«Қамданған қапы қалмайды» деген тәмсілге сүйенер болсақ, не нәрсенің де алдын алған абзал. Осы бағытта елімізде жоспарлы және жүйелі түрде қадау-қадау жұмыстар атқарылуда. Оның басы-қасында Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы ұйтқы болып жүр.
Бұл орталық терроризмге қарсы тиімді іс-қимыл үшін қажетті және жеткілікті жағдай жасау, қолдау және дамыту мақсатында, соның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының осы саладағы келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестіру саласындағы тұрақты жұмыс істейтін консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
Жалпыға аян, Қазақстан терроризмнің барлық нышандары мен көріністерін батыл айыптайды және осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударады. Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылда жаһандық және өңірлік күш-жігерді біріктіруге жәрдемдесу Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат Тұжырымдамасындағы негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленген.
Осы саладағы мемлекеттік саясаттың ұйымдастырушылық-құқықтық негізін 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ өзге де салалық нормативтік-құқықтық актілер құрайды.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық контртеррористік қарарларын мүлтіксіз сақтайды, контртерроризм саласындағы барлық 19 әмбебап конвенциялар мен хаттамаларды ратификациялады. Сондай-ақ БҰҰ Жаһандық контртеррористік стратегиясын (ЖКТС) іске асыруға белсенді қатысады. 2022 жылғы наурызда Орталық Азияда ЖКТС іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының жаңартылған нұсқасы бекітілді, ол өңір елдері, шетелдік әріптестер мен донорлар арасындағы практикалық өзара іс-қимылда бағдар болады.
Қазақстан БҰҰ-ның Контртерроризм басқармасымен (КТБ), БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (ЕҚБ), БҰҰ Даму бағдарламасымен, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия өңірлік орталығымен, Еуропалық Одақпен, ЕҚЫҰ-мен және басқа да әріптестермен нормативтік-құқықтық базаны және құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін жетілдіруге бағытталған техникалық көмектің көпжақты бағдарламалары шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Арнайы және құқық қорғау органдары арасындағы тығыз ынтымақтастық ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ аясында жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы бірлескен іс-шараларға белсене қатысады және халықаралық қоғамдастықпен ұйымдастырылатын халықаралық терроризмге қарсы күресу шараларын іске асыру мәселелері бойынша БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі өңірлік өкілдігі басқармасымен, ЕҚЫҰ және Еуропалық Одақпен ынтымақтастық жүргізеді.
Бүгінгі таңда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы орталығының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының қызметінде аймақтық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласында қабылданған шараларға аса көңіл бөледі.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары туралы Ережеге» сәйкес тиісті құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Мысалы, жақында Терроризмге қарсы орталығының бөлімі Қостанай облыстық полиция департаментімен бірлесе отырып, қаладағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі «KostanayPlaza» мекемесінде профилактикалық іс-шара өткізді.
Онда терроризм тұрғысынан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесін әзірлеу және енгізу бойынша іс-шаралардың реттілігі түсіндірілді. Сарапшылар қатысушыларға бұл процестің объектілерді заманауи инженерлік және қауіпсіздік техникасымен жарақтандыруды қамтитынын хабарлады. Қатысушыларға «Террорлық қауіп-қатер кезіндегі іс-әрекеттер туралы жадынама» тақырыбында презентация және «Жалған терроризм» бейне оқу құралы көрсетілді.
Іс-шараның соңында нысан қызметкерлерімен профилактикалық сабақтарды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар, сонымен қатар оларды өткізу бойынша әдістемелік материалдар берілді.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық Терроризмге қарсы комиссиясының үшінші тоқсан бойынша кезекті отырысы өткізілді. Оған комиссия құрамына кіретін мемлекеттік органдардың басшылары, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, әкімдіктің басқарма басшылары, өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.
Отырыс барысында, ақпараттық кеңістікте, соның ішінде интернетте діни экстремизм мен терроризмге қарсы насихаттауды жетілдіру жағдайы мен шаралары, туындаған проблемалар мен оларды шешу жолдарының жай-күйі қаралды. Сонымен қатар ұйымдастырылып жатқан шаралардың сапасы мен нәтижелілігі бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Бұдан бөлек, өңірде терроризм профилактикасын жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатындағы әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы туралы мәселелер талқыланды. Кездесу соңында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жайында бірқатар хаттамалық шешімдер қабылданып, өңірдегі діни ахуалды оңалтуға бағытталған тиісті шаралар қарастырылды.
Батыс Қазақстан облысында 379 мектепте лаңкестікке қарсы оқу-жаттығулар өтті. Іс-шара барысында оқу орындарының әкімшілігі, оқытушылары мен оқушылары, сондай-ақ қауіпсіздік ұйымдары террористік қауіп төнген кезде әрекет етудің бастапқы алгоритмдерін әзірледі.
Биылғы қазан айының өзінде осындай бірқатар маңызды шаралардың атқарылғанын айта кету керек. Жалпы алғанда жыл сайын 600-ден астам терроризмге қарсы бағытталған оқу-жаттығулар өткізіледі.
Осы бағыттағы оқу-жаттығулар төмендегідей жіктеледі: халықаралық жаттығулар («Еуразия — Антитеррор-2023»), республикалық жедел-такикалық жаттығулар («Найза — Антитеррор-2023»), аймақтық жедел-тактикалық жаттығулар, командалық-штабтық жаттығулар, жедел топтардың жеке жаттығулары, штабтарды шұғыл тексеру, құлақтандыру жүйелерін тексеру және т.б.
Аталған іс-шаралардың оң нәтижесі – күнделікті мамыражай тіршілік, ата-ананың алаңсыз көңілі, сәбидің риясыз күлкісі мен елдің ертеңгі күнге деген нық сенімі десек қателеспейміз.
Әбубәкір Смайылов,
әскери сарапшы