Тал түстегі төбелес немесе жұртты жер астына түсірген жұмыссыздық

24 маусым 2016, 13:17

bestobe коллаж1

Бір апта бұрын Бестөбе кентіндегі алтын өндіретін шахтаның жұмысшылары мен күзетшілері арасында қырғын төбелес болды. Төбелестің салдарынан он адам жарақаттанды. Айдың күні аманда, оқ атылып, жұдырықтасуға не себеп болды? Осыған жауап іздеп көрелік.

Степногорск қаласының ішкі істер басқармасына Бестөбе кентіндегі «Қазақалтын» акционерлік қоғамына қарасты шахталардың бірінде жұмысшылар жанжалдасып жатқаны туралы суыт хабар түскен. Хабар жетісімен полиция қызметкерлері оқиға орнына жетіп, араша түскен, жанжалды басуға тырысады. Жалғыз полиция ғана емес, жергілікті атқарушы билік пен прокуратура, облыстық ішкі істер департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасы өкілдері сабырға шақырған соң, ашу-ызаға булыққан 300-ге тарта адам үйді-үйіне тарайды. Соңғы дерекке сәйкес аурухағана 22 науқас жеткізілген. Қазір дауды басу үшін талқылау мен жүздесу өткізілуде.

Бұл өзі бүгін ғана пайда болған дүние емес. Талайдан бері толғандырып келе жатқан тақырып. «Жас қазақ» газетінің бетінде 2014 жылы көктемде «Алтын іздегендер» деген тақырыппен Бестөбенің басына көптен бері қонақтап қалған проблеманы жазғанбыз. Жалғыз басындағы емес, жер астындағыны да. Сипай қамшылап, бетінде қалқыған жоқпыз. Мәселенің анық-қанығын білу үшін жер астына түсіп, алтын қазғандардың шалғайына ілесе жүріп, көрдей қараңғы, бәлкім, көрден де қараңғы 900 метр тереңдікте болып қайтқанбыз.
Бестөбе кенті әкімшілік-территориялық жағынан Степногорск қаласына қарайды. Кешегі Кеңес заманында кенттің қан тамыры қалыпты соғып тұратын. Қазіргі сыртқы кейпі алғаш көрген адамның қарадан-қарап көңілін түсіретіндей. Тұрғын үйлердің көпшілігінің сырты қара қошқыл, шаң-тозаң. Көшеде рет, тазалық жоқ. Атам қазақ әуел баста әр елді мекеннің атауын өзіндік бір ерекшелігіне байланысты қойса керек. Бестөбенің де әне бір кезде төңірегінде Арқаның ақ боранынан, жел құзынан қорған болар бес төбесі болған-ақ шығар. Қазір төбе әлденешеу. Төбе де емес, кішігірім тау іспеттес. Оның барлығы шахтаның астынан шығарылған кен қалдығы. Кенттің ана тұсында, мына тұсында андыздап, алыстан менмұндалап жанарыңды жасқайды.
Бестөбенің алтын шахтасы туралы жаяу әңгіме тоқсаныншы жылдардың басында, елді жаппай жұмыссыздық жайлаған кезде гулеп тұратын. «Пәленшекеңдер жабылып қалған шахтаның астына түсіп, өз бетінше алтын іздеп жүріп, керемет қазынаға жолығыпты, ат басындай алтын тауыпты» – деген алыпқашты сөз алыстан арбайтұғын.
Негізінен, мұнда төрт шахта бар. «Восток», «Запад», «Новый» және №2 шахтасы. Бірнеше серіктестік ішінара жұмыс істеп тұр. Нақты иесін, ар жағында кімдер тұрғанын анықтау мүлде мүмкін емес. Ондаған жылдар бойы жұмыс істеп тұрған кеніштің алтын қорының азаюына байланысты жұмысы тоқтатылды. Кейін бұл шахтаны Канада да, Қытай да алған. Іргедегі Ресей кәсіпкерлері де бірер жыл төңіректеген. Қазір жұмыс істемейтін шахталардың аузына күзет тұр. Дегенмен, ел әлі де жер астына түсіп жатыр. Күзет тұрғанымен, алтын көрсе, періште де жолдан таймай ма?
Бестөбеліктер «Бізде жердің үстіндегі адамнан, астындағы адам көп», – деп әзілдейді. Шынында да, солай тәрізді. Шахтаның асты толған алтын іздеген адам. Апталап, тіпті айлап жер астында жүрген адамның адам сыйқы қалмайды екен ғой. Жуынатын жер жоқ. Киім топыраққа баттасқан.
– Бестөбенің іргесіндегі бұрын Кеңес дәуірінде «Қайрат» кеңшарына қараған Жасқайрат ауылында туғанмын. Қайрат орта мектебінде білім алдым. Заманында кеңшар орталығы Қайрат ауылында 250-ге жуық шаңырақ бар еді. Ал Қайраттың бөлімшесі, менің туған ауылым Жасқайратта 50 үй болатын. Қазір Қайратта небәрі 50-60 үй қалды. Ал біздің ауылда отыз үй бар. Көкшетау төңірегіне, Астана қаласына көшуге қауқары барлар көшіп кетті. Ең өкініштісі, шоқ жұлдыздай шағын ғана Жасқайрат ауылы Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жүз аурухана, жүз мектеп» бағдарламасына енгізіліп, жаңа мектеп салынды. Шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындарының түсіне де енбейтін ғажап ғимарат, атшаптырым спорт залы бар. Қазір мектепте бар жоғы 25 оқушы білім алады. Түптің түбінде одан да азайып, білім ошағының мүлде жабылып қалуы да әбден мүмкін. Ұлтымызды ұйыстырып, ақ бесігі болып отырған ауылдар осылай біртіндеп жабыла берсе, не болмақ? Іргедегі Жуантөбе ауылында қазір екі-ақ үй қалды. Жұртта қалған екі үйдің ендігі тіршілігі күңгірт. Қабағына қырау қатып, қыс келісімен жол қатынасы мүлде үзіледі. Ауылдағы ағайынның қажетіне жарап тұрған жалғыз дүкенге азық-түлік жеткізілмей, қаусаған кәрі шешелеріміздің бір-бірінен бір шөкім шай сұрап, жанарымен жер шұқып жүргендігін көзіміз көрді. Жалғыз Жасқайрат қана емес, төңіректегі ауылдардың тыныс-тіршілігі толайым осындай ғой. Ауылда жұмыс жоқ. Жалғыз мал сүмесімен ғана күн көріп отырмыз. Бестөбенің төңірегі тастақ, шөбі аз, адырлы болып келеді. Ал қыс тым-тым ұзақ. Қолға қарайтын малды ұстау үшін де қыруар күш керек. Егін егілмейді. Егін егілмеген соң, сабан да, уысты құлақ жем де жоқ. Ендігі қалғаны жалғыз шахта. Орта мектепті бітіргеннен кейін өзім қалаған мамандық бойынша білім алғым келді. Бірақ өмір бойы қара жұмыс істеп қажыған әке-шешемді қинағым келмеді. Осы шахтаның маңында ғұмырым өтті. Үстінде емес, көбіне астында. Өзім еңбек етіп, аздап тиын-тебен жинап, оқу ақысын төлейтін, өзімнің күнкөрісіме жетерлік қаражат жинағым келді. Мынау жер астында күн кешіп жатқан ат төбеліндей қауымның да жетісіп жүргені шамалы. Бұл өңірдің тумасы Әлібек Шәріповтің жүрекжарды толғанысы.
Асылы, төбелестің нақты себебі ресми ақпаратта айтылмағанымен, шынтуайтында, былай болғанға ұқсайды. Жер астынан жұмыс кезегін өтеп шыққан жұмысшылардың үсті-басын, қойны-қонышын күзетшілер тексермекші болған. Алтын ұнтағы немесе сом алтынды да жасырып ала шығуы әбден мүмкін ғой. Ал жұмысшылар тұла бойын тінткісі келмей, тітіркенген. Келіспеушілік, міне, осы арадан туындайды. Тартынғандарына қарағанда, бір күдіктің де болуы әбден мүмкін. Негізінде, Бестөбе жұрты нәпақасын жер үстінен емес, астынан іздейді. Тастанды шахталарға топ-топ болып түсіп жатыр. Енді қайтсін, басқа лаж жоқ.
– Егер тұрақты жұмысымыз болып, ай сайын жалақымызды алып тұрсақ, қауіп-қатері көп жер астына түсетін жынды емеспіз ғой, – дейді Жасұлан Омаров. Өткен жылы Ақсу кентінде кен тасын уататын алтын диірменін ұстайтын екі жігіт ұсталды. Олардың үйінен әлденеше килограмм кен табылды. Бірақ өздері Ақсудың мектебіне, жетім-жесірге көмек қолын созып тұратын қайырымды азаматтар еді. Содан шығар, Ақсу жұртшылығы аудан, облысқа шауып, біраз ереуілдеді. Сол кездегі аудан әкімі Мұратбек Тақамбаев та келіп, халықпен жүздесу өткізді. Бірақ заңның аты заң. Қалай болған күнде де тәртіп бұзған адам жазалануы тиіс. Бір жағынан, алып қарасаң, жаңағы жігіттердің ешкімге залалы жоқ. Қайта халыққа қолынан келгенше көмектесіп жүрген азаматтар. Екінші жағынан, тәртіп бұзып отыр. Осындайда қай жағына да шығарыңды білмейсің.
Бұл жолғы жұмысшылар мен күзетшілер арасындағы келіспеушілік те дәл осындай жағдайда. Күнкөрістің мәні кеткен жұмысшылар аздаған кенді жасырып алып та шығуы мүмкін. Күзетші тексерсе, ол оның міндеті. Сол үшін жалақы алады.
Бестөбедегі төбелес орын алған күні Қонысбай құрдасымның үйіне бас сұққанмын. Басына екі құс жастық жастанып, сойған түйенің жарты етіндей болып, төңкеріле түсіп, етпетінен жатыр екен. Жамбасына шиқан шығыпты. Кәдімгідей сүйекті жарып. Өзі көре алмаған дүниесін, маған да көрсеткен жоқ. Көрсетпесе де түсіндім. Аяп кеттім. Дәрігерге неге бармайсың деп ақыл айтқан болдым. Өзегін алып тастаса, тез жарылар еді ғой.
– Өзі жарылады, – деді Қонысбай, – осы алтыншы шығуы. Тағы біреу шығады. Сосын басылады.
Бестөбедегі жағдай тағы да көз алдыма елестеген. Қонысбайдың шиқаны сияқты дүние ғой. Әлденеше рет сыздап, бетіне қара қаны шығып, жарылуға шақ тұр. Осының өзін қайтып шықпастай етіп, өзегін алып тастаса қайтер еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

P.S «Қазақалтын» басшылығы жұмысшылардың талабына қатысты жауап берді. Кәсіпорын директорының кеңесшісі Марат Қойшыбаев «Жұмысшылар кеніш басшылығын, күзетшілерді орнынан бостауды талап етіп отыр. Олардың орнына өз өкіллдерін қоюды ұсынды. Бұл талапты орындау мүмкін емес,- деді. Ол жалақыны 50 пайызға арттыра алмайтынын да жеткізді.

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген