Түркия мегаполисі Стамбул қаласында 17–21 қыркүйек аралығында әлемдегі ең ірі авиация, ғарыш және технология фестивалі – TEKNOFEST 2025 өтті. Jas Qazaq тілшісі шараға арнайы барып, жаңа технология мен көне тарих тоғысқан ерекше сапардан әсерлі деректер жинап қайтты.
Стамбулдағы Ататүрік әуежайы алаңында өткен бес күндік фестивальге 96 елден 565 мыңнан аса команда, 1,1 миллионнан көп қатысушы өтінім берді. 58 негізгі және 137 қосымша санаттағы технологиялық байқаулар, дрондар мен ұшақтардың әуе шоуы, робототехника жарыстары көрермендерді тамсандырды.
Фестивальде Түркияның мәдениет және туризм министрлігі 600 шаршы метрлік үлкен стенд әзірлеп, VR музей, Kapadokya VR, жасанды интеллект өнері, «Yeşilçam» киносына арналған толықтырылған шындық аймағы, тіпті караоке алаңына дейін қойды. Мұндағы басты идея – технология мен мәдениеттің бір-бірін толықтыруы екенін дәлелдеу болды.
17 қыркүйекте вице-министр Батухан Мумжу стендтің ашылуына қатысып, түрлі тәжірибелік аймақтарды аралады. Бұдан бөлек Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі ашылу салтанатына қатысып, жастардың өнертапқыштық әлеуетіне жоғары баға берді.
Мұнда бастауыш сыныптан бастап оқушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, ғалымдары қатысып, өз жобаларын әділқазыларға баяндап берді. Jas Qazaq тілшісі бірнеше жобаның таныстырылымын тыңдады.
Али Эймен Жейлан, 10 жас, TEKNOFEST 2025 қатысушысы:
«Мен бұл жобаны “Жабық алаңда газдың таралу қаупі мен салдары” деп атадым. Идеясы қарапайым: егер үйде бәрі қалыпты болса, құрылғыдағы шам жасыл болып жанады. Ал газ шыға бастаса, шам қызылға ауысады.
Өлшеуіш ауадағы газды бірден сезеді де, мен жасаған тетік автоматты түрде есікті және терезені ашады. Сонымен қатар, арнайы сигнал қосылады. Осылайша үйде тұрған адамдар тез шығып, қауіптің алдын ала алады.
Мен бұл құрылғыны өзім құрастырдым, себебі отбасымның және көршілерімнің қауіпсіздігі мен үшін маңызды. Жақын адамдарының басынан өткен қайғылы жағдайдан кейін бұл идеямды жетілдіруге тырыстым. Болашақта мұны жетілдіріп, әр үйде орнатуды армандаймын».
Батухан Өздемир, Сакарья университеті студенті, VeltrixAI командасының мүшесі:
«Біздің VeltrixAI жобамыздың мақсаты – жасанды интеллект арқылы әуе рейстерінің кешігуін алдын ала болжау. Жүйе ауа райы, әуежайдағы жүктеме, өткен деректер сияқты нақты уақыттағы мәліметтерді талдап, ұшақтың уақытылы ұшуы не кешігу ықтималдығын есептейді.
Бүгінде рейстердің кешігуі көбіне ауа райы, техникалық ақау немесе операциялық жүктемеден болады. Бұл әуе компанияларына қосымша шығын, жолаушыларға ыңғайсыздық әкеледі. Ал қолданыстағы жүйелер дер кезінде дәл болжам бере алмайды.
Біздің шешім:
– Жасанды интеллект негізіндегі болжау алгоритмі нақты уақыттағы деректермен жұмыс істейді.
– Әуе компаниялары мен жолаушылар ұшудан бұрын кешігудің ықтималдылығын біле алады.
– Бұл компания шығынын азайтып, клиенттердің сенімін арттырады.
Жүйе аз ресурспен жоғары дәлдік көрсетіп, түрлі әуе компанияларының инфрақұрылымына оңай енгізіледі.
SMAP және басқа да мәліметтер көзін біріктіріп, Big Data талдауы арқылы кешігуді болжау жүргіземіз. Энергия тұтыну мен деректерді сақтау да тиімді етіп ойластырылды.
VeltrixAI – әуе компанияларының операциялық басқаруынан бастап, жолаушыларға дейін пайдалы нақты шешім ұсынады. Болашақта бұл жүйе жаһандық деңгейде де қолдануға дайын».
Бұл сапардың негізгі ұйымдастырушысы – 2019 жылы құрылған Туризмді дамыту және ілгерілету агенттігі (TGA). Агенттік Түркияны әлемдік брендке айналдыруды мақсат етеді. Министрліктің қарауындағы ұйым қысқа, орта және ұзақ мерзімді маркетингтік стратегиялар арқылы Түркияны жаһанға танытып келеді.
Фестивальден бөлек, TGA шақыруымен тілшіміз Стамбулдың ең көрнекті орындарын аралады.
-Айя София мешіті – 1500 жылға жуық тарихы бар алып сәулет ескерткіші. Шексіз көгілдір күмбезі мен алтын жалатылған мозаикалары көне дәуір рухын сездіреді.
-Сұлтан Ахмет мешіті – көгілдір изник қыштарымен әшекейленген әлемге әйгілі «Көк мешіт» мұсылмандық сәулет өнерінің жауһары.
-Базилика цистернасы – су астындағы бағаналар залы. Мәрмәр тасқа қашалған Медуза бастары көне Рим өнерінің белгісіндей.
-Галатапорт – Босфор жағалауындағы жаңа заманауи круиз айлағы. Мұнда өнер галереялары, заманауи мейрамханалар мен дүкендер қатар жайғасқан.
-Жабық базар (Grand Bazaar) – 4000-нан астам дүкеннен тұратын шығыс базарының айнасы. Түрік тәттілерінен қолөнер бұйымдарына дейін бәрін кездестіруге болады.
TEKNOFEST тарихында алғаш рет Өзбекстан, Әзербайжаннан және өзге де түркі елдерінен келген жас ғалымдар ерекше белсенділік танытты. Соның айғағы – Бакудің BSU SSTCC командасы. Олар «Өмір сүру үшін қолжетімді технологиялар» номинациясында NeuroScreen жобасымен бірінші орын иеленді. Жоба сал болып қалған науқастардың ми сигналдарын сүзгіден өткізіп, жасанды интеллект арқылы диагноз қоюға және «ақылды үйді» басқаруға мүмкіндік береді. Бұл – ғылым мен медицинаның тоғысқан жаңа шешімі болды.
Ал Ondokuz Mayıs университеті TEKNOFEST аясындағы «Ұшқышсыз құрлық көлігі» жарысында Akıncılar-ATA тобы Түркия бойынша екінші орынға ие болды. Жүлдені Түркия Республикасының Вице-президенті Жевдет Йылмаз бен T3 қорының басқарма төрағасы Селчук Байрактар табыс етті.
Олжас Әбдіхалық