Tiktoker-лер алдай ма?

10 ақпан 2021, 15:04

Неліктен қазіргі балалар далаға шығып, қардан ақ қала жасамайды? Неге доп қуып, суға шомылмайды? Асық атып, тай мініп жүргендерді де кездестірмейтін болдық. Бұрын біз асық атып, ләңгі тебетінбіз. Соқыртеке, көксерек ойнайтынбыз. Атамыз бен әжеміздің ертегісін тыңдап, соларға үйіріліп, жанынан шықпаушы едік. Ал қазіргі балалар күні бойы ұялы телефоннан бас алмайды. Алысып-жұлысып жатқандарын да көрмейсің. Бүкіл әлем олар үшін алақандай телефонның ішіне еніп кеткендей. Оның үстіне, қонаққа барсаң да, сыртта жүрсең де, барлық баланың қолында бір смартфон.

Бала болып ойнағанды білмейтін, бала болып күлмейтін тұлымды ұл мен бұрымды қызыңыздың күнде қандай әлеуметтік желіде отырғанына мән беріп көрдіңіз бе? Әй, қайдам? Өйткені, қазіргі балалар – tiktok-тың тұтқынына айналған. Әлгі атақты қосымшаның өзінің ортақ биі мен әуені бар. Сол есірік әуен қосылса, құдды бір робот сияқты бірін-бірі қайталап жатқандары. Барша жанның назарын аударған осы желбуаз желі жайлы не білеміз? Контенті жұмбақ тиктоктың ішіне бүккен қандай құпиясы бар? Бүгінгі зерттеуімізде осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Індет басталғалы көпшіліктің көңілі осы арнаға бұрылды. Еңбектеген жастан, еңкейген кәріге дейін ұялы телефонда неше түрлі күлкілі видео түсіріп, жұртты бейжай қалдырмауда. Сонда бұл қосымшаның не құдіреті бар? Адамдарды несімен байлап алды?

Tiktok – видео түсіру және оны қарап тамашалайтын әлеуметтік желі. Бірі білсе, бірі білмес, дәл осы қосымшаның негізін бейжіңдік «Byte Dance» компаниясы 2016 жылы құрыпты. Төрт жылдың ішінде 1 миллиардтан аса жүктелген бұл қосымша Whatsapp, Instagram, Facebook, Youtube сияқты әлеуметтік желілерді басып озды. Қайталап айтайық, осы күнге дейінгі әлемжелілердің бәрін шаң қаптырыпты. Қалай? Не құпиясы, қандай жұмбағы бар мұның? Желінің негізгі қолданушылары – 13-19 жас аралығындағы жасөспірімдер көрінеді. Сол себепті бұл желіге көпшілік аса мән бермейді екен. Мазмұны қандай, мақсаты не деген сұрақтарға ешкім бас қатырып отырған жоқ. Бірақ tiktok қолданушылары өте белсенді. Тіпті көптеген брендтердің назарын өзіне аударып, біршама маркетинг жасап үлгерген. Біз бұл қосымшаның жарнамасын жасап жатқан жоқпыз. Керісінше, мұның жастарға қандай зияны бар деген сұраққа жауап іздедік. Қазақтың tiktoker-лері кімдер?

Біздің Tiktoker-лер

Жаңа қосымшаның тілін қазақ жастары да тез меңгерген. 15-60 секундтық видео түсіріп, табыс көзін ғана емес, өздерін қарайтын көрермен де жинапты. Tiktoker қашықтан ақша табудың түрлі тәсілін көріп, басқа да әлеуметтік желіден оқырман жинауды жақсы меңгерген. Әр адамның талғамына қарай, Tiktok желісінен ойын-сауық видеоларды ғана емес, тіл үйрететін, спорт және т.с.с аккаунттарды көре аласыз. Мақсаты – оқырман жинау, атақты болудың жолын қарастыру. Атақты болудың жолында арзан видео түсіріп, ар-намысқа, ұятқа қарамай, тәуекелге баратындар да жоқ емес. Мысалы, «nikonet» деген атпен тіркелген жас жігіттің жүктеген видеосы, тіпті көруге тұрмайды. 1,1 миллион «оқырманы» бар әлгі хайпер аузына келгенді айтып, өзін желінің «жұлдызы» жасап алған. Тағы бір хайпер бар. Әлемжелідегі атын айту түгілі, жазудың өзі ұят. «qaraqatynqoltyqshash». 35-40 жастардағы әйел. Оның 400 мыңға жуық «оқырманы» бар екен. Ал оның түсірген видеосы әйел түгілі, ер адамға ерсі. Бұлар атын шығару үшін «жер өртеп» жүргендер.

Ал біздегі есі дұрыс контент жасап жүрген tiktoker-лер кімдер? Олардың танымалдылығы қаншылық? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек. Алғашқы кейіпкеріміз – Әлина.

homm9k

«homm9k» деген бүркеншік атпен танылған Әлина есімді алматылық tiktoker-дің 10,5 млн көрермені бар. Әр видеосы 1-26 миллионнан аса қаралым жинайтын қыз өзінің сүйкімді мимикасымен көрермен тартуда. «Лүпіл» саны 130,2 миллионнан асыпты. Жарнамасын жасап отырған жоқпыз, бірақ бұл ерекше қызды Азия мен ТМД және Америка сияқты ел тұрғындары қарайды. Жастар Әлинаны үлгі етеді. Себебі ол келбетің қандай болса да, өз-өзіңді сүю керектігін айтады. Tiktoker-дің тез қаралым жинауының сыры – эмоциялық видео, бет-әлпетімен әр түрлі қылық жасауында. Атақты tiktoker қыз «tiktok маған өз-өзімді сүюді үйретті. Артық салмағым мен бетімнің томпақтығы үшін неше түрлі кемсіту сөз естіп, мазаққа айналатынмын. Бұл желі менің жаратылысым қалай болса да, шынайы қабылдады. Көрермендерімнің саны күн санап өсіп жатыр. Сол үшін tiktok-қа бар уақытымды жұмсаймын!» депті. Жақсы, Әлина ару қытайлық желіні жақсы контентпен жүргізіп жатқан шығар, бірақ жұрттың бәрі бірдей емес. Біреу мұны біліп түсіреді, біреу білмей от басып жүр…

Avdi

Бұрын қазақтан шыққан ұшқыш, ғалымдармен мақтанушы едік. Қазір сәл басқаша. Tiktoker немесе блогер, инстаграм жұлдыздарымен мақтанатын болғанбыз. Тағы бір tiktok жұлдызы – Әбдіқадыр Наурызбек. Оның танымалдығына орай журналистер «Шопанчик» атап кетіпті.
Жамбыл облысының 15 жасар шопаны tiktok-та шоқжұлдызға айналған. Күн сайын оқырман саны артып келе жатқан Avdi-дың қазір 2,2 млн жазылушысы мен 79,6 млн «лүпілі» бар екен. Індет кезінде үйде оқыған ол ауылына барыпты. Ауылда атасына қолғанат болып, күнделікті тіршілікті tiktok-қа түсіріп отырыпты. Ғаламторды ермек еткен баланы қазір бүкіл ТМД елдері таниды. Біз тағы да «қойшы баланың» жарнамасын жасап жатқан жоқпыз, бірақ барын айтып отырмыз.
Әбдіқадыр 9-сыныпта оқиды. Көпбалалы отбасында өскен. Болашақта Алматыда тұрғысы келетінін айтып жүр. Avdi-дың tiktoker болуына себепші болған бірден-бір адам – оның атасы. Қой бағу, оны жайылымға шығару жас баланың сабағына кедергі келтірмейтін көрінеді. Оның көрермендері – өзі сияқты жасөспірімдер. Олар оны қарапайымдылығы үшін жақсы көріп, қарайды. Мәселен, Талдықорғанға барған сапарында 10 мыңнан астам жас балалар Avdi-ді көру үшін алаңға жиналады. Алайда полиция қызметкерлері карантин талабын бұзғаны үшін жас tiktoker-ді бөлімшеге алып кетіпті.

Tiktok House

 

«House» ағылшынның үй деген сөзінен алынған. Tiktoker-лер жиналып бір үйде тұрып, контент жасап, бірге видео түсіреді. Әр түрлі ойын ойнап, пранк жасап, басқа house-тардан өзгешеленуге тырысады. Көрермен назарын аудару үшін tiktoker-лер бір пәтерде немесе үйде бірге тұрады. Тіптен бізде пәтер жалдап, ақша табудың жолын қарастырған 10-15 шақты хаус бар. Ең көп қаралатын house-тардың басында «Bip House», «Yolo House», «Cord House», «Savage House», «Kex House», «Qop House» тұр.

Буыны қатпаған, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың үйінен шығып кетіп, ата-анасынан жырақта өмір сүруі – қалай айтсақ та түсініксіз дүние. Олар кімдермен, қандай жағдайда бірге тұрып жатыр? Немен айналысып жүр? Мұның бәрі ата-ана үшін жұмбақ. Ал әлгі тиктокерлер ақша тауып жүр дегенімізбен, алақаны ойылып еңбек етпеген соң не қайыр? Жеңіл жолмен ақша табу адамды шынықтырмайды. Керісінше, қиындыққа шыдамайтын бойкүйез, жалқау, масыл етеді. Бұл – өмір ақиқаты. Бірақ біздің жастар сол жеңіл жолға түсіп, «жортып» бара жатыр.

Сырт көз

Дереккөзі: trevarsity.ca

Дереккөзі: trevarsity.ca

Сара Уильямс,
канадалық журналист:

Денсаулықты құртады

Індет басталғалы жұртпен бірге мен де Tiktok желісіне тіркелдім. Бірақ өзімнің tiktok-тан жоғары екенімді түсіндім. Алғашында, өзімнің жасымды мойындағым келмеген. Сол тұрғыдан видео түсіріп, бұл желі мені қайтадан қоғамдық ортаға алып келді. Дегенмен, өзімнің қалай тәуелді болғанымды аңғармай қалдым.

