Тамырластық пен тағдырластық

14 қазан 2016, 14:17

Сан ғасырлар бедерінен негізін іздейтін әрбір халық өз тамырын әріден тартады. Оның рухани құндылығы – мәдениеті мен өнері сол елдің төл тарихымен бірге дамиды. Көне заманда Енесайдың бойын жайлаған қырғыз халқы күні бүгінге дейін талай тар жол тайғақ кешуден, түрлі бел-белестен өтті.

ddefd2114e4e6e8d080553a47e91a14a

Ұлт болып қалыптасқан, жұрт болып тамыр жайған, қоңсы қонған қос халықты ортақтастыратын белгілер көп. Себебі ұлы Абай айтқандай, «… еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды».
Қырғыз әдебиетінің басқа ұлттар әдебиетінен ерекшеленіп тұратын өзіндік өзгешелігі болды. Әлемдік деңгейде теңдесі жоқ рухани құбылысқа айналған, шоқтығы биік шығарма – «Манас» эпосы жұртшылыққа кең танылды. Манас – қырғыздың әйгілі батырының ардақты есімі ғана емес, ұлт бірлігінің символы, ұлттық идеясының бойтұмары ретінде дәріптеліп, күні бүгінге дейін ұлы ұғым есебінде халықпен бірге жасасып келеді.
Қырғыз әдебиетінің ежелгі және кейінгі тарихын зерттеуге әр жылдарда қазақтың белгілі ғалымдары мен әдебиеттанушылары мол үлес қосты. Әсіресе, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, А.Мусинов, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, Т.Омаров сынды ғалымдардың қырғыз әдебиетіндегі тұлғаларды танытуға, «Манас» эпосын жүйелі зерттеуге, екі ел әдебиетінің өзара байланыстарын зерделеуге сіңірген еңбектері зор. Бауырлас халық ретінде қырғыз әдебиетінің нұсқаларына Қазақстанның басты энциклопедиялық еңбектерінде кеңінен орын берілді.
Әдеби байланыстарының тарихы тым әріден басталатын қазақ пен қырғыздың фольклорлық мұрасы негізінен ортақ деп тұжырымдауға болады. Екі елдің ауыз екі шығармашылықтарында әрқайсының ұлттық ерекшелігіне байланысты өзіндік болмысын танытатын дүниелер баршылық. Дегенмен тереңнен тамыр тартатын ортақ желі қос халықтың қай мұрасында да айқын байқалып тұрады.
Әркім өз ыңғайына қарай икемдеуге тырысса да, көне түркі дәуіріндегі тарих – бір тарих екені даусыз. Сол секілді бұл кезеңдегі әдебиеттің тарихы да бір сипатта болмақ. Ендеше, әдебиеттің арғы тарихын ортақтастырып дәуірлеудің қай жағынан алғанда да тиімді екеніне дау жоқ. Осыған орай қырғыз зерттеушісі Б.Кебекованың пікіріне сүйенсек, «Қырғыз-қазақ фольклорында ұқсас сюжет, ортақ мотив кездеспейтін жанр мен түр табу қиын. Екі халықтың көптеген шығармалары тақырыптары мен сюжеті жөнінен, ал кей жағдайда текстері де ұқсас бола береді».
Қырғыз арасында қазақтың, қазақ арасында қырғыздың рухани құндылықтарының әбден сіңісті болып кетуінің мысалдары өте көп. Ш.Уәлиханов зерттеген «Манас» жырына қазақтар айрықша ықылас танытады, оны өзі шығармасындай құрметтейді. Қазақ ішінде де ара-тұра «Манас» жырын айтушылардың кездесуі, жаңа туған перзенттеріне эпос кейіпкерінің есімін беруі – осының айқын көрінісі. Қырғыз елі қазақ әдебиетінің төл мұралары – «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпикалық жырларын ерекше қадірлеп, өздерінің табиғатына жақын тартып, «Қырғыз әдебиетінің тарихына» енгізген. Көрші елдің әдебиеттанушысы Г.Орозова: «Қазақ елінің өздері сүйіп оқитын және ол елде кең тараған елдік көне поэмаларының бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», – деп түсініктеме беріп, қадір-құрметін айғақтай түседі.

