Тау мен кластер

14 сәуiр 2017, 15:09

«Кластер» сөзі бізге жат емес. Оншақты жыл бұрын шаруашылықты түрлендіруге уәде берген атқамінерлер осы терминді көлденең тартатын. Экономиканы әртараптандыруға (диверсификация) жол ашатын бұл бағыт кәдімгі тауда да бар. Қысы –жазы туризмді дамытуды көздейді. Францияда «Моунтейн кластерімен» қауымдастық айналысады. Ұйым өкілдері елдің күнгейіндегі Вал – Сени (Val Cenis) атты шағын елдімекенге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған журналистерге жобасын таныстырды.

Альпінің етегіндегі тау шаңғысы орталығында өткен тілші ағайынның басқосуына «Жас қазақтың» атынан біз де бардық. Сонау 1955 жылдан бері шаңғы тебетін қаламгерлердің кездесуін өткізіп келе жатқан Халықаралық шаңғышы –журналистер ұйымының (SCIJ) аталған атырапты таңдауы тегін емес. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, француз командасының жетекшісі Рено Рибиердің айтуынша, мұнда сырттан саяхатшы тартуға барлық мүмкіндік бар. Теңіз деңгейінен 1500 метр биікте орналасқан ойпат тоғыз жолдың торабында. Тап іргеде Италияның Турин қаласы тиіп тұр. Сол қаладан Парижге баратын пойыз осы маңнан өтеді. Автобуспен де келуге болады. Еуропалықтар тау беткейіне жол салуды әбден меңгерген. Тақтайдай тегіс. Оның пәлендей құпиясы жоқ. Бөлінген қаржы орнымен жұмсалады. Асфальттің астын құм не топырақпен толтырып, бетін жылтыратып қоятын қулыққа бармайды. Су шайып кетпесін деп арық жасап қойған.

Биік екі жотаның ортасында жатқан мекенде шаңғы тебушілердің қарасы мол. Дені француз. Жайдары халық. Танысын, танымасын бәріне «бонжур» деп жымиып амандасады. Бір-бірімен тек өз тілінде сөйлеседі. Ағылшыншаны тек керек кезде ғана қолданады. Халықаралық тілдегі жазу көзге сирек шалынады. Жергілікті жұрт сөйлегенде біздің құлаққа таныс «ө», «ғ», «ң» дыбыстарын естіп, елең етесің. Дейтұрғанмен, шетелдіктер аз. Осының себебін сұрадық. Кәрі құрлықтағы мұндай орталықтар бір-бірінен онша қашық емес. Әңгіме басында айтылған кластер арқылы жасалатын инфрақұрылым да барлық жерде бірдей дерлік. Осыдан барып миллиондаған турист баратын Австрия мен Швейцариядағы жарнаманың шетелдік саяхатшыны тартудағы құдыретін мойындайсың.

Әлгі қауымдастық француз тәжірибесін өзге елдерде де іске асыруға күш салып жүр. Айта кеткен жөн, ұйым мамандары 2014 жылы Сочи Олимпиадасын өткізуге көмектесті. Алатау баурайындағы Шымбұлақтың әлеуетін арттыруды көздейтін жобаға да ықылас танытып жүр. Сонымен қатар, Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болған кезде бірлесе жұмыс істеуге ықылас білдірді. «Монтан» кластері қауымдастығының директоры Бенуа Робер екі жыл бұрын былай деп еді. «Біздің кластеріміз тау шаңғысы жүйесін жетік біледі. Франция үш рет Олимпиада ойындарын өткізді. Қазақстанда біздің кластер 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Француз компаниялары «Ақбұлақ», «Табаған» және «Көкжайлау» демалыс аумақтарын дамытуға жәрдем беруде. Біз Алматы әкімдігімен бірге туризмді одан әрі дамытсақ дейміз». Олимпиада демекші, бұл ел 2024 жылы Парижде өтетін жазғы дүбірлі доданың дайындығына кірісіп кетті. SCIJ басқосуы шеңберінде Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің  өкілдері журналистерді дайындық барысымен таныстырды.

Вал Сени — отбасылық демалысқа ыңғайлы. Шаңғы мен сноубордты енді игергендер мен орташа деңгейдегілерге таптырмас орын. Әсіресе, сырғанақ сабағы үшін таң атпай тауға өрмелейтін кішкентай балалақайларға қауіпсіз орын. Мұнда мүгедектер де жиі көзге шалынады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықтап жасалған шаңғы немесе шанамен қасыңнан зулап өткенде таңқаласың. Тағдыр теперішіне мойымағандарға еріксіз сүйсінесің. Жолдың бәрі бірдей емес. ұшар биіктен төмен құлдилағанда асқан әбжілдік пен шебер техниканы талап ететін «қара жолы» да бар. Кәсіпқойлар бір жетіден кейін жалыға бастайды деседі.

Шаңғышы әріптестердің жиынына қайта оралайық. Әдеттегідей, бұл жолы да giant slalom (гигант слалом) және cross country (жазықта шаңғымен жүгіру) бойынша күш сынасты. Басқасын қайдам, өз басым алпыстан әлдеқашан асып, сексеннің сеңгіріне тақап қалған қарт қаламгерлердің ширақтығына риза болдым. Кейбірі, тіпті, жастарды жарты жолда қалдырып, қайрат пен қажырлықтың үлгісін көрсетті. Біздің «Қаламгер» футбол командасының капитаны Жанарбектің (Ж. Әшімжан) «Тәжірибе жастық жалынан басым түседі» дейтін пікірге тағы да көз жеткіздік.

SCIJ бұл жолы таудың қыстағы мүмкіндігін көрсетумен ғана шектелмеді. Жазғы әлеуетін де паш етті. Сол мақсатпен 80 шақырым жердегі Шамбери қаласына апарды. Жан Жак Руссо тұрған кентті тамашалап, тағы да тауға бет алдық. Айнала жасыл желек. Шаңғы жолында қар жоқ. Саяхатшылар жаяу жүреді. Таза ауада велосипед тебеді. Жолбастушымыз Эдит. Қарапайым француз жігіті. Өзі шаңғы мен влеосипед бойынша нұсқаушы. Салған жерде біздің Александр Винокуровты сұрады. Білікті маманның арқасында тау велосипедінің ерекшелігімен таныстық.

Тау кластері тек спортты қамтымайды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, ауыр және жеңіл өнеркәсіп сияқты көптеген саланы қамтиды. Еуропада мұның игілігін қаладан қашықта жатқан елдімекендегілер көріп отыр. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

 

Срайыл Смайыл,

Вал Сени — Шамбери.Франция

 

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?