Бәрі ойлағандай басында мінсіз болып көрінген бұл желі соңында фитнес пен диетаның «дұшпанына» айналып шыға келді. Сөйтіп, артық салмақтан арылғысы келген адамдар зардап шегіп, әлі күнге дейін осы желінің зардабын тартуда.

Американдық медиа платформаның айтуынша, tiktok денсаулыққа орасан зиян әкелетін желі. Өзімнің байқағанымдай, бұл желіні қолданушылар 16-24 жас аралығындағы жасөспірімдер екен. Күнделікті жұлдыздардың мінсіз өмірін тамашалап, үйде жұмыс жасамайды. Солай бола тұра, тез арықтағысы келеді. Алайда tiktok адамның ас қорыту жүйесінің бұзылуына алып келетін өте қауіпті ақпарат портал болып отыр. Сонымен қатар «Мен күніге не жеймін?», «Қалай тамақтанамын?» деген атпен видео жүктеп, теріс ақпараттарымен басқалардың денсаулығын бүлдіруде. Мысалы, күні бойы қара су ішіп қана арықтауға болады деп, әртүрлі видео жүктейтіндер де бар.

TikTok’s for you деп аталатын парақша қазір өз жұмысын бастады. Бұл контенттерді сапалы, сапалы емес деп бөліп, оларды реттейді. Бірақ бұл тамақтану саласына қауіпті немесе қауіпті емес дегендерді табуға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Демек, бұл парақша да тексерілмеген ақпаратпен миымызды былғауы мүмкін. Енді, ойлап көріңіз, қаншама адам дәл осы tiktok желісінен зиян, зардап шегуде?

Маман пікірі 

Ержан Мырзахмет, психолог:

Баланың жан-дүниесін бұзады

Былтырдан бері ғаламтордың «жұлдызына» айналған бұл желі тек жастар арасында ғана емес, тіпті әнші-әртістердің арасында да танымалдылыққа ие болып тұр. Алайда бұл психикалық ауытқу тудыруы мүмкін. Жастар психикасы толық дамымағандықтан, кейде жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алмайды. «Лүпіл» қойып, пікір жазып жатыр, сұраныс бар» деп ашық-шашық контент ұсынуы да мүмкін. Бұл жағы қазақтың ұлттық болмысына кереғар. «Мен қысқа белдемшемен түссем, көп қаралым жинайды екенмін, солай жасайын» деп желігу де қателік. Бірақ біздің тиктокелер соған баруда.

Кейбір шетелдерде ашық-шашық киініп, ерсі би билегендерімен, бірақ бұл бізге жат әдет. Сол ұғым жастарды улап жатыр. Tiktok-қа құмар жасөспірімдер педофилдердің құрығына түсіп қалуы әбден мүмкін. Себебі бәріміз білетіндей, бұл әлеуметтік желіні кішкентай балалар көп қолданады. Ата-аналар барынша сақ болғаны жөн. Балапандарының мінез-құлқының өзгеруін бақылап, психологиялық қауіпсіздігіне мән бергендері дұрыс.

Дереккөзі: stan.kz

Зияны

 

Tiktok адамды өзіне «байлап», тәуелді етеді. Қосымшаға бір кірген адам 3-4 сағатын жоғалтуы мүмкін. Соның салдарынан көз, бел, мойын, омыртқа аурулары пайда болады. Tiktok та басқа желілер сияқты танымал жандардың мінсіз өмірін көрсетеді. Оны көрген қарапайым адам өзін солармен салыстырып, өз өміріне көңілі толмайды. Tiktok желісі үгіт-насихаттың қайнар көзі. Жастарға ЛГБТ (әдетте солай айтылады): көгілдір, біржыныстық, бижыныстық, трансжыныстарды насихаттайды. Тіпті «қоғам сондайларға бейтарап көзбен қарауы керек» дегенді санамызға сіңіргісі келеді. Кейде tiktok сол ұғымды ұстануға шақырады. Бұл енді қытай қосымшасының бізге ғана емес, бүкіл әлем жастарына тигізіп жатқан зияны. Қыз мінезді жігіттердің көбеюінен алаңдап отырған біздің ел үшін бұл енді барып тұрған сорақы жағдай.
Айтпақшы, біз тиктокты жай ғана ойын-күлкі түсіретін жеңіл-желі деп ойлап жүрсек, мұның құрығы ұзын екен. Мәселен, жуырда Ресейде болған митингілерде жастар осы қосымша арқылы жаппай видео таратып, бір-бірін алаңға шақырды. Америка мен Үндістанның желбуаз желіден бас тартуының сыры сонда болу керек.

Бақытжан Аманболқызы, Тоғжан Әбдеш,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің студенттері

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген