«Татешка, не учите нас!»

30 қазан 2020, 14:31

Алматы. Күздің шуақты күнінде орталық саябаққа қарай аяңдадым. Бұл кезде шаһар қызыл-сары түске боялып, құлпыра түседі. Айналадағы көріністен ерекше бір әсерге бөленіп, саябақтағы бос сәкіге жайғастым. Сол-ақ екен, әріректе отырған үш қыздың әңгімесі құлағыма жетті. Түрлерінен колледж студенттері екені байқалады. Арасындағы біреуі кетуге ыңғайланды ма, қасындағы қыз:
– Ей, қайда барасың? – деді.
– Магазинге! – деп жауап берді анау.
– Қалтаңда тиын болса, сушняк пен жейтін бірдеңе алшы!
– Айтсаң болды ғой, петрушка! – деп жауап берді құрбысы.
Қалған екі құрбы әңгімені былай жалғады:
– Өткендегі фигурасы мощный жігіт не болды? Старшак, кажется, ия? Сөз салды ма?
– Жоқ… ол тормоз, зависать еткен дискі сияқты. Фигурасы ат болғанмен, бетін трактор басып кеткен.
– А-а-а.
– Өзі анда-санда маяк тастап тұрады, мен де типаж боп звондамай жүрмін.
– Байқа! Құлағыңнан теуіп кетіп жүрмесін.
– Ой, посмотрим. Мен оған қараймын ба, қарамаймын ба, еще подумаю. – Кстати, сенің родактарың не болды. Өткенде үйдегі жағдай мәз емес деп едің?
– Да вроде налаживается, обе успокоились. Екеуін қорқыттым «үйден кетіп қаламын» деп. Қазір жүр как миленькие. Достали взрослые. Их не поймешь,– деп күрсінді.
– А-а-а жақсы болса болды әйтеуір. А то сені уайымдадым.
– Че-то Аселька задерживается, барып тауып алайық, – деп орындарынан тұрды.
«Естіген құлақта жазық жоқ». Дегенмен өрімдей қыздардың әңгімесінен есеңгіреп қалдым.
Қарап отырсақ, қазіргі жастардың әңгімесі неше түрлі «жаргон» мен «сленгтерсіз» өрбімейді. Олай сөйлемесе, жастар тілімен айтқанда, «позор» болып қалардай. Содан шығар, тіл байлығы сол 40-50 шақты «жабайы» сөзден аспайды.
Бірде «Сайран» автобекетінің маңындағы аялдамада автобус күтіп тұрдым. Екі жас қыздың диалогы еріксіз назарымды аудартты.
– Жанель, сен көрдің бе, Айканың сториске не салғанын?
– Иә, көрдім, я даже не лайкнула.
– Неге?
– Да зачем? Очередной пранк. Мен сенбеймін оған. Выдумщица ғой жүрген.
– Ой, мен онда күшті коммент қалдырдым. Удалить надо или как?
– Конечно удаляй! Айкаға нельзя верить.
Екеуара әңгіменің сиқы осындай. Шыдамай жандарына барып: «Қыздар кітап оқисыңдар ма? Не қазақша, не орысша сөйлесеңдерші», – деп ақыл айтқанымды қайтейін. Олардың маған берген жауабы: «Татешка, не учите нас. Мы сами знаем как разговаривать», – болды.
Иә, қазіргі жастар қалай сөйлеу керек екенін өздері біледі.

Мақпал Ноғайбаева

Тақырыпқа орай

Нұрлан Шүленбаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің ғылыми қызметкері:

«Соңғы жылдары жастарымыз тұрпайы да дөрекі жаргондар мен сленгтерді пайдаланып сөйлейтін, яғни қойыртпақ, өздеріне ғана түсінікті тілде сөйлеуге әдеттеніп алды. Оның мынадай бірнеше себептері бар. Біріншіден, бала тілінің шығуы оның өскен ортасына байланысты. Орыс тілді аулада ойнап өскен баланың тілі де орысша немесе орыс тілі араласа шығады. Екіншіден, «аралас» балабақшада тәрбиеленген, «аралас» мектепте оқыған бала да екі тілде шүлдірлейді. Үшіншіден, Батыс мәдениеті, сөйлеу мен жүріп-тұру, қоғамда өзін ұстаудың батыстық мәнері жас ұрпақтың бойына күн сайын дендеп енуде. Әлі оң-солын танып үлгермеген, қабырғасы қатпаған жас бала Батыс мәдениетінің жақсы немесе жаман жақтарын електен өткізбей, жаппай қабылдауда. Пайдалы не зиянды әдеттер, әрекеттерді ажыратуға жастар дайын болмай шықты. Төртіншіден, теледидар мен интернеттен атыс-шабыс, зорлық-зомбылықты, әдепсіздікті дәріптейтін бағдарламалар, фильмдер көбейіп кетті. Оны қадағалау ешкімнің ойына кіріп-шығар емес. Тәрбиелік, танымдық тұрғыдағы отандық фильмдер мен бағдарламалар аз әрі оларды жастардың көруге құлқы да жоқ. Бесіншіден, жастар санасында «дөрекі жаргондарды, «сәнді сөздерді», кірме (шетел, орыс) сөздерді араластырып сөйлесек, сәнқой, өзгелерден алда боламыз» деген ой қалыптасқан, санасы уланған. Тіпті бір ауыз орысша білмейтін ауыл қыздарының өзі қалаға келіп, қате сөйлесе де орысша тілдесуге тырысады.

«Көш жүре түзеледі» демекші, бәлкім, қазақ ұлтының саны артып, таза қазақ тілінде білім беретін мектептер көбейген кезде ана тілі – қазақ тілінде сөйлейтін өскелең ұрпақ қалыптасатын шығар».

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген