Ақтөбеде «Мадок» балабақшасы тексеріліп жатыр. Оған ата-аналардың шағымы негіз болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбеде мемлекеттік тапсырысты орындап отырған «Мадок» балабақшасының ас мәзірі тексеріліп жатыр.
Себебі, ата-ана балаларына ыстық тамақты орнына нанға шоколадты май жағып бергенін айтып, қалалық білім бөліміне арыз түсірді. «Балам бұған дейін балабақшада қарақұмық жейтінін айтып жүрді. Бірақ балабақшада тамақтың иісі мүлде шықпайды. Кішкентай болған соң көрген-білгенін дұрыс жеткізе алмайды деп ойладым. Тағы сұрағанда қарақұмық жейтінін айтып, сөзінен танбады. Сенбедім, бір кезде әлеуметтік желі арқылы видео мен сурет тарап кетті. Күн сайын тамағына деп 500 теңге төлеймін. 2 жылға жуық келіп жүргенімізбен мен балаларымды алып кетуге ұйғардым. Бұл жерде балама нанға май жағып, қара шай берген. Таңғы асы осы. Ал мәзір бойынша таңғы асқа ботқа беруі тиіс», — деді екі баласын аталмыш балабақшаға апарып жүрген Алина Ұбайдуллина. Бүгін балабақшаға қалалық білім бөлімінің арнайы комиссиясы келіп, тексеруді бастады. «Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеп жатқан «Мадок» балабақшасындағы ата-анадан шағым түсті. Шағым негізінде комиссия құрылып, тексеру басталды. Ата-ана тамақ, оқу процесіне көңілі толмайды. Бұған дейін балабақшаға қатысты шағым болмады», — Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлжан Әмірова. Келісімшарт бойынша арнайы нұсқау беріліп, кемшіліктерді жоюға белгілі бір уақыт бекітіледі. Кемшіліктер жойылса балабақша жұмысын жалғастырады, егер орындалмаса қалалық білім бөлімі екі арадағы келісімшартты бұзады. «Ата-ана мен балабақша арасында түсініспеушілік болды. Екінші таңғы ас кезінде ата-ананың бірі телефонға түсіріп алып, оны желіге таратып жіберген. «Бұл бірінші таңғы ас» деп беріп, қате ақпарат таратты. Осы жағдайдан кейін тексеру болып, балаларға шоколадты май беруге болмайтыны айтылды. Балабақшаға сөгіс жарияланды», — деді «Мадок» балабақшасының құрылтайшысы Толқын Шектібаева. Балабақшада төрт мезгіл тамақ беріледі. Құрылтайшы ата-аналардың қарызы көп болғанымен ортақ талап бойынша тамақтандыратынын жеткізді. «Ата-аналардың қарызын нақты, тіпті жобалап айта алмаймыз. Біз мемлекеттік тапсырысты орындаймыз, қазір тек ата-аналар ғана бізге қарыз», — деді Толқын Шектібаева. Ал Ақтөбе қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жеке балабақша болған соң ата-анадан арыз түссе ғана тексеру жүрзіле аламыз деп отыр. «2017 жылдың ақпан айында «Мадок» балабақшасына санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілді. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес үш жыл бойы тексеру жүргізуге құқығымыз жоқ. Ақтөбе облыстық немесе қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына арыз түспеді. Жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін ата-анадан арыз түсуін күтеміз», — деп хабарлады облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі.