jasqazaq.kz

Тарихқа «сепаратизм» жүрмейді

27 қазан 2017, 12:20

Тарих ғылымы – әмбебап ғылым. Тарихты шынайы баяндау үшін белгілі бір халықтың тарихына қатысты археологиялық, этнографиялық, архивтік, фольклорлық, әдеби, деректанулық сынды сан алуан фактілерді, мұраларды сараптау барысында ешкеленіп тексерілген бұлжымастай дәлелденген оқиғалары ескерілуі тиіс.

Түрк халықтарының тарихы да ортақ, тағдыры да ортақ. Сондықтан, Ұлы даланың ұлаңғайыр жерін мекендеген түрк ортақ тарихын зерттеу жұмыстары бүгіндер жүргізіліп келеді. Күллі түрктердің арғы ата-бабалары Ғұн империясы ( б.з.д. 209- б.з. 155 жж.) құрамында 24, одан Түрк империясы (551 ж.- IXғ.) құрамында 50-ден астам, Алтын Орда мемлекеті құрамында 92 аса ірі тайпалық одақтар болды. Демек бүгінгі түрк тілдес халықтарының ортақ аталары мен ортақ тарихы болды деген сөз. Қазіргі түрк халықтарының барлығы ата-бабаларының ортақ тарихы кезеңдеріне айрықша назар аударып тарихи ортақтығын естен шығармағаны абзал.
Бүгіндер жалған мүддемен, жасынды түрде жазылған «сепаратистік» бағыттардағы «тарихшылардың» көлеңкесінен құтыла алмай келеміз. Олай дейтімініз, 1990 жылдардан бастап біздің Орталық Азия халықтарының тарихнамасында «ғылыми» спекуляция, делитанттар, әуесқойлар жазған том том кітаптары пайда болды. Оларда шеттен тыс бұрмаланған субьективті көзқарас қаптап кетті.

