Алматы қаласында Дін істері жөніндегі басқармасына қарасты «Кеңес беру және оңалту орталығы» бар. Орталықтың мақсаты – теріс пиғылды ағымның шырмауына арбалған адамдардың бетін қайтару. Біз осы орталықтың теологы Нұржан Қалиевке жолығып, теріс діндердің ықпалында кеткен жандармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері жайында әңгімелестік.
Нұржан Қалиевтің айтуынша, орталық өз жұмысы шеңберінде жылына 1000-ға жуық адамды қамтиды. Ер адамдармен және әйелдермен жұмыс істейтін арнайы теологтар бар.
«Орталыққа жүгінетін адамдармен сұхбат барысында олардың діни көзқарасының деңгейі анықталады. Оның қаншалықты мемлекетімізге, қоғамға, халыққа, отбасына, ағайын-туысына зияны бары тексеріледі. Орталықтың міндеті – теріс пиғылды діни ағымның арбауына түскен адамның бетін кері қайтару. Көбі заңға қайшы келмегенімен, дәстүрге қайшы келуі мүмкін. Осы күнге дейін теріс пиғылды діни уағыз жүргізген ұстаздардың басым бөлігі — басқа ұлт өкілдері. Әлбетте, олар қазақтың салт-дәстүрін мүлдем білмейді. Солардың сөзіне құлақ қойған қазақ жастарына «сендердің дәстүрлерің дұрыс емес, шариғатқа қарсы, мынау ширк, мынау бидғат, мынау харам, мынаны істесең, кәпір боласың» деген ұғымдарды сіңіруге тырысады. Сондықтан да біз ондай ойдың дұрыс емес екенін, салт-санамыз, ұлттық кодымыз, дәстүріміздің шариғатқа қайшы келмейтіндігін Құраннан, сүннеттен дәлелдерін көрсетіп, жат ағымға ілескендердің көзқарасын бері қаратамыз», — дейді Нұржан Қалиев.
Теологтың пікірінше, идеологияны идеологиямен ғана жеңуге болады. Оған күш көрсету арқылы немесе заңмен тыйым сала алмайсың. Теріс идеологияны миға құятын «ұстаздардың» уағызын орталық мамандары логикамен, шариғатпен, өмірден мысал келтіре отырып жоққа шығарады. Мұндай үгін-насихат өз жемісін береді. Нұржан Қалиевтің айтуынша, бүгінде беті бері қарап, оңалып келе жатқан жандар аз емес. Діни бағытынан бұрылмай қатып қалғандары да бар. Өйткені кейбіреулер 1-2 рет сөйлескеннен түзу жолға түсе салмайды. Оған да уақыт керек.
«Еліміздің қауіпсіздігі мен қоғамдағы тыныштық үшін біздің орталық аянбай жұмыс жүргізіп жатыр. Алматы — ірі мегаполис. Мұнда түрлі дін өкілдері, түрлі ұлт өкілдері өмір сүреді. Жұмысымыз көзге көрінбегенімен, кең ауқымды істер атқарылуда. Кез келген байсалды көрінген теріс пиғылды дін өкілі әп-сәтте-ақ агрессивті, тіпті экстремистік көзқарастағы адамға айналып кетуі мүмкін», — дейді Н. Қалиев.
Мамандарға жүгінсек, жат ағымның жетегіне енді түскен адамның көзқарасын өзгертіп, тура жолға салуға болады. Ал сана-сезімі әбден уланған, айтқанынан қайтпайтын әсіредіншіл болса ше? Әлде оларға арнайы әдістемелік амал-тәсілдер қолданыла ма? Біз теологтан осы туралы сұрадық.
Орталық маманы түсіндіргендей, теологтардың өз әдіс-тәсілдері бар. Мәселен, кейбір теріс пиғылды ағымдардың жақтастары байланыс орнатудан бас тартуы мүмкін. Осы орайда, теолог маман ең алдымен байланыс орнатудың жолын іздейді. Мысалы, қайырымдылық, түрлі кәсіптік курстарға тарту,
азық-түлік себеттерін тарату сияқты тәсілдерді қолдана отырып, ең алдымен олармен байланыс орнатуға тырысады. Әр тақырыпта әңгімелеседі. Спорт немесе мәдени шараларда кездеседі.
Қазір оң-солын танымаған жастарды теріс діни ағымға ілестіру қиын емес. Ғаламтордағы «ұстаздардың» уағызына елтіген жастарды тура жолға қайтару да оңайға соқпайтыны анық. Бұл туралы Нұржан Қалиев былай дейді: «Біз кәмелетке толмағандармен жұмыс істемейміз. Ал кәмелетке толғандардың өзінің діни білімі жоғары деп айта алмаймын. Кейбіреуі әлеуметтік желіден естуі мүмкін. Кейбірі сол бағыттағы адамдармен тілдесіп, оларды тыңдап, сол жолға түсуі мүмкін. Көбісі шала сауатты. Интернеттен
1-2 лекция тыңдап алады. Білімдері сол әңгіменің деңгейінде ғана. Әрине, арасында Египетте (Мысырда), Саудияда (Сауд Арабияда) діни білім алып келгендері бар. Бірақ әр адаммен жеке-жеке жұмыс жүргізіліп, белгілі бір тәсілдер қолданылады».
Әңгіме соңында біз Орталық өкілінен «Дінді танып-білгісі келетін, өзінің көзқарасын айқындағысы келетін жандарға қандай ақыл-кеңес бересіз?» деген сауал қойдық.
«Теріс діни бағыт бүгін ғана пайда болған нәрсе емес. Әсіредіншілдік Пайғамбарымыз өмір сүрген заманда да болған. Жастар жат ағымға ілесіп, адаспауы үшін діни сұрақтар туындаған жағдайда мешіттегі имамдарға жүгінгені дұрыс. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген әдемі сөз бар. Қазір намаз оқитын да, оқымайтын да дін тақырыбын қозғай береді. Нақты діни мамандығың жоқ па, онда ашық сұхбат беріп, діннің атынан бір пәтуә айтып, үкім шығарудан абай болу керек. Дін деген — өте терең білім», — деп жауап берді.
Мақпал Ноғайбаева
Алматы қаласында Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жарық көрді