
Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Осы бағытта елімізде бірқатар ауқымды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы.
Осы бастаманың нәтижелері мен атқарылған жұмыстар туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы Қыдырберді Беков Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.
– Қыдырберді Әндірұлы, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды?
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында аумақтарды көгалдандыруға, өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, жастарды табиғатты қорғау қызметіне тарту және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту.
Біз бұл жұмысты тек сенбілік немесе тазалық шарасы ретінде емес, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс ретінде қарастырамыз. Акция барысында халықтың белсенділігі артқаны байқалды. Экологиялық бастамаларға еріктілер, мектеп оқушылары, студенттер, табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.
Сонымен қатар қоғамды ақпараттандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Акция барысында 45 телевизиялық репортаж дайындалып, баспа басылымдарында 22 мақала жарияланды және әлеуметтік желілерде 532 жарияланым орналастырылды. Бұл өз кезегінде экологиялық мәселелерге қоғам назарын аударуға және адамдардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етті.
– Жастар мен мектеп оқушыларын экологиялық бастамаларға тарту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осы мақсатта білім беру ұйымдарымен бірлескен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, мектептерде оқушылардың өсімдіктерді күту бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру үшін ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мамандары мектептерге барып, тұқым дайындау, өскіндерді күту және көшет өсіру бойынша арнайы оқыту сабақтарын өткізді. Нәтижесінде 236 мектептен 12 350 оқушы теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Олар контейнерлерге 36 250 ағаш тұқымын отырғызды.
Сонымен қатар 15 наурыз күні еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде «Болашақты бірге отырғызамыз» атты экологиялық акция өтті. Бұл шараға 17 мектептен 744 адам қатысып, барлығы 1 783 ағаш көшеті отырғызылды. Кейбір ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты отырғызу жұмыстары сәуір айына ауыстырылды.
Бұдан бөлек, 1-7 сәуір аралығында Құстар күніне арналған акция өткізілді. Оның аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар білім беру ұйымдарымен бірлесіп, 206 мектептің аумағында 1 223 құс ұясын және 20 жемшашар орнатты. Бұл іс-шараларға 3 180 оқушы мен табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Мұндай шаралар балалардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Табиғи аумақтарды тазарту, су айдындарын қорғау және туристік орындарды ретке келтіру бағытында қандай жұмыстар жүргізілді?
– Акция аясында табиғи аумақтарды тазарту және қорғау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Мысалы, 15 наурыз күні Балық шаруашылығы комитеті Түркістан және Қызылорда облыстарында «Таза су айдындары» акциясын өткізді. Оның барысында су айдындары иесіз балық аулау торларынан тазартылды. Акцияға 24 адам қатысып, 14 тыйым салынған балық аулау құралы тәркіленіп, шамамен 800 килограмм қоқыс жиналды.
Сонымен қатар наурыз айында Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында «Таза аймақ» акциясы өткізілді. Бұл шара барысында 17,96 тонна қоқыс жиналды. Іс-шараларға табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындарды қоса алғанда 812 адам қатысты. Ал еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде бұл акция ауа райы жағдайларын ескере отырып, сәуір айының ортасында өткізілді.
29 наурыз күні қорықтарда, ұлттық парктерде және резерваттарда бұлақтарды және оларға іргелес аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Акция барысында 21 бұлақ тазартылып, жалпы аумағы 40,6 гектар жерден 6,25 тонна қоқыс жиналды. Бұл шараларға ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындарды қоса алғанда 369 адам қатысты.
– Туристік аумақтарды тазарту және табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы жұмыстар туралы айтып берсеңіз.
– Табиғатты қорғау жұмыстары тек елді мекендермен шектелмейді. Туристер жиі баратын табиғи аумақтарды сақтау да маңызды. Осы мақсатта «Таза өлке» акциясы ұйымдастырылды. Оның аясында туристік маршруттар мен туристер жиі баратын орындар тазартылды. Нәтижесінде 37,55 тонна қоқыс жиналып, 138,1 гектар аумақ тазартылды. Бұл жұмыстарға 2 550 адам қатысты.
Сондай-ақ «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы және оларға іргелес аумақтардағы бұлақтарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 83,225 тонна қоқыс жиналып, 304,4 гектар аумақ қамтылды. Бұл іс-шараларға 1 540 адам қатысты.
Бұдан бөлек, 20 наурыздан бастап «Парктер шеруі» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Бұл бастама ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға назар аударуға және халықтың экологиялық санасын дамытуға бағытталған. Оның аясында экологиялық-ағартушылық іс-шаралар, сенбіліктер, ағаш отырғызу жұмыстары және табиғатты қорғау қызметін насихаттайтын көрмелер өткізілді.
Жалпы алғанда, барлық іс-шаралардың орындалуы белгіленген тәртіпке сәйкес күн сайын бақылауда болды. Бұл жұмыстардың жүйелі әрі тиімді жүзеге асуына мүмкіндік берді. Ең бастысы – қоғамның экологиялық мәдениеті қалыптасып, табиғатты қорғау ісіне азаматтардың белсенді қатысуы артып келеді.
– Ал биыл «Таза Қазақстан» бастамасы қалай жалғасады? Қандай жаңа бағыттар немесе іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Биыл да «Таза Қазақстан» бастамасы өз жалғасын табады. Негізгі мақсат – өткен жылы басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, экологиялық мәдениетті қоғамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыру.
Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстарын кеңейту, жастар мен еріктілер қозғалысын экологиялық акцияларға көбірек тарту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау бағытындағы іс-шараларды күшейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық ағарту жұмыстары жалғасады.
Табиғи аумақтарды тазарту, су айдындарын қорғау, туристік маршруттарды ретке келтіру сияқты дәстүрлі акциялар да тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар қоғамды экологиялық бастамаларға кеңінен тарту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – табиғатты қорғау ісіне бүкіл қоғамды жұмылдыру. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық