Jas qazaq ұлттық апталығының бүгінгі қонағы – Таразда тұратын белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы.
Өмірбаян
Несіпбек Дәутайұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, Жазушылардың халықаралық ПЕН клубының мүшесі және Еуразия жазушылары қауымдастығының Құрметті мүшесі.
Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бас жеңімпазы. Ғ.Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген «Ең үздік әңгіме» бәйгесінің бас жеңімпазы, республикалық «Ең үздік роман» байқауының жүлдегері. І халықаралық «Рух» әдеби бәйгесінің гран-при иегері.
«Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Аты жоқ әңгіме», екі томдық «Айғыркісі» және «Мінез», «Кісі иесі», «Ойымды етім он бөлек» кітаптарының авторы.
Түрік тілінде Анкарада «Жол» деген кітабы жарық көрген.
Республикалық «Жамбыл» әдеби-көпшілік, танымдық журналының директоры – Бас редакторы.
Jas qazaq: Несіпбек аға, Сіз Рахымжан Отарбаевпен өте жақын дос болыпсыз. Рахаң өмірден ерте кетті… Отарбаевсыз, доссыз өткізген бір жылдың салмағын таразылап көрдіңіз бе?
Н.Дәутайұлы: Рахымжан деймісің?!. Жазушыны жазушымен дос ететін – рухани әлемінің туыстығы, азаматтық болмысы, мақсат-мүддесінің үйлесімі. Жиырма жылдың айналасындағы арақатынас адам ретінде, қаламгер ретінде болсын, бір-бірімізді терең танудың, бір-бірімізді мойындаудың кезеңі болды. Біз айнала қоршаған ортадағы былайғы жұрт бас изеп отыратын көптеген құбылыстармен келісімге келе алмайтындар едік. Өз шығармаларымызда өзекті өртеген өмірімізге өгей ненің де қаққанда қанын, соққанда сөлін ағызып айтуға тырыстық. Телефон арқылы жиі-жиі хабарласып, оқыс оянып кететін ойларымызды ортаға салатын едік. Пайда болатын идеялардың қайсысы қайсымыздың ыңғайымызға келеді, соған қарай алмасып отыратынбыз.
Енді Рахымжан жоқ. «Аға, аңдамай айтып қалған сөзім болса, кешіңіз!» деген соңғы сөзімен өмірден өтті де кетті. Әйтсе де, мүлде жанашырсыз қалдым десем, өтірік болады. Адал сүт емген азаматтар аздау шығар. Алайда бар. Әй, бірақ Рахымжан емес қой, бәрі.
Jas qazaq: Рахымжан Отарбаев «Несіпбек Дәутаев алмаған жүлде, бәйге жоқ» депті. Бұл қалам қуатыңыздың артықшылығынан ба, әлде таныс-тамырларыңыздың көптігінен бе?
Н.Дәутайұлы: Біраз жүлденің бұйырғаны рас. Ал мықтылық… Мен сондаймын деп айту – ұят. Менімше, жазушы өзін-өзі сөзсіз мойындаған сәттен азғындай бастайды. Тамыр-таныстықпен жол іздегендердің де барар жері, басар тауы сол. Ғұмыр бойы Алматыдан, әдеби ортадан алыс жүрген мен ешкімнің алдына жазғанымды көтеріп барғаным жоқ, әлдене дәметкен емеспін. Өзіме-өзім тамыр-таныспын, өзіме-өзім доспын.
Jas qazaq: Қазір де әдебиетшілердің бәйгесі көп. Бір қызығы, сол жүлделерді алатын тұрақты қаламгерлер қалыптасқан. Яғни кезек-кезек алып отырады. Осындай сыбайластық сыйлықтың қадірін қашырып, жазушы қауымның сүйкімін кетірмей ме?
Н.Дәутайұлы: Әдеби бәйгелерден көз ашпай қалғанымыз рас. Көркем әлеміміз одан көркейіп кете ме, мен оны білмеймін. Бір мысал, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Қазақстан Жазушылар одағы жариялаған бәйге де қазылар алқасына мүше болған маған прозаны оқу жүктелді. 67 шығарма. Солардың арасында буыны бекіп, қабырғасы қатқан шығарма саны 10-15-тен артпай қалды. Сонда ойладым. Қазіргі қазақ прозасы қайда кетіп барады деп. Көп бәйгенің көбісінде туатын сұрақ бұл. Олай екен жазушының қадірі кетпей, қайтеді.
Jas qazaq: Сіз – өзге қаламгерлерден оқшаусыз. Басыңыздағы қалпағыңыздың өзі керемет! Құпия болмаса, айтыңызшы, қанша қалпағыңыз бар? Бағасы да арзан болмаса керек? Сұраған адамға бір қалпағыңызды бере аласыз ба?
Н.Дәутайұлы: Ерекшеленіп жүру өнер емес, мінез. Жүріс-тұрысың, сөйлеу мәнерінің, ойлау қалыбының оқшаулау көрінісі. Қалпақты айтсаң, ол да еркіндігіңнің бір белгісі. Астанада Бауыржан Момышұлының ескерткішінің ашылу сәтінде былайғылар күннің күйіп, желдің сабалап тұрғанына қарамастан, галстукпен сіресіп тұрғанда, мен Президентті осы қалпақпен қарсы алып, қол бердім. Қазақ басындағысын басқаға сыйламайды.
