jasqazaq.kz

Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?

31 шiлде, 15:56
oxu.az

oxu.az

Үш күн бұрын Куала-Лумпур қаласында көршілес екі ел – Тайланд пен Камбоджа арасындағы қақтығысты тоқтатуға арналған конференция өтті. Қазір ASEAN (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы) ұйымына төрағалық ететін Малайзияның бастамасымен ұйымдастырылған кездесуде тараптар өзара мәмілеге келді. ASEAN-ның айтылуы бекер емес. Екі ел өзгелердің мәмілегерлік ұсынысынан бас тартып, саяси және әскери дағдарысты өздері мүше болып табылатын осы ұйымның шеңберінде шешуді жөн көрген секілді.

Бірер сағатқа созылған келіссөзден кейін өткізілген баспасөз мәслихатында үш елдің басшылары ұрыс қимылдарының дереу тоқтатылатынын мәлімдеді. Малайзия премьер-министрі Әнуар Ибраһим уағдаластықтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіруде алғашқы әрі маңызды қадам жасалғанын атап өтті. Тайланд үкіметі басшысының міндетін атқарушы Пхутхам Вечайчай мен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет бейбіт өмірге бастайтын осы қадамды жоғары бағалады.

noi.md

noi.md

Сейсенбіде Бангкок пен Пномпен өз әскерилері арасында кездесуі өткізіп, екіжақты шекара комитетін құру жөнінде келісті. Аталған комитеттің отырысы 4 тамызға жоспарланып отыр. Бұған қоса, үкімет басшылары, қорғаныс және сыртқы істер министрлері арасында тікелей байланыс орнатылады. Әскерилер енді атысты болдырмау тетіктерін реттеп, келісім шарттары бұзылған жағдайда бір-бірін жедел хабардар етіп отырады.
Еске сала кетейік, көрші екі ел арасында қарулы қақтығыс 24 шілдеде бұрқ етті. Мұның алдында тай билігі Камбоджаны шекарадағы даулы аумақта жаяу әскерге қарсы қолданылатынын мина орналастырды деп айыптап, соның салдарынан үш әскерінің жараланғанын мәлімдеген болатын. Содан кейін ресми Бангкок Камбоджадағы елшісін керін шақырып алды. Өз кезегінде ресми Пномпен де тай мемлекетінің елден шығаратынын хабарлады. Осылайша, екі ел арасындағы шиеленіс ушыға түсті.

Іле-шала шекаралас аймақтардағы Тамоантхом, Тамоантауч және Такрабей ғибадатханалары маңында ұрыс қимылы бірден өршіп кетті. Ұрысқа жойғыш ұшақ, танк пен ауыр зеңбірек араласты. Тұрғын үйлер, аурухана, мектепке оқ жаудырылды. Өндіріс орындары, жолдар мен көпірлер қирады.

pattayamail.com

pattayamail.com

Сарапшылар соғыс өртінің лап етуіне Камбоджаның шекара бойындағы аумақтың өзіне тиесілі екенін мәлімдеп, БҰҰ Халықаралық сотына жүгіну түрткі болды деген пікірде. Мұндай уәжбен Тайланд келіскен жоқ. Осыдан кейін арадағы қарулы қақтығыс жаппай сипат алды. Үш күннен кейін ұрыс қимылдары Тайландтың Паттайя, Пхукет сияқты әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келетін әйгілі демалыс орындарына да қауіп төндірді. Шетелдік туристер әкелетін қаржы тай елінде қазынаға түсетін кірістің негізгі көзі болып табылады. Ал жыл сайын мыңдаған саяхатшылар Камбоджадағы Ангкор-Ват ғибадатхана кешенін көру үшін келеді. Сонымен қатар, ел астанасы Пномпен де туристер арасында танымал мекен болып саналады. Осыдан кейін демалыс индустриясы сарапшылары туристер ағыны 10-30 пайызға дейін азаяды деген. Ұрыс өртінің тез сөндірілуі ықпал етсе керек, әйтеуір, болжам расталған жоқ.

Бірнеше күнге созылған соғыс отыз адамның өмірін жалмады. Бұған қоса, 150 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Камбоджамен ортақ шекараны жапқан Тайланд билігі елдің Сурин, Барирам, Сисакет және Убонратчхани провинцияларындағы тұрғындарды басқа жерге көшірді. Осылайша, оқ пен оттың арасында қалған 270 мыңнан астам тұрғын баспанасын тастап, қауіпсіз жерге кетуге мәжбүр болды. Тараптар осы қақтығыста кінәні бір-біріне артты.

pattayamail.com

pattayamail.com

Кезекті қақтығысқа әкеп соққан шекара дауы өткен ғасырдың 50-ші жылдары Камбоджа тәуелсіздік алған кезде басталған. Әу баста талас-тартыс Преах Вихеар ғибадатханасы төңірегінде өрбіген. Мәселені қараған БҰҰ Халықаралық соты 1962 жылы Камбоджаның өтінішін қанағттандырады. Бұдан кейін осы елде ұзақ жылдарға созылған азамат соғысы басталып, екі ел арасындағы шекарада сол күйі демаркация жасалған жоқ. 2008 жылы Пномпен әлгі ғибадатхананы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасына жататын нысан деп ұсынды. Бұған Тайландтағы түрлі ұйымдар наразылық шеруімен жауап берді. Көп ұзамай, текетірес ашық қақтығысқа ұласты. Осы кезеңде талас-тартыс шекара бойындағы өзге ғибадатханалар төңірегінде де өрши түсті.Он жеті жыл өткенде шиеленістің тағы да бас көтергенін көріп отырмыз.

reuters

reuters

Жалпы Тайланд пен Камбоджа соғысы көршімен тату болу, әсіресе, ортақ шекараны шегендеп алу тағдыршеш мәселе екенін қаперге салады.

Талап Тілеген

31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады
30 шiлде, 18:26
Сырым Ертаев: Шетелде біздің табиғи етке сұраныс мол
30 шiлде, 15:30
Таяу Шығысқа тұрақтылық қажет
30 шiлде, 14:51
Сарыағашта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда