алып-қашпа әңгімеге арқау болған бейнекөріністің түпнұсқасын тауыпты. Тілдік ерекшеліктеріне қарағанда, оңтүстік-шығыс азиялықтарға ұқсайды. Географиядан хабары бар кез келген адам қазақ жерінде ондай алып жыланның болмайтынын, тек оңтүстік-шығыс Азия елдерінде, сол жақтағы орман-тоғай, өзен-көлдерде кездесетінін жақсы біледі. Бұл енді бөлек әңгіме…
Ал әлгі видеоға қазақша дауыс беріп, ерінбей монтаждап, оны әлемжеліге салып таратқандардың мақсаты не болды екен? Жай ғана әзіл ме, әлде әдейі жасалған дүние ме? Әрине, мұны қасақана істелген шаруа дедік. Өйткені дәл қазіргі карантин жағдайында ешкім шетелге барып демалып жатқан жоқ. Оның үстіне, қарапайым халықтың Алакөлден басқа жаққа барып демалуға қалтасы көтермейді. Алакөл – бағасы қолжетімді, отандық туризмнің ошағы. Сондықтан әлдебір мысықтілеу, қара ниеттілердің Қазақстан туризмін ақсату үшін жасаған «әзілі» болуы әбден мүмкін.Мысықтілеулердің аяқтан шалуы бұл бір емес. Естеріңізде болса, осыдан бірер апта бұрын ғана «Ауаға ковид вирусын шашып жүр» деп әлдекімдер ұшақтың видеосын таратқан болатын. Оған да жұрт кәдімгідей дүрлікті. Ал бұл жолғысы көзге көрінбейтін вирус емес, әбжылан болып шықты.
Жазушы Тәкен Әлімқұловтың жылқы туралы бір шығармасында үнемі қара аспанды төндіріп, ақырзаман орнатып жүретін бір кейіпкер болушы еді. Оны сөз зергері «Тілеуі жаман Тілеусіз» деп суреттейді. Шығарманың соңында сол Тілеусіз «Жылқыға Сібір жақтан емі жоқ вирус жұғыпты», «Ауылды құй-батпақ басып қалатын болды» деп жүріп, өзі етектегі құйға батып өледі. Тілеусіздің тілеуі сияқты әлгі «Алакөлде анаконда жүр» деп жұртты дүрліктіргендерді өз тілеуі ұрып жүрсе, таңқалмаспыз.
Жарас КЕМЕЛЖАН