Телефон алаяқтарының арбауына түскен 25 жастағы жігіттің оқиғасы: “Бәрі бір қоңыраудан басталды…”

Бүгін, 16:31

Телефон арқылы ақша жымқырған алаяқтар тек қарт кісілерді ғана емес, жастарды да алдап, сан соқтырып жатыр. Мұның дәлелі – небәрі 25 жастағы Ерсұлтан Маратовтың оқиғасы. Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенде ол аңдаусызда 900 мың теңге несие алып, 890 мың теңгені алаяқтардың есепшотына аударып жіберген.

– Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген кезімде, 2025 жылдың 28 сәуір күні алаяқтардың құрбаны болдым, – деп бастады ол әңгімесін.
– Сол күні сағат 16:02-де +7 (466) 339-97-04 нөмірінен белгісіз қыз хабарласып, өзін Диана деп таныстырды. Телефоныма қандай да бір код кеткенін айтып, соны айтып жіберуімді өтінді. Мен жұмыс арасы көз іліп алған едім, алғашында айтқан жоқпын. Бірақ арада бір минут өтпей, +7 (347) 599-94-21 нөмірінен қайта хабарласқан соң, ұйқылы-ояу күйде кодты айтып жіберіппін.
Бірнеше минуттан соң басқа бір азамат +7 705-980-88-64 нөмірімен хабарласып, “сіз алаяқтарға тап болдыңыз” деп ескертті. Ізінше өзін полиция қызметкеріміз, Ұлттық банктенбіз, заңгерміз деген үш адам хабарласып, “Сіздің жеке деректеріңізді ұрлап алды, енді ақшаңызды ұрлауы мүмкін, тез арада қаржыны қауіпсіз шотқа аудару керек” деді.
– Олар бұл ақпараттың құпия екенін, ешкімге тіс жармау керектігін айтып, маған “директордың” атынан құжаттар да жіберді. Мен шын мәнінде қауіп төнді деп ойладым. Олар “страховой полис” үшін ақша аударуды талап етті. Қалай болғанын білмеймін, банк қосымшасынан 900 000 теңгеге несие рәсімделіп, оның 890 000 теңгесі қазақстандық *6976 нөмірлі банк есепшотына аударылды, – деді Ерсұлтан.
Алайда кейін ол нөмірлерге хабарласқанымен, ешкім жауап бермеген. Артынша бірден қосымша арқылы банк бөлімшесіне ақшаны қайтару туралы арызбен жүгінеді.

Банк бөлімшесі Ерсұлтанның 04.05.2025 ж. жолдаған ресми өтінішіне жауап беріп, былай деді:
«аталған қаражат басқа банктегі шотқа қате аударылғанын растай отырып, ол банкке ресми хабарлама жолдады. Алайда, бізде бұл соманы өз бетімізше қайтаруға заңды негіз жоқ. ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, негізсіз байыған тарап қаражатты қайтаруы тиіс. Егер 10 күн ішінде қаражат қайтарылмаса, Сіз сотқа жүгініп, заңды үстемақымен қоса талап етуге құқылысыз». Бұл дегеніміз, әлгі алаяқтардың счеті ақша қайтаруды растаса ғана орын алмақ. Алайда бұл мүмкін емес тәрізді.

Ерсұлтанның айтуынша, бұл оқиға бойынша ол полицияға арыз жазған. Құқық қорғау органдары істі тіркеп, тергеу жұмыстарын бастады. Оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы — “Алаяқтық” бойынша қарастырылып жатыр.
— Мен бұл оқиғамды көпшілік оқып, сақ болса екен деймін. Мен мұндай жағдайлар туралы хабардар болдым. Жаңалықтарды әлеуметтік желіден жиі қараймын. Әйтсе де осылайша айлакерлердің құрығына ілінгеніме таң қаламын. Ең болмағанда достарыма, отбасыма осы жайлы хабар бермегенім қандай өкінішті.
Бір ғана қарапайым кодты айтқаным өмірімді күрт өзгертті. Кез келген қоңырауға сене беруге болмайды екен, – дейді ол.
Ерсұлтан ендігі төлемді кейінге қалдыруға, ең болмаса үстіндегі несие пайызын азайту үшін Азаматтық сотқа арызданғанын айтады. Ерсұлтанның жағдайы – алаяқтардың әдісі күннен-күнге күрделеніп, сенімді түрде әрекет ететінін тағы бір дәлелдейді. Олар жасына, біліміне, әлеуметтік жағдайына қарамайды – тек бір сәтке сендіру жеткілікті. Сондықтан, күмәнді қоңырау алған сәтте ештеңе айтпаңыз, ешқандай кодпен бөліспеңіз және ресми ұйымдардың байланыс орталықтарына хабарласыңыз.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 16:31
Телефон алаяқтарының арбауына түскен 25 жастағы жігіттің оқиғасы: “Бәрі бір қоңыраудан басталды…”
04 мамыр, 21:28
Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі
02 мамыр, 15:32
“Эстрада 100 пайыз қазақыланды”. Қыдырәлі Болманов эстрададағы құпиясымен бөлісті (Видео)
30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?