240910-13

Қырғыздар «Қыз Жібек» эпосын да жеке-дара меншіктемей, мұның қазақтың төл дүниесі екенін қайта-қайта ескертіп, қырғыз арасына кең тараған жыр екенін айтып, әдебиет тарихына енгізген себебін ұқтырады. Шынында да басқалай болуы мүмкін емес, Ақжайықтың жағасында өскен Төлеген мен Жібекті қырғыз даласына негізсіз апарып телудің ешқандай қисыны болмас еді. Сол себепті Алатаудың арғы жағына жеткен «Қыз Жібек» ағайын елдің ахуалынан мәлімет беретін жәдігер ретінде танытылады.

Көне түркі дәуірінен тамыр тартатын қырғыз әдебиеті қай кезде де қазақ әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Бұл елдің ескі әдебиет нұсқаларының әуелден-ақ Шоқан Уәлихановтың назарында болуы бекерден-бекер емес. Тарихи бастау көздеріміздегі шығармалардың ортақтығын былай қойғанда, ауыз әдебиетінің біркелкі үлгілері екі елдің де әдеби мұрасын толықтырып тұратынына көңіл аудармауға болмайды. Әдебиеттің кейбір үлгілерінің екі елде бір мезгілде, бірдей бағытта қатар дамуының мысалдары өте көп.
Жалпы, қырғыз әдебиетінде бүкіл түркі әлеміне ортақ ауыз екі шығармалардың көп болуы бірқатар ойға жетелейді. Аралас-құраластығы бар елдердің қашаннан ежелден қоңсы қонуы, жұртты босқындық пен бүліншілікке, зорлық пен зомбылыққа ұшыратқан сыртқы күштердің ортақ болуы, халықтың қашаннан қанына сіңген мінез бен менталитетінің ұқсастығы, тілдің туыстығы, діннің бірлігі біртектес шығармалардың тууына берік негіз қалады. Бағзы заманнан өзгеше өмірді, қолайлы қонысты, тұрлаулы тіршілікті аңсаған іргелес халықтар ой-арманы мен тілек-ниетін әрқайсысы өздерінің тілдерінде жырға қосты. Ел тарихы мен әдебиет тарихында өзіндік орны бар. Асан Қайғы, Кет Бұға, Алдар көсе, Толыбай сыншы сияқты тұлғаларымыз да ортақ.
Асан Қайғының екі елде қолданылып жүрген шығармаларында елеулі айырмашылық бар. Қырғыз әдебиетіндегі Асан Қайғының мұрасының көлемі қазақ әдебиетіндегі Асан Қайғының өлең-жырларына қарағанда әлдеқайда көп. Оның үстіне, қырғыздардың Асан Қайғысы көбіне-көп бертінде өмір сүрген деп есептелгендіктен, оның толғауларында елге орыстың келуі туралы дәстүрлі болжамдар айтыла бермейді.

200px-chokan_valikhanov_portraitҚырғыздың халық поэзиясы да қазақ ақындарының өлең үлгілерімен қатар дамыды. Бұған ел арасының жақындығы, сондықтан олардың жиі аралас-құраласып тұруы, мәдениет пен өнер дәстүрінің біркелкілігі ықпал етті. Қазақ ақындары Сүйінбай, Қаңтарбай, Шашубай, Шөже, Жамбыл, Сарбас, Кенендер қырғыз ақындары Арыстанбек, Қатаған, Қалмырза, Тоқтағұл, Османқұл, Жеңіжоқ және басқалармен жиі кездесіп, сөз қағыстырып тұрған. Сонымен қатар Арыстанбек пен Қаңтарбай, Сүйінбай мен Арыстанбек, Сарбас пен Қалмырза, Жеңіжоқ пен Шекер қыз, Үмбетәлі мен Шашубай сөз сайысына түсіп, қазақ және қырғыз арасындағы ақындар айтысының озық үлгілерін әдебиет тарихында қалдырған.
Бұл да – екі елдің әдебиеті тарихының қатар дамуына ұйтқы болған маңызды фактордың бірі. Қос халықтың тарихында өзіндік орны бар ХIХ ғасырда қазақ және қырғыз халықтарының айтыс өнері айрықша дамыды. Бұл кезеңде қоғамдық мәселе қозғап, отаршылдықтың ойранын айтқан сөз қағысулардың өзі бір алуан. Барыс-келісі мен алыс-берісі жағынан бір-біріне жаттығы жоқ екі елдің ақындары бұрыннан айнымас дәстүрі бар айтыс өнерін адам айтқысыз биік деңгейге көтерді. Айтыс ақындары тек шеберлігі жағынан жетіліп қана қойған жоқ, қазақ пен қырғыздың сөз өнерін ілгерілетті.
ХIХ ғасыр әдебиетінің белді өкілі Шөже Қаржаубайұлының мұрасын екі ел де өз халқының рухани игілігі деп санайды. Себебі қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеген Т.Омаров жазғандай, «Шөженің аты аталғанда «қырғыз» атауы қоса айтылады. Оны қатарластары қазақ ішіндегі қырғыз кейпінде таныған. Шөжемен айтысқа түскен ақындардың оның бетіне басатын екі міні бар. Бірі – оның жарық дүниені көрмейтін соқырлығы. Екіншісі – тегінің қырғыз халқына қатысты екендігі». Қырғыз әдебиеті тарихының «Ел ырчылары» деп аталатын 5-ші томында Шөже Қаржаубайұлы туралы монографиялық тарау берілген. Онда: «Шөже – қазақ халқында бұлбұл атанған орақ тілді өткір ақын, айтыс өнерінің хас шебері, түпкі тегі қырғыз, ата-анасы ілгергі бір қазақ-қырғыз соғысында қазаққа ауып барып тұрып қалған екен. Абылай хан соғысында кеткен болуы керек деген болжам бар», – делінеді. Асан Қайғыдан Шөжеге дейінгі ортақ тұлғалар әдебиет тарихының белгілі бір кезеңдерін үйлестіреді, елдің рухани танымын, туыстық бірлігін нықтай түседі.
Отаршылдық кезеңнің кесапатын қатар көрген қазақ және қырғыз қоғамында ұлттық үндестікті әйгілеген қарсылық поэзиясының қатар дамуы мінез-құлқымыз бен менталитетіміздің өзектес екенін айғақтайды. Осыған орай қазақ әдебиетінде «зар заман» өкілдері, ал қырғыз әдебиетінде «заманчы ырчылар» тобы қалыптасты. М.Әуезов әдебиетті дәуірлеу мәселесін көтерген «Әдебиет тарихы» атты зерттеу еңбегінде бұл мезгілді арнайы қарастырып, «Зар заман ақындары» деген тарау енгізгені белгілі.

b6eaf1d087653d7403a19f48daecb9e1
Отаршылдыққа қарсы шыққан ақындар – Қалығұл Байұлының «Ақырзаман», Арыстанбек Бұйлашұлының «Тар заман», Алдаш Молданың «Хал заман», Молда Қылыштың «Зар заман» жырлар топтамалары қырғыз зар заман поэзиясының (замана поэзиясы) негізін қалап, мектебін орнықтырды. Олардың әрқайсысы эпикалық сарында жырланған аса ауқымды толғаулар екенін ескерген жөн. Қырғыз әдебиетіндегі Тоғалақ Молданың «Зар заман», Жеңіжоқ, Сағымбай, Алтай Айдарбекұлының «Замана» толғаулары да осы тақырыпқа арналған. Қырғыз әдебиетінде «Зар заман» деп аталған бұдан да басқа толғаулар жетіп артылады.
Қазақ және қырғыз әдебиетінің өзара байланысының мысалдары жиырмасыншы ғасыр басындағы ағартушы-қайраткерлердің еңбектері, кеңестік дәуірдегі рухани ықпалдастық үлгілері, М.Әуезов пен Ш.Айтматовтың баршаға үлгі болған шығаршылық ниеттестігі арқылы жалғасты. Бұл кезеңдер екі елдің әдебиет тарихы үшін де аса маңызды.
Қатар қоныстанған екі елдің әдебиеттану ғылымы бір-бірімен осыншалық тығыз байланыста дамығанына қарамастан, әдебиет тарихын зерттеп-зерделеуде айырмашылық көп болды. Мысалы, қырғыз әдебиеттанушылары отаршылдық дәуірдің өктемдігіне қарсы шыққан, заманның жай-күйін ойлап күйзелген Қалығұл Байұлы, Молла Нияз, Арыстанбек Бұлашұлы, Молда Қылыш сияқты «заманчы» ақындарды бөлек қарастырып жүргенімен, әдебиет тарихында бұларды арнайы тарауға топтастырмайды. Қалығұл Байұлы мен Арыстанбек Бұйлашұлы ел ырчыларының тобында аталып, ал жазба дәстүрін ұстанған Молла Нияз, Молда Қылыш, Алдаш Молдалар басқа томға енгізілген. М.Әуезов негіздеген қазақ әдебиеті тарихының үлгісіне салсақ, бұлар халық ақыны немесе жазба ақын екендігіне қарамастан қырғыздардың өздері айтып жүргендей, «замана ақындары» деп аталуға тиіс. Сонда бұл ақындардың отаршылдық дәуірде өмір сүрген әдебиет өкілдері ретіндегі рөлі басымырақ болады. Молда Қылыштың қырғыздың жазба ақыны ретіндегі орны бөлек болса да, оның отарлаушыларға қарсы өз сөзін айтқан қайраткерлігі биігірек тұратыны анық.
Бұлайша жіктеуге негіз бар екенін қырғыз әдебиетін жан-жақты зерттеген ғалым Медина Богданова 1947 жылы Мәскеуде жарық көрген «Киргизская литература» деген кітабының «ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы қырғыз ақындары» атты тарауында атап көрсетеді: «Қырғыз әдебиетінің тарихында бұл кезеңнің поэтикалық шығармалары «замандар» деген жалпы атаумен белгілі. Қалығұлдың «Ақыр заман» (Судный день), Арыстанбектің «Тар заман» (Трудное время), Қылыштың «Зар заман» (Эпоха скорби) поэмалары, т.б. Бұлар халықтық санаттар мен насихаттарға құрылған дидактикалық және саяси-әлеуметтік поэмалар болатын».
Қырғызстандағы «замана» ағымының ықпалды болғаны соншалық, оның үрдістері бүгінге дейін жалғасын тауып жатқанын байқаймыз. Зерттеуші Б.Койчуев бір кездегі біртұтас Қырғызстан Жазушылар одағының алдымен Жазушылар одағы және Жазушылардың тәуелсіз одағы болып екіге бөлініп кеткенін, кейіннен идеялық-эстетикалық бағытына сәйкес жаңа қоғамдық ұйымдар пайда болғанын, солардың бірі «Заман» қырғыз жазушылары одағы деп аталғанын атап өтеді. Бұл одақтың мүшелері өздерін ХІХ ғасырда өмір сүрген Қалығұл, Арыстанбек, Молла Нияз, Молда Қылыш сияқты «заманшы ақындардың» рухани ізбасарларымыз деп санайды екен.
Сонымен, түркі жұртының бөлінбес бөлшегі – қазақ және қырғыз әдебиеттері рухани құндылықтарға өте бай екенін айтуға тиіспіз. Осыншама мол мұра ортақ тарихи кезеңдердің, шығармашылық ықпалдастықтың, асқақ рухымыздың, биік әлеуетіміздің арқасында жинақталған. Ғасырлардан жеткен бұл жәдігерліктердің әлі де талай ұрпақтың санасына сәуле
құятынына күмән жоқ.

1_653

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Қазақстан ҰҒА

корреспондент-мүшесі,  

 филология ғылымдарының докторы, профессор

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала