Пенде шіркініңіз өз тағдырының құлы, ол алдағыны болжап біле алмайды. «Ананы істесем, мынаны жасасам» деп шапқылап жүріп, табан астында жалп еттім. Дәрігерлер «суық өтіп кеткен» дейді. Бәйбішем «әкеңнен қалған жұмыс бардай шапқылайсың да жүресің. Саған көз тиген» дейді. Не десе о десін, міне, аурухана төсегінде талыстай болып жатырмын.
Палатаға менен бұрын бір егделеу кісі түсіпті. Емдеуші дәрігер көйлегін көтеріп, жүрек қағысын тексергенде байқадым, бұл кісінің тұла бойы тұтасқан сурет галереясы.
–Ал, мынаның тарихын айта отырыңыз, — дедім әңгіме бастамақ болып.
Ем-домнан соң ауру-сырқаудың сөз аңдитын тағы бір сырқаты болады. Менікі – сол.
–Е, мынаны айтасың ба? Бұл түрмеден қалған таңба ғой, — деді құдайы көршім.
–Сөйтіп, түрменің де дәмін татып келдім дейсіз ғой.
–Бұл не көрмеген жүрек, — деп көршім кеудесін уқалады.
–Сонымен?
–Не, сонымен?
–Мына татуировка қалай пайда болды?
–Түрмеде Турка деген бір тентек бар еді. Тентек болғанымен қолы алтын. Суретті керемет салады. Оған бәріміз кезекке тұрушы едік. Мына «өнер туындылары» соның қолтаңбасы.
–Сонда мұны не үшін салдырады?
–Қандай да бір мақсаты барын кім білсін. Түрмедегілер мақтаныш, айбат, сес көрсету үшін жасататын. Кімде сурет көп, сол мықты. Пахандардың денелеріндегі суреттер ерекшеленіп тұрады. Олардың денелерінде жолбарыстың, арыстанның, қанжардың, мылтықтың суреті болады. Бұл «мен баскесермін, ешкімнен де қаймықпаймын» дегендері. Енді біреулері түрменің сыртында қалған сүйіктілерінің суреттерін салдырады. Тағы біреулері айтуға ерсі тату жасатады. Айталық, бір сотталушының екі жамбасында күректің суреті бар-ды. Жүргенде сол күректері «пешке» көмір тастап тұрады. Былай қарасаң – қызықты, былай қарасаң – былғанышты. Мен де соларға еліктедім, күшті болып көрінгім келді. Ертең түрмеден шыққанда мұндағылар «е, босқа отырмаған екен ғой» десін деп ойлаған болуым керек. Мұндайлар түрмеде пішен, — деп бір тоқтады көршілесім.
Бүгінде түрме көрген көршім түгілі тіпті заманауи болып көрінуге тырысатын жастардың бойынан да осындай қызығушылықты көп байқаймыз. Сән салондағылардың айтуынша, денесіне сурет салдыру үшін келетін жастардың қарасы көбейген. Дегенмен, олар мұны мақтаныш санағанымен денсаулыққа зиян екенін білмейді. Сонымен қатар бұл ұлттық дәстүрімізге жат!
Адам – онсыз да Жаратқанның аса көркем етіп жасаған туындысы. Құран кәрімді оқып көрсеңіз «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» дейді Алла-тағала. «Ниса» сүресінің 58-аятында «Әлбетте, Алла сендерге аманаттарды өз иесіне тапсыруға бұйырады» делінген. Бұл аманат – сіз бен біздің мінсіз мүсін, асыл денеміз. Шимай-шатпаққа, бұлыңғыр былапытқа толы денені о дүние де қуана қабылдай қоймасы анық. Хадистерде терілеріне сурет салдырғандарға лағынет айтылады делінген. Ал, біз осыны біле тұра оның ұлттық дәстүріміз бен дінімізге жат екенін ұғына, сезе тұра жат қылықты жарнамалаймыз келіп.
Шынтуайтында денесіне шимай-шатпақ салдырғандардың көпшілігі мұны қатардағы адамдардан ерекшелену деп түсінеді. Олар басқалардан пайым-парасаттарымен, ақыл-білімімен, көп оқып, көп түйінгендерімен дараланып тұрса, қанеки! Денеге түскен әрбір таңба – шалыс басқан қадамының қателігінің мүдірсіз мөрі емес пе? Бұл мүліктің мезгілсіз машақаты да мөлшерсіз.
Татуировка – тәніңізден оңай кете қоймайтын таңба. Оны арнайы құралдармен ғана өшіруге болады. Лазер арқылы өшірудің еш зияны жоқ деп санайтындар көп. Дегенмен, дәрігерлер суретті сылып тастаудан көп зиян шегеді деседі. Ал, сурет саларда қолданатын бояулардың құрамын естісеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Міне, қараңыз: метиль спирті, альдегидтер, этилен-гликоль, денатучат,тағы басқа да зиянды заттар теріңізді тітіркендіріп қана қоймай, тиісінше бүлдіріп те бағады. Анағұрлым денеңізде сурет көп болса, солғұрлым татудың зардабы көп.
Дәрігерлерді былай қойғанда, қарапайым адамдар да бүгінде атын біліп болмайтын алапат аурулардың көбейіп келе жатқанын жақсы ұғынады. Сол аурулардың бірқатары тату жасату арқылы болады екен. Ең қорқыныштысы сол, тері рагі осы суретқұмарлықтан шығатын көрінеді. «Пәле қайдан, бассаң, аяқ астынан» деген осы.
Мамандар сұлулық салондарында санитарлық тазалық талаптары сақтала бермейтінін де еске салады. Мәселен, оның денесін «өрнектеген» ине залалсыздандырылмай, сіздің теріңізге де енуі мүмкін. Осыдан қанға түрлі микроб түседі. Сол микроб деген мыстан мың бәле ерте келеді. Ана бір жылы денесіне тату салдырған бойжеткен В және С гепатитіне шалдыққан. Дәрігерлер оны тату арқылы тапты деп тұжырымдаған.
Менің «зиялы» көршім меңзегендей, татуировканың алғашқы төркіні – түрме. Кезінде қанқұйлы қылмыскерлер денедегі суреттерді бір-бірімен түсінісу үшін салдырған екен. Сондай-ақ бұл ақпарат алмасудың да бір жолы көрінеді. Мысалы, біреулер тізесіне жұлдыз салдырады. Мұнысы «заң алдында тізе бүкпеймін» деген қыры көрінеді. Кеудедегі қанатты періштелер оның кәнігі қылмыскер екенін білдіреді. Білегіне қанжар суретін салдырғандар «ешкімді де аямаймын», «қаныпезермін» дегендегісі. Кешегі кеңес өкіметі кезіндегі түрмелерде денесіндегі татуировкасымен қай қылмыскердің қандай жазаланушы екенін тайға таңба басқандай айқындап тұрған. Бүгінгі абақтыларда мұндай ерсіліктер азайғанымен, жастардың, оның ішінде қыздардың желке тұстарына таңба салдыруы тыйылмай тұр. Мұны, әсіресе, жаз кезінде жиі байқап қаламыз. Тіпті онысын мақтаныш көретіндер де бар. Сол үшін де жазғы ыстықты желеу етіп, жалаңаштаныңқырап жүреді. Жалпы, желкесіне таңба салдыру – жақсылық емес. Ана бір жылдары Мәскеуде басқа ағымдағы жастар түгелдей желкелеріне өзіндік таңба салдырып жүргенінен бәріміз де хабардармыз. Олардың зардабын талай жазықсыз адамдар тартты да. Олар әсіресе, басқа діндегілерге қатты шүйлікті.
Есте жоқ ескі замандарда ғалымдардың зерттеулерінше, осыдан 600 жыл бұрын шамасында кейбір тайпалар жазаланған адамды масқаралау үшін денесіне түрлі сурет салған көрінеді. Мына қытай қоңсыларымызда ұрлық жасаған адамның саусағын шабатын дәстүр бар. Бұл да сол сияқты болғаны ғой. Ал, қылмыскерлер денелеріне суретті не үшін салдырғанын жоғарыда айттық. Сонда біздің жастарымыз денелеріне тату жасатуға неге құмар? Сұлулық үшін бе? Елден ерек болу үшін бе? Өйткен ерекшелігі құрысын. Түрлі ауруға тап болып, одан қалса айналаңыздағыларға түрпідей тиетін көріністермен жексұрын болып көрінгенше, табиғат сыйлаған тартымдылығыңызбен-ақ жарқырап жүре бермейсіз бе? Жаратылысың сыйламаған сұлулықты сатып аламын деу бекершілік. Ерекшеленесің бе, есті бол, есепшіл бол! Есер қылық ешқашан да ес кіргізбейді. Осыны ұмытпа, жауқазын жас!
Сабырбек Олжабай