Тельман Бейсенов: Түркістанның түлеуіне журналистер қашанда тілеулес

19 шiлде 2023, 15:50

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтың БАҚ саласын үнемі назарында ұстап, тыныс-тіршілігін бағамдап отырады. Мұның барлығы да жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының тынысын ашып, серпіле қанат қағуына демеу болатыны анық. Былтырғы жылы «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің жұмысымен танысуға арнайы келген облыс басшысы жергілікті БАҚ-тың жұмысын жандандыруға айрықша көңіл бөлетінін де айтқан еді. Бүгінгі сұхбатымызыдң кейіпкерімен әңгіме де осы саланы қамтыды.

Тельман Бейсенов — журналист, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры. Ол ұзақ жылдар еліміздің бірқатар өңірлері мен Астанада қызмет етіп, қазақ журналистикасы саласында тер төккен қарымды қаламгер, ұстаз, медиаменеджер және тарихшы. Бүгінде туған топырағында, түркі жұртының рухани орталығына айналған Түркістанның дамуына үлес қосып жүр. Өмірден түйгені мен жинақтаған тәжірибиесі мол Тельман Әбдібекұлымен сұхбатымыз отандық журналистиканың жай-күйі, маман даярлау, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңдардың мәселелері төңірегінде өрбіді.

— Тельман Әбдібекұлы, Түркістандай киелі топырақта дүниеге келдіңіз. Алайда көп жылдар бойы жұмыс барысында өзге өңірлерде абыройлы қызмет атқарып, туған жерге оралып, қайта құрылымнан өтіп, қасиетті қаланың атын иемденген облыста ақпарат саласын дамытуға атсалысып жүрген азаматсыз. Сұхбатымызды алдымен өзіңізді қысқаша таныстырудан бастасақ. Жалпы журналистика саласын таңдауыңызға не себеп болды?

— Журнадистика бала күнімнен армағандаған мамандығым десем, ағат айтпағаным. Еліміздің бірқатар өңірлерінде журналистика саласы бойынша жиырма жылға жуық қызмет атқардым. Алғашқы еңбек жолымды Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында «Еділ-Жайық» қоғамдық-саяси газетінде тілші болып басталды. Оған дейін де республикалық, облыстық басылымдарға мақалаларым жарияланып тұратын. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге үлес қосып жүріп, «Еділ-Жайық» газетінде басшының орынбасары, бас редакторы болдым. 2007 жылы Маңғыстау облысына қоныс аударып, облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы мен республикалық «Айқын» газетінің Маңғыстау бойынша меншікті тілшісі қызметін атқардым. Журналистика саласына сіңістім, қалыптастым деп сол кездерімді айта аламын. Себебі, мен көбіне басшылық құрамда болып, тәжірибе жинақтадым. 2010 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасымен, облыс әкімнің кеңесшісі Жанна Ойшыбаеваның және Ақтау қаласының әкімі Оспан Қазақбаевтың қолдауымен «Ақтау ақпарат» деген газет аштым. Одан кейінгі жылдары, 2011 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстағы барлық мемлекеттік басылымдарды біріктіріп, медиахолдинг құру бастамасын көтерді. Алайда Қырымбек Елеуұлы қызметі ауысып Астанаға кетті. Оның орнына облыс басшысы болып келген Бауыржан Мұхаметжанов облысты басқарған бір жыл уақыт ішінде медиахолдинг құруды жалғастырып, қолға алды. Осылайша облыстағы бес аудан, екі қала және облыстық екі басылымдардың басын біріктірген «Маңғыстау-Медиа» холдингін құрып, басшылық жасадым. Әрине, тоғыз басылымының басын бір холдингке біріктірудің өзіндік қиыншылықтары да, қызықтары да болды. Бастысы, нәтижелі жұмыстар атқара білдік. Ол кездерде, әсіресе, аудан және қалалық басылымдардағы журналистердің айлығы өте төмен еді. Біз соның көтерілуіне күш салып, жалақыларды (оклад) екі есе мөлшерде көтердік. Мұнымен қоса, «Айқын» газетінің тілшілігін де қоса атқарып жүрдім. 2013 жылы Астанаға қоныс аударып, «Нұр-Медиа» холдингінде Контент және мультимедиялық технологияларды басқару департаментінің бас редакторы болдым. Медиахолдингке қарасты бірқатар газеттердің сайттарына жетекшілік жасадым. 2017 жылы Астана қаласы әкімдігінің холдингінде жұмыс атқардым. 2018 жылы Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылған соң туған өңірге қайта табан тіредім. Әкем марқұм жастайымнан барлық салаға баулып өсірді. Әсіресе, «Туған жерге адал қызмет атқару және адал жолда жүру керек» дегенді көп айтатын. Сонымен Түркістанымыз облыс орталығы болған кезде қызметке қуана кірісіп кеттім. Сол сәттен бастап «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып жұмыс бастадым. Маңғыстау облысындағы жергілікті журналистиканың дәрежесін көтеруге өзімнің де үлесімді қосқанымды мақтаныш етемін.
2019 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ақпарат орталығының басшысы қызметіне бардым. Сонымен бірге, журналистика кафедрасында 3-курс студенттеріне дәріс бердім. Ол жерде де өз тәжірибелеріммен бөлістім. Бүгінгі күні «Turkistan Media Holding» медиахолдингіне қарасты «Turkistan» телеарнасында 15 шақты шәкіртім жұмыс атқарып жүр.

Биыл Түркістанның облыс орталығы болғанына бес жыл толып отыр. Түрлі өңірлерде жүріп жиырмаға жуық газеттер мен сайттарды басқарып, жетекшілік жасап жүріп жинақтаған тәжірибемді туған жерде пайдаланып келемін. Шәкірт тәрбиелеу, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелеріне мүмкіндігінше үлес қосып келемін. Облыстың үздік журналисі марапатына ие болдым. Мұның барлығы да азды-көпті еңбегімнің жемісіне келген шығар деп пайымдаймын.

— Сіз енді тәжірибесі жеткілікті, бірқатар өңірлерде бірқатар БАҚ-да басшылық қызмет атқарып, орасан тәжірибе жинаған кәсіби мамансыз. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, оңтүстік өңір мен өзге аймақтардағы ақпарат саласында қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

— Әрине, әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болады ғой. Батыста жүргенімде, оңтүстіктің журналистеріне риза болатынмын. Мұнда бәсекелестік дамыған, редакцияларды ұстап тұру үшін табыс табу көздерін де жолдарын да жақсы меңгерген журналистиканың нағыз қазаны қайнап жатқан өңір. Орта қалыптасқан. Мұнда, әсіресе, Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген газеттер шықты. Бір-бірімен бәсекелес болғандықтан, жақсы жұмыстар атқарылды. Біздің өңіріміздің басқа өңірлермен салыстырғанда газеттерінің тиражы өте көп. Мәселен, басқа өңірлерде облыстық газеттердің өзінде тираждары 2 мыңнан бастап, 10-15 мыңға әзер жуықтаса, бізде отыз-қырық мыңға дейін жетеді. Шыны керек, бүгінгі кітап, газет-журнал оқымайтын кезеңде газетке жазылу қиындап барады. Оның үстіне мұнда ақпараттық технология қарыштап дамып жатқан кезде еліміздегі дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың арасы әлде де болса ұштаса алмай жатқанының әсері де бар. Бұл енді бөлек мәселе. Оны да тереңдей қозғап айтуға болады.

Ал жаңа құрылған Түркістан облысындағы сала мәселесіне келер болсақ, әңгіме басқаша. Айталық, Шымкент қаласы республикалық дербес қала мәртебесін алып, ал Түркістан өз алдына облыс болып екіге бөлінгенмен екеуі тіршілігі біте қайнасып жатқан және екеуін бөлек қарай алмайтын аймақтар. Мана айтып өттім, Шымкент қаласында журналистика саласы әбден қалыптасқан. Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды, осы уақытта аралығында мұнда да қыруар жұмыстар атқарылды. Оған бел ортасында жүрген біздер куәміз. Өздеріңіз білесіздер, сондай игілікті істің бірін айтар болсақ, «Turkistan Media Holding» ЖШС 2019 жылы құрылып, артынан құрамы мен ауқымы кеңейді. 2021 жылы «Turkistan» телеарнасы қосылды. Қазіргі басылымдар нарық қыспағына шыдай алмай жабылып жатқан кезеңде өңірде халықаралық «Тұран өркениеті» газеті, Сауран ауданының құрылуының нәтижесінде «Сауран» аудандық басылымы және бірқатар ақпараттық порталдар ашылып, облыстың тыныс-тіршілігін жалпақ жұртқа жария етіп келеді.

