Тазы – бабалар аманаты!

09 қыркүйек, 16:18

Салт-дәстүр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қазақы ит тұқымдарын сақтап, оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі 2022 жылдан бастап Қазақстан Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын. Игі істен нәтиже бар. Жуырда Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) бас комитеті қазақ тазысын («Kazakh Tazy») ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім қабылдады. Осылайша еліміз тазы тұқымының иесі деген мәртебені иеленді.

Бұл – жетістік. Себебі қазақтың саятшылық дәстүрінде өзіндік орны бар – тазы тұқымын сақтап қалудың маңызы зор. Бір тәуірі, ел ішінде тазы асырап, ата-баба салтын жаңғыртып жүрген азаматтар баршылық. Оқырман назарына көкшетаулық журналист Мерген Тоқсанбайдың жазбасын ұсынамыз.

Ол күрең төбел бестісін желе шоқытып әлдекімді «Ерке!», «Ерке-е-ем!», Ерке-е-ем!» деп айғайлап шақырып кетіп барады. Сырт көрген адам ғашығынан адасқан әлдебіреу ме деп қалар. Бірақ ол бағана бір шоқ ағаштан үркіп шыққан топ еліктің соңынан құйындай зырлаған сара қасқа тазысын іздеген аңшы.

Ақ қардың үстінде селдей қозғалып, келесі тауды бетке алып, біркелкі қашқан көп еліктің ішінен бөлініп шығып, азулы ажал — тазыны үйірден бөліп әкетуге әрекет еткен теке қиыстай шаба берген. Аңның үлкен-кішісіне қарамай алдына келгеннің адымын аштырмай қуып жететін тазыға да керегі осы еді…

Зеренді мен Қошқарбай тауының арасындағы шоқ ағаштарды жатқа білетін Ерке осы жолы ұзақ жоғалды. Топ еліктің үйірбасы қос мүйізі қос қарыстай теке тазыға алдырмай адастырып кеткен болар деп ит кеткен жаққа асыққан аңшының аты — Тоқтар Екпін. Ол осы маңда құмай тазы ұстайтын аз қазақтың бірі. Қолына құт боп тиген сары қасқа тазысын еркелетіп сылап-сипап бағатын. Атын да затына сай Ерке деп қойған. Қазақ тазының жасын қанша қыс көріп, қанша қар басқанына қарап санайды. Биыл Еркенің үшінші қар басуы.

Тоқтар екеуміз аңға шықсақ, көп сырласушы едік. Не айтсақ та әңгіме ауаны көбіне жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, аңшылық, саятшылыққа тіреле беретін. Бүгін ол әлдекімге өкпелі, ызалы келеді. «Әй, итің ұятқа қалдырмай үйге олжалы кетіп барамыз. Не ғып сазара қалдың» деп сөзге тарттым…

— Біз осы тазы тұқымын қайтсек сақтап қаламыз деп жанталасып жүрміз. Қазақ даласының әр пұшпағында бабадан мұра болып қалған құмай тазылардың тұқымын асылдандырып, көбейтуді көздеп, жандарын жеп жүрген қаншама энтузиаст адамдар бар. Солардың жанайқайы жеткен шығыр, Президетіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы кезде тазы мен төбетке ерекше назар аударып жатыр. Менің ашуыма келетіні, қазір қазақы тазы мен ағылшынның грейхаунд тұқымын будандастырып жүргендер көбейді.

— Оның несі жаман? Ол да бір көне тұқым емес пе?

— Әр тұқымның өз ерекшелігі бар. Мәселен, грейхаунд тазыдан ұшқыр болса да, басқа қасиеттері тазыға жетпейді. Тазы өзі із кеседі, өзі қуып жетеді, өзі алады. Жеткен аңын парша-парша қып тастамай иесі келгенше басып, тірі ұстап жатады. Алған аңын адал бауыздап, үйірімен үш тоғыз деп қанжығаңа байлай саласың. Басқа елдер із кесу үшін «гончая» дейміз ғой. Қаптаған фоксхаунд, бассет-хаунд, бигли секілді иттер ұстайды. Мәселен, лайка тұқымы аңды орман ішінен тоқтатып, айғайлап үріп тұрады. Не соңынан үріп қуады. Ол аңды таптым, мен осындамын деген емеуріні. Лайка тапқан аңды борзыйлар ұстайды. Қазақ тазысы осы жұмыстың бәрін өзі істейді. Бабаларымыз осы қасиеттеріне бола, сонша ғасыр тұқымын таза ұстап, басқа итке қоспай келді ғой. Басқа тұқыммен будандастырғанда тазының, бәлкім, шапшаңдығы артар. Бірақ басқа қасиеттері жоғалады. Ұшқырлығына қызыққан кейбіреулер қазір бұл иттердің қанын бүлдіріп жатыр. Тазы — бабалар аманаты! Бізге табиғи қалпында аманаттап кетті ғой, біз қиянат жасамауымыз керек. Әйтпесе, кәрі құрлықты түгел жайламаса да, тегіс аралаған ата қазақтың екі тұқымды будандастыруға ақылы жетпеді деймісің?!

— Осы жылқы текті жануар, өз қанына шаппайды деп жатамыз ғой. Айғыр өзінен туған ұрғашы құлынға тимейді деп… Тазыларда ондай бар ма?

— Бабаларымыз оны да ескерген. Тазының әкесі мен қызын бір-біріне қоспаған. Ондай жағдайлар болған күннің өзінде одан түскен күшіктің психологиясы дұрыс болмайды. Оны инбридинг деп атайды. Мысалы, тазы тамақ ішіп жатқанда алдындағы асын қызғанбау керек. Иесі барып аузындағы асын еш қауіпсіз ала береді. Жаңағы инбридинг күшіктер ырылдап, кейде тіпті қауіп жатады. Бұл демек таза тазы емес. Сосын бізде тазыны арабтың салюкиіне көп қосып жатады. Содан болар, қазір тазының стандарттары да өзгеріп бара жатқан сыңайлы. Ит танитын адамдар қай тазының қанында салюки барын жазбай таниды. Үшінші, төртінші атасында салюки болса да көрініп қалады. Салюкидің құйрығы жүндес, ұзын келеді. Тазының құйрық ұшындай жарты шеңбер жасап қайқыланбайды. Салюки алғаш жүгіргенде тазыға жеткізбей кетеді. Бірақ оның шамасы 500 метр әрі кетсе бір шақырым ғана. Одан кейін аң ұстау былай тұрсын атқа да ере алмай қалады. Сосын өте тоңғақ келеді. Салюки үлкен аңға түсе алмайды сосын. Тазылар борсықпен жекпе-жек шығып, қуып қасқыр алып жүрсе, салюки түлкіні әрең алады. Жүрек жоқ оларда. Салюки де Мысыр Пирамидаларында бейнеленген көне тұқым. Біреулер тазы салюкиден тараған деген әңгіме шығарып жүр. Өз басым оған келіспеймін. Бұл үлкен зерттеуді қажет етеді.

— Қазір жер-жерде шырға тартып, ит жарыстырып жатады ғой, Еркені қосып көрдің бе ондайға?

— Иә, бір жасында қосқаным бар… Жалпы шырға салудың пайдасы да зияны да бар. Пайдасы әр өңірдің тазы ұстаған қазағы араласып, танысады. Ал, зияны мынада: Иттерді бір шақырым қашықтықта шырғаға салып жүгіртеді ғой. Ол тазыға аз қашықтық. Бұл жерде де жаңа мен айтқан тазы мен салюки қосылған будандар озып кетіп жатады. Жарыстың атағы мен ақшасына қызыққандар қазір қос тұқымды көптеп будандастырып жатыр… Сол үшін екі жылдан бері біздің Көкшетаудың аңшылары қара күзде тазы мен бүркіттерін кәдімгі аңшылыққа шығарып жарыстырады. Ол енді нағыз мықты итті анықтауға таптырмайтын мүмкіндік.

Тоқтармен сөйлесіп келе жатып, ауыл шетіне ілінгенімізді де байқамай қалдық. Он жыл ғұмырын осы ит тұқымын асылдандыруға жұмсаған оған іштей разы болып келемін. Ол қанжығасына өңгерген бағанағы елікке бір қарап, сүйсініп қойды. «Үйдегі бүркіттің де тамағы таусыла бастап еді, мынаның еті бүркітке де, тазыға да, бала-шағаға да жетеді. Рақмет, саған Ерке», — деді.

Мерген Тоқсанбай,
Көкшетау

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?