Jas qazaq: Алматыдан, қалам ұстаған зиялы ортадан алыста жатырсыз. Бұл саяқтығыңыздың мәні неде: көп жазушының күңкілінен қашу ма, әлде көптің бірі болып қалудан қорқыныш па?
Н.Дәутайұлы: Алматы да, ондағы қалам ұстағандар да саған кітап жазып бере ме? Ендігі жерде қазақ әдебиетінің жаңа тұрпатын жасау жайлы ойлардан сай сүйегі сырқырап жүрген кімдер бар. Демек, өзіңе сен. Құдай өзіңе қуат берсін!
Jas qazaq: Жазушымен әңгімелесіп отырып, оның шығармашылық жаңалығын сұрамау ұят болар. Не жазып жатырсыз?
Н.Дәутайұлы: Жазып болмаған дүниені алдын ала айтпайтын әдетім бар. Көңілдегідей шықпай қалса, алдымен өзімнен ұят! Сондықтан сүйінші сұрап, алаулатып, жалаулатындай сүйекті роман жазып жатқан жоқпын.
Jas qazaq: Ел ішінде жүрген жазушы болған соң халықтың тұрмысын, әлеуметтің әлеуетін күнде көзбен көресіз. Тараздағы елдің күй-жайы, жастардың тұрмысы қалай?
Н.Дәутайұлы: Халықтың тұрмысы, әлеуметтің әлеуеті ел экономикасына тәуелді ғой. Біз енді-енді еңсе көтеріп келе жатқан елміз. Экономиканың қадірін де жаңа-жаңа пайымдап келеміз. Берілген сөз, айтылған уәде бірден жасала салмайды. Сабыр керек! Жастарды жалаң ұраннан сақтай алу қажет. Әкім-қараларды осы тұрғыдағы әңгіме үшін іздейсің. Сондықтан да шығар сөзім өтеді.
Jas qazaq: Бұрын зиялы қауым: ақын-жазушылар әлеуметтік мәселелерге үн қатып, жоғары жаққа дат айтып тұрушы еді. Қазір сіздің әріптестеріңіз қаламақы мен сыйлық қана сұрайтын болыпты. Неге?
Н.Дәутайұлы: Жұрттың сөзін ашық сөйлейтін, намысын жыртатын қазақ азаматтары, шүкір бар! Ақын-жазушыларға келгенде… Жыл сайын ел билігінің ұшар басындағы адамның қабылдауына баратын қаламгерлер бірі – аға, бірі – құрдас, бірі – іні дегендей топ болып кіріп жатады ғой. Былайғы жұрттың арасында «елім-ай-лағанда» басын тауға да, тасқа ұрып жүрген жауы жоқ заманның батырларының әуелгі жыны әп-сәтте басылып қалады. Біреулері бипаздап, былқылдап сөйлеп жатады. Тіпті өңмеңдеп өлең оқып кететіндері өз алдына. Айналып келіп айтатындары бұқараның жайы емес, баяғы қаламақы, сыйақы және: біз де 70-тен астық, біз де 80-ге келдік… Сөйтсек, мерейтойымызды өткізіп беруге ықпал етер деген үміт екен. Сосын жылдар бойы өтпей жатқан құшақ-құшақ кітаптары… Айтпаса сөздің атасы өледі дейтін ешқайсын көрмейсің. Тебінгенде таралғыны, тепкенде темір үзетін тектілік адыра қалып барады, шамасы.
Jas qazaq: Қазақстан Жазушылар одағының құрамында 800 жазушы бар. Азаматтық позициясы бар жазушының саны 8-10-ның аржақ-бержағында. Қалғандарының не әдебиетте аты жоқ. Не қоғамда үні жоқ. Олар кімдер?
Н.Дәутайұлы: Өзің айтып отырсың, 800-ден астам жазушы бар, соның азаматтық позициясы барлары 9-10 деп. Осылар, міне, жазушылар. Қалғандары одақтың мүшелері. Әрқилы жолдармен өтіп алған әуесқойлар. Оңбай жүргеніміз де осындайлардың көпе-көрнеу көптігінен. Жастар дегенде, менімше, әңгіме былай: өмірді рухани күрескерлік рухта бастау керек. Болып, толып алу деген кезеңдері бар. Қиындықтан қылың қисаймасын. Ерік-жігеріңмен еңбек ет. Бізді неге алтынмен аптамайды, күміспен күптемейді деп дегбіріңнен айырыла берсең, жеке бастық азаматтық намысты жоғалтып аласың. Жалпы, аш жүр, тоқ жүр, Құдай берген таланттан артық еш нәрсе жоқ. Соған адал болсаң, ол сөзсіз алып шығады. Қалай дегенде де, жастарымыздан басқа біздің сенер кіміміз бар? Олар орда бұзады, бізден озады деген ойымнан айнымаймын.
Jas qazaq: Нес-аға, жаныңызға батып, жүрегіңізді ауыртып жүрген қоғамда қандай келеңсіздік бар?
Н.Дәутайұлы: Тобырлық жалаң ұранбайшылдық, танымның таяздығы, өтіріктің көптігі…
Сұхбаттасқан
Жарас Кемелжан