Әрине, тарих дегеніміз қоғамдық-әлеуметтік күрделі заңдылықтары бар құбылыс болғандықтан оның кейбір субьективті жақтарын саяси мүддеге де пайдаланып кеткендері бар. Мысалы, Орталық Азия елдерінде кімнің тарихы терең, Адам ата «менің ұлтымнан», Атилла «менікі», Шыңғыс «менікі» деген секілді жарыс ушығып кетті. Шындығында, Орталық Азия елдерінің ортақ тарихы болуы керек. Әркім өз тарихым мынау деп жұлып алып, «сепаратизм» жасауға болмайды. Мысалы, «Манас» эпосында арғы атам ноғай дейді. Расында, Алтын-орда заманында ноғайлы ұлыс болды.
Байырғы Ғұн, Түрік, Алтын-орда сынды империялар құрамында қазіргі Орталық Азия түркі тілдес халықтарының барлығы болды. Еуразиялық кеңістікте құдыретті де қуатты саяси күш қайратын танытқан біртұтас түрк тарыхымыз бен ортақ мұрамыз бар. Аталмыш ортақ мұраны меншіктеуге әсте болмайды. Тарих ғылымында «сепаратизм» жүрмейді. Неге? Ру, тайпа, этнос, этникалық топтар, ұлыс, ұлт бір мекенге қағып тастаған, қозғалмайтын қазық емес. Белгілі бір этностың қоғамдық-әлеуметтік тарихында талай-талай толқулар болды, онда көрші, қоңсы, іргелес, қоныстас, шалғайлас көшіп-қону секілді сан-қилы өзгерістерге душар болып келгендіктен ортақ тарихты кесіп, жыртып меншіктеуге болмайды.
Осындай «сепаратизмді» жеке тұлғалар, әуесқой «тарихшылар» жасаса кешірімді. Ең өкініштісі де, осындай жалған істер мемлекеттік деңгейде ұран салып көтерілу болып тұр. Мысалы, Қырғызстанда 2003 жылы «Қырғыз мемлекеттілігінің 2200 жылдығы» атап өтілді. Сонда дейміз-ау, қырғыздардың түрк билеушілеріне бағынышты болғандығы туралы Орхон жырларында анық баяндалады. Ол империя құрамындағы бағыныштылықты не деп түсіндіреміз! Қытай жазбаларына сүйене отырып қырғыз зерттеушілерінің өздері мынадай мәліметтер келтіреді «… қырғыздардың түбі түрктерден тарамайды, олар түрктерді құраған «түрк» деп аталатын елмен тең атаның балалары екендігі айтылады» (К.Жусупов Кыргыздар: Санжыра, тарых, мурас, салт) дейді. Олай болса, қырғыз тілі түрк тілдері жатпайтын, ала-бөтен қытай тілі секілді тіл ме? Қырғызбен өзге түрк халықтары тілмашсыз сөйлесе алмайды екен -ау?! Бұл сондай неткен жат халық?!! Еуразиялық кеңістіктегі күллі түрк халықтарының ата-бабасы саналатын түрктен тарамаса, түрктерге ала-бөтендігі бар болса, жақындығы жоқ болса, бұл неткен халық сонда! «Манас» эпосы да түркке қатыссыз тілмен жырланған ба?!
Көне түрктердің тілі — қазіргі әзербайжан, алабұға-татар, алтай, астрахан- қарағаш, балқан, барабин, башқұрт, божнұри, ғағауыз, долған, қазақ, қарайым, қарақалпақ, қарачай-балқар, қырғыз, қырым-татар, қырымчақ, құмық, ноғай, салар, сары йұғыр, сонкор, татар, тофа, тыва, түрк, түркмен, өзбек, ұйғыр, ұрым, хакас(хоңғарай), халаж, хорасан-түрк, чұваш, чұлым, шор, саха (якут) тілінің арғы ата-баба тілі деген сөз. Демек кез келген түрк тілдес халықтары көне түрктердің құрамдас бір бөлігі, сол байырғы тілдің сарқыншағы сабақтастығы екендігін ұмытпағаны жөн.
Бұл олқылықтардың түпкі себебі тарих ғылымының әлсіздігінен, тарихи нақты білімсіздіктен, рухани жұтаңдықтан, ата-баба шежірелік сауатсыздығынан деп білеміз. Себебін біз екі мәселе төңірегінде дәлелдейік. Ғұн империясы жайында осы мақаланы көлеміне байланысты тоқталмаймыз. Біз қырғыздар мәселесіне көңіл аударайық.
Бірінші мәселе – қырғыз мемлекеттілігінің 2200 жылдығы рас па?
Осы орайда айтарымыз, кейбір қырғыз тарихшылар айтқандай 33 000 жыл бұрынғы Ак уул, Ку уул деген аталарынан тараған болса, ол туралы біруыс тарихи дерек, артефакт іздеп таба алмайсыз! Қырғыздар не себептен 2200 жылдық деп ұран салды. Бұл ешбір тарих ғылымының дәлелсіз, дерексіз саяси науқанға айналдырған үстірт түсінік деуден басқа амал жоқ.
Қырғыздардың этникалық, глоттогенездік, автохтондық, миграциялық тарихы біршама зерттеліп келеді, алуан түрлі болжамдар да айтылып келеді. Қырғыз халқының қалыптасуы, шығу тарихы туралы зерттеулер Орталық Азия тарихнамасында талас-тартысқа толы тақырыптардың бірі. Қырғыз этнонимі, олардың шығу тегі, байырғы ата-мекені туралы зерттеулер Ресей, Еуропа, Батыс және Шығыс тарихшыларының назарында болды.
Сонымен біз білетін қырғыздар кімдер? Қырғыздар Қазақстанның оңтүстік-шығысында Тәңірі тау (Тянь-Шань) мен Алатаудың арғы бетін мекендейді. Қырғыз тарихшысы Анварбек Мокеев: «Махмұд Қашғаридың «Түрк тілдерінің сөздігі» еңбегінде Жетісу, Тянь-шаньда қырғыздар болғандығы туралы ешбір мәлімет жоқ… Археологиялық, тілдік, этнографиялық тұрғыдан Енисей қырғыздары Алтай-Ертіс аумағындағы қимақ-қыпшақ, тоғыз-оғыз, қарлұқ мәдени шеңберлерімен тоғысып, толысып қазіргі Тянь-шань қырғыздарының мәдени ерекше болмысын XIV ғасырлардан Жетісуға қоныс теуіп қалыптастырды…. » деп тұжырымдайды.
Ал қырғыздар тарихын зерттеуші Ю.С.Худяковтің пікірінше, «…шығыстүркістандық қырғыздар кейіннен Тянь-Шанға қоныстанып, жергілікті Тянь-Шань маңындағы ирантілдес халықтармен, Моғолстандағы түркітілдес түркі-моңғол тайпаларымен және ойраттардың өзге тобымен араласуы арқылы қазіргі қырғыз халқын құраған болуы керек» дейді.
Бұрын Орталық Азия тарихнамасында «ұлы қырғыз державасы» деген жалған атау пайда болған еді. Қазіргі оңтүстік Сібірдің Минуса алқабы, Ұлық Кем-Енисей өзені, Саян тау, Байкал көлі бойында шоғырланған ойраттар, бұрыйаттар, барқұндар, ұрсұттар, қабқанастар, қырғыздар, аздар, чектер, тубалар, қаңқастар сынды тайпалар негізінде құрылған тайпалық одақтар болған. Бұл тайпалық одақтар «ұлы державалық билік құрғандығы» рас болса, олардың билеуші әулет шежірелері, қаған аттары, билік жүйесі, ру тайпалық құрамы, елшілері, қала қалашықтары, сауда-саттық байланыстары секілді көптеген артефактілері қытай және өзге тілді жазбаларда кеңінен баяндалуы тиісті еді, археологиялық мол мұралары қалған болуы керек еді. Ондай деректер бүгіндер біз білетін тарих-деректанулық зерттеулерде жоқ, табылмаған. Сондықтан «ұлы державаны» дәлелдейтіндей нақты бір тарихи деректері, артефактілері жоқ, аталмыш анықтаманы «советтік көпірме айқайлары, ұрандатқан шулары» демеске амал жоқ. Орталық Азия тарихнамасында қандай да нақты бір тарихи дерексіз, артефактілерсіз «ұлы державасының 2200 жылдығы» деген өтірік екендігі айдан анық болып тұр.
Екінші мәселе –Тянь-шань аумағындағы санғасырлық археологиялық деректер кімдікі? Біздің ортақ Түрік тарихымыз бар дедік. Оның да археологиялық сан қилы мұралары еуразия көлемінде молынан сақталынған. Түрк текті йағма, чігіл, қарлұқтар одағы іргесін қалаған Қарахан мемлекетінің (IX-XIIIғғ.) ордалық астанасы Балғасағұн қаласы «қырғыздардікі» ме? Талас, Шу, Тянь-шань аумағындағы көне түрк дәуірінің (VII-IXғғ.) жүздеген тасмүсіндері, ғұрыптық кешендері, қала-қалашықтары «қырғыздардікі» ме?, тіпті Тянь-шань аумағындағы түрк дәуірінің археологиялық мәдени қабаттарының артефакті мұраларының барлығы «қырғыздардікі» ме? Әрине, олай емес!
Тәңір тау (Тянь-шань), Жетісу, Талас аумағын V -XIIIғғ. аралығында түрк текті ұлыстар, тайпалық одақтар ежелден мекендеп келді. Тянь-шань аумағындағы оларға қырғыздар XIV ғасырдан бастап қоныс аударып, аралас-құралас болып келген еді.
Түрік империясы күллі түрк тектес этностарды, көшпелі ұлыстарды көк байрақтың астына біріктірді, Еуразия кеңісітігінде алып империяны сомдаған еді. Көне түріктер орнатқан осындай империямен сол заманда терезесі тең келер бірде-бір мемлекет болмаған еді. Ол кездері жербетінде жүз мыңдаған ауыр қаруланған ұзын найзалы «түмен-түмен» атты әскерлер Елдің қамы, жердің тұтастығы үшін басы барларды идірген, тізесі барларды «шөктіріп» бүктірген, «Тәңірі текті бек ұлдарды құл болғызбай, сұлу қыздарды күң болғызбай, ішер асын мол еттім, киер киімін кең еттім, кедейді бай қылдым, аз халықты көп қылдым, жақсылап тыңда!, ақылмен ұқ! » дейді сол кездердегі бітіктастарда білікті қағандар мен асыл бекзаттар. Иә, бұл шын мәнінде көне түрктердің әлемдік тарихи сахнасындағы асқақтаған биік кезеңі болатын. Демек, Еуразия кеңісітігінде билік еткен осынау алып империяның ортақ бітім-болмысын баяндау тым күрделі де сан-қилы тарихи-деректерді жинастырудан бастап, ғылыми дәлелді, тиянақты зерттеуді ерекше талап ететіндігін тарихшылары естен шығармауы абзал.

Нәпіл Базылхан,

түріктанушы ғалым

Бүгін, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс