jasqazaq.kz

Таяу Шығысқа тұрақтылық қажет

30 шiлде, 15:30

Кеше де, бүгін де күллі әлем Таяу Шығыстағы ахуалды қалт жібермей, қадағалап отыр. Себебі де белгілі. Халықаралық қауіпсіздік, әлемдік экономика мен халықаралық сауда-саттыққа осы аймақтағы тұрақтылықтың тікелей ықпал етері анық. Түрлі шиеленіс пен қақтығыстан көз ашпайтын осы өңірде, айталық, Сирияда оң өзгерістер де бар.
Jas Qazaq танымал шығыстанушы, білікті сарапшы Сұлтан Әкімбековпен түйткілі көп Таяу Шығыста соңғы оқиғалар төңірегінде тілдесті.

 

— Сұлтан Мағрұпұлы, сарапшы қауым маусым айындағы Израиль-Иран арасындағы қақтығыстан кейін халықаралық саудадағы тұрақтылық туралы жиі айта бастады. Қазақстан үшін Солтүстік-Оңтүстік бағыты — аса маңызды дәліз. Осы өңірдегі шиеленіс халықаралық жүк тасымалына ықпал етуі мүмкін бе?
— 12 күнге созылған Израиль мен Иран арасындағы соғыс жылдам аяқталып, Парсы Шығанағы аумағы мен Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы сауда-саттықа елеулі түрде әсер етіп үлгерген жоқ. Бүгінде Иран аумағы арқылы өтетін осындай бірнеше бірнеше бағыт бар. Солардың бірі – ресейлік жоба бойынша Әзірбайжан арқылы Иранға жеткізетін ресейлік көлік дәлізі жобасы. Бұған қоса, Орталық Азия өңірінен Парсы Шығанағына бастайтын бағыттар бар. Атап айтқанда, Қазақстан 2014 жылы Маңғыстаудан түрікмен жері арқылы Иранға апаратын теміржол салды.
Жалпы транзит тұрғысынан алғанда, бұл еліміз үшін келешегі мол бағыт болып саналады. Иранмен сауда-саттық көлемі пәлендей көп емес. Дегенмен, өсіп жатыр. Рас, 12 күндік соғыс бизнес атаулыны алаңдауға мәжбүр етті. Әлгінде айтып өткендей, жылдам аяқталғандықтан, әсері де әлсіз. Бұл жерде мәселе ахуалдың тұрақсыз күйде қалуы және санкцияның сақталуында болып тұр.
— Соңғы кездері отандық және шетелдік ақпарат құралдары билікке жаңа күштер келген Сириядағы оқиғаларға айрықша назар аударып отыр. Башар Асад билігінен кейінгі елдегі ахуал қандай: бейбіт өмірді қалпына келтіруге талпыныс па, әлде ішкі алауыздықтың күшеюі ме?
— Сириядағы бүгінгі жағдайды күрделі деп сипаттаған жөн. Рас, оң өзгерістер де бар. АҚШ пен Еуроодақ санкцияны алып тастады. Бұл инвестицияға жол ашып, ел экономикасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сириялықтар инвестицияны ең алдымен Парсы Шығанағы елдерінен күтіп отыр. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «DP World» компаниясы Сирия үкіметімен құны 800 млн долларлық инвестициялық келісімге қол қойды. Құжат Жерорта теңізіндегі Тартус портын дамытуды көздейді. Бұл Парсы Шығанағынан Жерорта теңізіне, одан әрі Еуропаға бағытталған көлік дәліздерін құруға арналған ауқымды жобалардың бір тізбегі. Айта кету керек, бұған дейін Қатардың осы Сирия арқылы өтетін газ құбырын төсеуге қатысты жоспары болған.
Осының бәрі жағдайды тұрақтандыруға көмектесуі тиіс. Бірақ ел ішіндегі ахуал әлі де тұрақты емес. Бұл жерде мәселе Сирия билігіне кеп тіреледі. Қалай десе де, бұрынғы «Хайят Таһрир Әш- Шам» әсіредіншіл ұйымы содырларының бір тобы әләуилер тұратын Латакия және дүрзілер (друз) мекендеген Әс-Сүәйда провинцияларында бейбіт тұрғындарды қарумен қырып салу кезінде байқалды. Қазір осы ұйымның өкілдері үкіметтің қарулы күштері сапында.
Әрине, олардың әрекеті осы топтың бұрынғы көшбасшысы, бүгінде Сирия президенті Ахмед Әш-Шәраа басқаратын биліктің беделіне нұқсан келтіруде. Бұл, сондай-ақ, Сирия үкіметіне елдің барлық аумағында билік орнатуға кедергі келтіріп отыр. Өйткені қазіргі Сирия билігіне қатысты үрей елдегі әртүрлі қауымдардың өкілдерін алаңдауға мәжбүр етіп отыр. Бүгінде солтүстік пен солтүстік-шығыстағы күрдтер, оңтүстіктегі дүрзілер, шығыстағы Сирия шөліндегі бәдәуи тайпалары Дамаскінің бақылауынан тыс қалды.
Міне, осындай жағдайда Сирия билігі алдағы қыркүйек айында 210 депутаттан тұратын парламентке (Халық Кеңесі) сайлау өтетінін жария етті. 70 депутатты президент Әш-Шәрааның өзі тағайындайды. Қалғанын тұрғындар сайлайды. 15 қыркүйекке дейін уақыт аз қалды. Ресми Дамаск билігіне қарамайтын өңірлерде дауыс беру қалай ұйымдастырылатынын тап басып айту қиын. Қалай дегенмен, сайлаудың өзі — ілгері жылжу.
Басы ашық бір нәрсе – Сирияда соғыс өртінің тұтануы неғайбыл. Қазір оған ешкім мүдделі емес. Оның үстіне, мемлекет бір кездері қуатты болған әскери әлеуетінен айырылып қалды. Қалған-құтқаны өткен жылдың соңында Башар Асад биліктен кетерде Израиль тарапынан жойылды. Сондықтан қандай да бір жойқын қақтығысқа себеп те жоқ.


— Франция жақын арада Палестина мемлекетін танитынын мәлімдеді. Бұл жетіде өтетін Палестина мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі конференцияда екі мемлекет құру жайы талқыланады. Мазасыз аймаққа көптен бейбітшілік пен тұрақтылық әкелуі тиіс осы қос мемлекет формуласының болашағын қалай бағалайсыз?
— Дербес Палестина мемлекетін құру тарихы халықаралық қатынастар жүйесінде әлі де ең өзекті де өткір мәселе күйінде қалып отыр. Өкінішке қарай, түйінді шешудің қарапайым жолы жоқ. Франция, тіпті, Палестинаны таныған күннің өзінде мемлекет құрылады деген сөз емес. Қала берді, дәл қазір оған мүмкіндік тым аз.
Соңғы кездегі түрлі оқиғалардан соң, атап айтқанда, 7 қазандағы қасірет, Газа секторына қарсы Израильдің жауап қимылы, «Хезболланың» жеңілісі, Сирияда Асад билігінің құлауы, Израильдің Иранмен 12 күндік соғысы, президент Дональд Трамп әкімшілігінің Таяу Шығысқа қатысты саясатынан кейін осы аймақтағы ахуал күрт өзгерді.
Израиль күш-қуатын паш етті. Содан болар, енді Осло форматы бойынша Палестина мемлекетін құру идеясымен келісуге ыңғай танытқысы жоқ. 1993 жылы Израиль мен Палестинаны Азат ету Ұйымы арасында қол қойылған келісім нәтижесінде екі бөліктен, яғни Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторынан тұратын осындай мемлекет құру көзделген еді. Ал биылғы 23 шілдеде Израильде парламент Иордан өзенінің Батыс жағалауын Израил аумағының бөлігі деп танитын қарарға дауыс берді.
Міне, сондықтан Иордан өзенінің Батыс жағалауы енді Палестина мемлекетінің негізі ретінде қарастырыла алмайды. Оның үстіне, Газа секторы қатты қирады. Трамп тіпті палестиналықтардың бір бөлігін осы аумақтан атауы әзірге айтылмаған кейбір мұсылман елдеріне көшіруді ұсынды. Бұған қоса, Парсы Шығанағы елдерінің АҚШ-пен бірқатар келісімге қол қойғанын айтқан жөн. Аталған құжаттар Израильмен бейбіт қарым-қатынас орнатуды көздейтін «Авраам келісімі» («Ибраһим уағдаластығы») деп аталатын атышулы мәміленің бір бөлігі болуы да ғажап емес.

Сол себепті, қалыптасқан қазіргі жағдайды ескерсек, Палестина мемлекетінің құрылуы қиын-ақ. Ал француз президенті Макронның мәлімдемесі Франциядағы мұсылман тұрғындар мен либералдық бағыттағы қоғамдастықтың қолдауын алу мақсатымен жасалса керек. Бейбіт тұрғындар арасында көптеген өлім-жітімге әкеп соққан Израиль билігінің Газа секторындағы саясатын бүгінде Еуропадағы либералдық саяси топтар қатты сынға алып жатыр.

Срайыл Смайыл

Бүгін, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
Бүгін, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады
30 шiлде, 18:26
Сырым Ертаев: Шетелде біздің табиғи етке сұраныс мол
30 шiлде, 15:30
Таяу Шығысқа тұрақтылық қажет
30 шiлде, 14:51
Сарыағашта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда
30 шiлде, 13:54
Түлкібас ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмектер мен қолдау тетіктері
30 шiлде, 13:52
Қамқор қоғам – берекелі болашақтың кепілі
30 шiлде, 13:51
Әлеуметтік әділеттілік – басты басымдық
30 шiлде, 7:45
KPI – отандық өнім өндірудің озық үлгісі