Дегенмен, Түркістан өңірінде журналистика саласы енді ғана қалыптасу үстінде. Мұнда қызмет атқаратын мамандар көбіне Ахмет Яссауи университетінің журналистика кафедрасын тәмамдаған түлектер. Меніңше, енді бірер жылда оларда заманауи журналистиканы толық меңгерген кәсіби мамандар болып шығарына сеніміз мол.

— Бүгінде өзіңіз еңбек ететін медиахолдингтің «Turkistan» телеарнасында тыныс-тіршілігін жандандыру бағытында қандай жобалар қолға алынған? 2-3 жыл көлемінде телеарна ақпарат кеңістігінде қаншалықты таныла алды?

— Туған жерге келген соң да бірқатар редакциялардың жұмысын жүргізуге және медиахолдингті құру мәселесі бойынша көмек көрсетуге тырыстым. Жинаған тәжірибеммен бөлістім. Айталық, «Turkistan Media Holding» медиахолдингі құрылған кезде алғашқы басшысы Бауыржан Бердімұратов әріптесімізбен тікелей байланыста болып, қолымнан келген көмегімді жасадым. Бір кездері Қазақстандағы бірқатар медиахолдингтермен бірлесіп жұмыс жасап, кеңесшілік жұмысты атқарған адаммын. «Turkistan Media Holding» ЖШС 2019 жылы құрылып, артынан құрамында 2021 жылы «Turkistan» телеарнасы қосылды. Әлбетте, кез-келген кәсіпорынның, мекеменің құрылып, жұмысы қалыпқа түсуі мен аяқтан тұрып кете салуы оңай болмайды. Өзіндік ауыртпалықтары мен қиындықтары болады. Біздің медиахолдинг те сондай қитындықтардан өтті. Тіпті, бір кездері қызметкерлерге айлық бере алмай қиыншылықтар болды. Дегенмен, бүгінде барлығы түзелді. Медиахолдингтің басшысы Жанахмет Жәнібекұлы Ағыбаев басқа өңірлерде көптеген БАҚ-да, әсіресе, бірқатар телеарналарды басқарып келген білікті менеджер екенін дәлелдеп, нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Жалпы біздің телеарнада 40-қа жуық бағдарлама бар. Күніне 18 сағат эфирмен облыс, Шымкент қаласы қамтылып отыр. «OTAU TV» жерсеріктік телерадио хабарларын тарату желісінде де хабар тарап жатыр. Бүгінде Түркі мемлекеттерімен байланыс жасалып, жұмыс атқарылуда. Түркістан рухани орталық болғандықтан, алқалы жиындар мен ауқымды шаралар көптеп өткізіледі. Алыс-жақыннан, шет мемлекеттерден ғалымдар, танымал тұлғалар келеді. Мүмкіндігінше, бағдарламаларымызды сондай белгілі тұлғалармен толықтыруға тырысып келеміз. Алматы мен Астанадағы сияқты емес, бізде мықты спикерлерді шақыру қиынға түсіп жатады. Зиялы қауымның дені Астана мен Алматыда және бір шоғыры Шымкентте. Сол себепті, көбінесе Шымкенттен шақырамыз. Қазір жазғы демалыс кезінде барлық салада аздап тыныштық орнап, қызметкерелерінің басым бөлігі кезекті демалыс алып, жұмыстардың саябырситыны белгілі. Дегенмен, тап қазір теларнада жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Кейбір ішінара бағдарламалар уақытша демалысқа шықты. А жаңалықтар бөлімі толық құрамда жұмыс жасап, көрермендердің игілігіне жарайтын тұшымды бағдарламаларды ұсынып келеді.

— Өзіңіз осы салада жас журналистерге ұстаздық етіп тәрбиелеп жүрсіз. Жас журналистердің қадамы қандай, танымалдылыққа ұмтылып, эфирден көрінуге ынтық жастардың шоғыры қалың ба? Жалпы, журналистика саласында сізді толғандыратын мәселелер көп пе?

— Бұрын журналистикаға жазуға бейімделген талапкерлер түсетін. Қазір әрбір оқу ордасында гранттан бөлек қосымша ақылы түрде оқытып, табыс табу деген бар. Соның салдарынан болса керек, соңғы кезде журналистикаға жазуға бейімі жоқ талапкерлер де көптеп түсіп жатады. Ондайлар көбіне мақала жаза алмайды. Жақында әлеуметтік желіде «Қолында табақтай дипломы болғанмен, мақала жаза алмайтын журналистер көбейіп барады» деген тақырыпта пікір жарияладым. Көптеген әріптестеріміз құптап, түрлі пікірлерін қалдырды. Көзбен көріп, сол саланың ішіне жүргендіктен білемін ғой. Мақала жаза алмайтын студенттерге немесе жас мамандарға «Жұмысты алдымен, газеттен, болмаған жағдайда сайттан бастаңыздар. Жаза алмайтын адам журналист бола алмайды. Газет — журналистің біліктілігін, білімділігін шыңдайды» деймін. Ия, бірінші, екінші курс студенттерін теория бойынша тереңдетіп оқытады. Жалпы журналистика кафедрасына, факультеттерге редакцияларда жұмыс істеген тәжірибелі мамандарды да дәріс беруге тарту керек деп ойлаймын. Үшінші, төртінші курс студенттері сараптама жаза білуі керек. Ал үшінші курстан бастап өндіріске көбірек араластырсақ дұрыс болады. Айталық, үшінші курстың студенттерінің 50 пайызы, төртінші курстың 70-80 пайызы өндіріске жіберілсе, салаға тез үйренер еді. Қалғандары дәрісханаларда оқысын. Себебі, емтиханы мен сессиясы бар тапсыратын, диплом қорғайды. Төртінші курстың студенттері көбінесе өндірісте болса, редакцияның басшылары өздеріне ұнаған маманды таңдай алады. Жастардың жұмысқа қабылдануы да осылайша оңай болар еді. Көрмеген, танымаған, мақала жазбаған, қалтасында табақтай дипломы бар түлекті жұмысқа қабылдай салу да қиын ғой. Өндірісте жүріп, өзін-өзі көрсете алса, жұмысқа қабылдануы да өздеріне оңай болады. Оларға келісімшарт негізінде ақы төлесе тіптен жақсы. Сонда олар біржағынан жұмыс есебінде қарап, жауапкершілікті сезінер еді. Естеріңізде болар, осыдан 3-4 жыл бұрын әлеуметтік желіде «Журналистикада студенттерді төрт-бес жыл оқытпай, екі-ақ жыл оқыту керек» деген пікірталас туды. Мен журналистика кафедрасында сабақ бергендіктен көзім жетті, балаларды көбіне өндіріске жіберу керек. Тәжірибе жинақтау керек. Журналистиканың майталманы Нұртөре Жүсіп айтқандай, жастардың көбі «Тик-Токта» тәрбиеленіп жатыр. Біз осыған мән беруіміз керек. Кітап, газет оқуға қалай баулимыз? Оның кілтін қалай табамыз? Осыны ойлануымыз керек. Шыны керек, әлеуметтік желімен өскен жастардаың арасында бүгінде терең ойланатын, елін сүйетін патриоттар көп емес. Ертеңіне сеніммен қарайтын, елдің тұтқасын ұстай алатын жастар да баршылық, әрине.

— Ақпарат ағыны тым қарқын алған қазіргі уақытта газеттер ақпарат тарату көзінен гөрі, идеологиялық құралға айналғанымен келісесіз бе?

— Өткен жылы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Алатау медиа орталығы» ғимаратында облыстағы журналистермен жиын өткізді. Сол кезде ұсыныс, пікірлерімізді айттық. Биылғы жылы Астана төрінде министрліктің ұйымдастыруымен «Өңірлік мерзімді басылымдар» форумы болды. Сол форумда аға буын журналистер «Газет – идеология құралы. Сондықтан, осыған мемлекет мән беруі керек» деген мәселені көтерді. Расында да, ақпараттық технология күн санап дамып келеді. Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа деп жатамыз. Біз дәстүрлі БАҚ-тың өкілдеріміз. Жаңа медиада көбінесе жастар. Сол екі саланы да ұштастыруымыз керек. Мәселен, газет-журналдарды шығарып, ақпараттық жаңалықтармен, тіптен телеларнаның өзінде жедел түрде халықты құлағдар ете алмасымыз белгілі. Өйткені аталған БАҚ-тар қазір ақпараттық порталдар мен түрлі платформада дамыған әлеуметтік желілердің шаңына да ілесе алмайды. Сондықтан, ақпаратты толықтырып, сараптама түрінде не болмаса басқаша беруге болады, яғни мұны идеологиялық құрал ретінде пайдалану керек. Бұрыннан өзіндік миссиясы сондай. Халықты тәрбиелейтін, қоғамды қозғайтын да идеология. Сол ұлтты ұйыстыратын ұстынды насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарынның тигізер пайдасы өте зор, осыны ұмытпасақ екен.

— Сіз телеарна мен газетті де қатар меңгерген әмбебап һәм іскер маман, мықты медиаменеджерсіз. Екеуінің қайсысы сізге етене жақын? Қайсысы «оң жамбасыңызға келеді»?

— Әрине, екеуін де оң қол санаймын. Арасында Мемлекеттік басқару академиясынының Түркістан облыстық филиалында келісімшарт негізінде медиасауаттылық бойынша дәріс беремін. Осыған дейін мемлекеттік қызметкерлерге, мәслихат депутататарына дәріс бердім. Көптеген медиахолдингтерді, газеттерді аштым. Сондықтан екеуі де маған етене жақын. Екеуінен де қол үзген емеспін. Жалпы, журналистер жұмыс атқаратын мекемені басқаратын басшы-медиаменеджер деген тек кәсіби түрде жаза алатын қаламгер ғана емес, ол редакцияның жұмысын дамыту үшін сауаты жоғары, қаржы саласы мен заңдарды, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары, кездескен кез-келген қиындыққа мойымайтын, «адам сүйген мамандығының құлы болады» деген тәмсілді ұстанатын, ісіне адал, қолы да, ары да таза азамат болуы шарт. Мамандығымды сүйген журналист ретінде басымнан өткен жағдайды айтып берейін. 2010 жылы Маңғыстауда облыс әкімінің тапсырмасымен Ақтау қаласы әкімдігінің «Ақтау ақпарат» газетін аштым. Газетті ашқанмен бастапқыда қаржы дер кезінде бөлінбей, қиындықтарды бастан өткерген жайымыз болды. Ұзын сөздің қысқасы, қаржы тапшылығынан жалақыны уақытында беру мұң болды. Ал мен ұжымдастарымның алдында өзімді қатты ыңғайсыз жағдайда сезініп жүрдім. Бәрі өзімнің жұмысқа таңдап шақырған достарым, әріптестерім. Әкімдіктен ақша дер кезінде түспей қиналғанда, амал жоқ, қасымыздағы банкте өзімнің атыма несие рәсімдеп, оны жалақы етіп тараттым. Тағы бірде мұнай компаниясындағы таныстарымнан көмек сұрадым. Олар да қомақты қаржы бөлдіріп, мені тығырықтан шығарған кездер болды. Сонымен не керек, көп уақыт өтпей, олқылықтардың бәрі реттеліп, редакция жұмысы жанданып, жақсы жұмыс бастап кеттік. Редакция аяқтан тұрды. Мұндағы айтпағым, мені сол кездегі қиындықтар шыңдады және үлкен сабақ болды. Есесіне қаржы, құқық, құжатпен жұмыс жасау тәсілдерін әбден меңгердім. Артынан бұл бастан өткерген жағдайлар мен медиахолдингтер құрғанда маған тығырықтан шығатын жолдарды көрсетті.

— Бүгінгі ақпарат ағыны күш алған уақытта блогер де, әнші де ақпарат таратушы қызметін атқарады. Отандық журналистиканың қадірі қаншалықты деп пайымдайсыз?

— Медиа саласына байланысты «Масс-медиа» туралы Заң талқыланып жатыр. Міне, осы жаңа заң отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мен міндеттеріне, құқықтарына қатысты өзекті тұстарын қозғап, онда журналист мәртебесі, блогерлер мен әлеуметтік желілердің рөлі қамтылады деп күтілуде. Бүгінде журналистер мен блогерлердің айырмашылығы талқыланып жүр. Уақыт өзі төреші ғой. Әр дүниені өз орнына қояды. Журналистердің ішінде жаза алмйтын, тек әлеуметтік желіде белсенді болып жүргендер де бар. Шыны керек, журналистика саласының есігінен де сығалай алмайтын кейбір әлеуметтік желі қолданушылары арасында әлемжеліні өзінің бас пайдасына жаратып жүргендері де аз емес. Олай дейтінім, әлеуметтік желіні пайдаланып, белгілі бір адамдарға қоқан-лоққы көрсетіп немесе басқа да әрекеттері әшкере болып, заң алдында жауапқа тартылып жатқандарды көріп те жүрміз. Олар көбіне қоғамдағы проблемаларды көтерген болып, әсіресе, шенеуіктерді, жергілікті билікті сынап-мінеп, «сүрінсе екен, құласа екен, осыны жазып, танымал болсам екен» дейтіндерін де кездестіреміз. Айталық, әлеуметтік желіні өздерінің мүддесіне асыра пайдалану жағдайлары әсіресе әрбір саяси науқандарда немесе сайлау өткен кезде белең алып жатады. Ия, мұндай дүниелер кәсіби БАҚ-да аракідік кездеседі. Арысын айтағанда, биылғы жылы елімізде өткізілген Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде бұл көбінесе әлеуметтік желілерде көрініс тапты. Атап айтсақ, бір-бірін сүріндіру мақсатында ауыр сөздер айтып, даттаған, жаға жыртысқан, айқай-шу жасап, төбелеске дейін барған келеңсіздіктерді көзіміз көрді. Әлеуметтік желінің беті қып-қызыл ақпараттық майданға айналды десек қателеспеспіз. Әйтеуір, әркім шырылдап өз шындығын ізегендей көрініс. Ал нағыз шынайылық пен шындық мәселесіне келсек, ол енді бөлек әңгіме…

Сорақысы сол, кейбір шенеуіктердің арасында журналист пен әлеуметтік желі қолданушы белсенділердің айырмашылығын айыра алмайтындары да бар. «Масс медиа туралы» Заңда атауы айтып тұрғандай, медианың барлығын қамтитын заң болады және дәстүрлі БАҚ пен Жаңа медианы ұштастыруға септігін тигізетін Заң болады деп сенеміз. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Ата Заңымызға біраз өзгерістер енгізді. Меніңше, елімізде мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде, әсіресе, газеттердің барлығының жағдайы жақсы деп айтуға келмейді. Оларды кез-келген кәсіпкердің қолына бере салуға болмайды. Осы тұрғыда мемлекеттік БАҚ-ды бәсекелестік ортаға бейімдеу мақсатында 2011 жылы қолданысқа енгізілген ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына да өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. «Масс медиа» заңына да біраз өзгерістер енгізуге болады. Бұл туралы көптеген ұсыныстар айтылып та жатыр. Өз сөзімде айтып өткендей, оқу ордаларында дәріс беруге тәжірибелі мамандарды тарту қажет. Дуальды оқыту методикасын қалыптастыру керек. Айтпағым, мықты журналист шығару үшін жоғары курстың студенттерін өндіріс орындарында көбірек тәжірибеден өткізу керек, яғни дуальды оқытуға мән берілсе. Қазір әлеуметтік желі жанданған кезең. Белсенділер көп. Кәсіби мамандар көбіне әлеуметтік желіге кіре бермейді. Ол үшін оларға жаңа технологияларды меңгерту жағына көбірек мән беру керек. Сондықтан да кәсіби мамандарға арнайы курстардан өту маңызды. Тағы бір ескеретін мәселе, БАҚ мекемелерінің жұмысын жандандыру үшін жазуы мен редакциядағы тәжірибесі мықты болғанмен құжатпен жұмыс жүргізуі, қаржылық сауаты мен заңнамалық, құқықтық біліктілігі төмен қызметкерлер мекеменің жұмысын жандандыра алмайды. Сондықтан БАҚ мекемелерін тиімді басқару үшін медиаменеджерлер дайындайтын оқу орындары немесе шағын болса да курстарды ашу керек. Сонда ғана журналистиканың қадірі қашпайды. Бұл мамандыққа деген зәрулік азаяды, бәсекелестік артып нығаяды. Журналистика – жанкештілікті талап ететін, жазуды мұрат тұтатын мамандық.

Сұхбатты жазып алған Қуаныш Рахмет

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды