Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекеннің іргесіндегі Үлбі өзені жағаға тақау үйлердің бау-бақшасына жайылған. Ал көктемде судың деңгейі 5-6 метрге дейін көтеріледі. Соңғы үш жылда өзеннің арнасы кеңіп, ауылға тіптен жақындап келеді. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Қазір толқын көтерілген сайын тұрғындарды үрей билейді. Жергілікті атқарушы билік пен төтенше жағдайлар қызметі жағаны бекітудің жобасын енді жасап жатыр. Үлбі өзені жыл санап ауылға жақындап келеді. Үш жыл бұрын өзеннің арнасы 200 метрдей алыс болса, қазір кейбір үйлердің шетімен ағып жатыр. Өткен көктемде су аулаларға жайылып, тұрғындар бірнеше күн үрей құшағында отырды. Ағыны қатты тау өзені жолындағы биік ағаштарды тамырымен қопарып әкеткен. Арнасы да жыл санап кеңіп келеді. Елена Ляпунова, Тархан ауылының тұрғыны: – Бұдан 28 жыл бұрын ауылды түгел су шайып кеткен. Ол кезде өзеннің жағасы ауылдан алыс әрі берік болатын. Ал алдағы көктемде жағдай қалай болатынын елестеудің өзі қорқынышты. Өйткені өзеннің арнасы мүлде бұзылып кетті. Жаға деген атымен жоқ. Қазір ауыл бойынша 40 тан аса үйге өзеннен қауіп төніп тұр. Кейбір үйлердің ауласындағы қоршауларын бұзып, бау-бақшасымен ағып жатыр. Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдікке қауіпке қарсы шара қолдануды өтінген. Бірақ жағаны бекітіп, тасқынға тосқын жасауда атқарушы биліктің сылбырлығана қынжылады. Светлана Шульмина, Тархан ауылының тұрғыны: – Мен осы жазда ауыл әкімдігіне барып, мәселені айттым. Комиссия келіп, жағада ары-бері жүрді де, «бұл негізі – күмәнді мәселе» деді. Қандай даулы және күмәнді мәселе болуы мүмкін. Дереу әрекет ету керек емес пе?! Ауыл әкімі әрекет ету үшін жоба-жоспар жасалып жатқанын жеткізді. 2012 жылы өзеннің 1 шақырымға жуық жағасы бекітілген. Келешекте осы жұмыстар жалғаспақ. Базарбек Жаңабаев, Фрунзе ауылдық округінің әкімі: – өзеннің жағасының топографиялық суреті жасалып жатыр. Ол дайын болған соң атқарылатын жұмыстың жобасы сызылып, жұмыс көлемі анықталады. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәлеметі бойынша, облыста 87 ауылға өзеннен қауіп тұр. Сондықтан 2020 жылға дейін жағаларды бекіту жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алексей Штыкель облыстық ТЖД бөлім басшысы – Биылғы жылы 13 елді мекенде жағаны бекіту жұмыстарын атқарамыз. Бұл ауылдар шамамен қазір 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Әрине тасқын қаупі жоғары ауылдарды бірінші қолға аламыз. Облыста 2018 жылы тасқынға тосқын жасаудың жоспары мен бөлінетін қаржы енді қарастырылып жатыр. Алдын ала есептік болжам бойынша әрбір ауданнан аз дегенде 40 миллион теңге бөлінбек. Ал арнасы Тархан ауылына біртіндеп жақындап келе жатқан Үлбі өзенінің жағасы бекіту үшін қанша қаржы қажет екені әзірше белгісіз.