Мамыр айының соңғы күні кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елордадағы «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Президент ескерткішке гүл шоғын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына тағзым етті.
Аталған іс-шараға нәубет жылдары зардап шеккен отандастарымыздың жақындары мен туыстары қатысты.
Тарихтың ақтаңдақ беттері
Төл тарихымызда қайғылы кезең болып қалған сол нәубет жылдарын еске түсірсек, небір сұмдық деректерге қанық боламыз. Атап айтқанда, 1921-1954 жылдар аралығында «халық жауларын әшкерелеу» деп аталатын қанды да қитұрқы саясаттың кесірінен Қазақстанда 100 мың адам жазықсыз сотталды. Олардың 25 мыңы ең қатаң үкім – ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды. Қазақ даласында ГУЛАГ жүйесінің ең ірі лагерлері – АЛЖИР (Ақмола «отанын сатқандар» әйелдерінің түрмесі), Степлаг, Қарлаг орналасты. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстандағы лагерьлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметке жүгінсек, тұтқындардың жалпы саны бұдан едәуір көп.
1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін жер аударатын (депортация) мекен болды. Елімізге жүздеген мың кәріс, месхет түріктері, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар еріксіз қоныс аударды. Сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында елге неміс, грек, шешен, ингуш, қарашай, балқар, Қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мыңның шамасында.
Мемлекеттің көмегі
Мемлекет саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға түрлі қолдау көрсетіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған мәліметке жүгінсек, қабылданған заңға сәйкес, 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
• 2005 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2022 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 29 648 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды.
Министрлік хабарлағандай, ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер атанған адамдарға бірқатар көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтілі есептеледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларды мемлекеттің толық қамқорлығына алу көзделген. Бұған қоса, мұндай азаматтарға телефонды бірінші кезекте орнату, протездік-ортопедиялық жабдықты жеңілдікпен қамтамасыз ету, оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттан тегін кеңес алу құқығы сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті органдардың шешімі бойынша, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған азаматтарға материалдық және басқалай көмек түрін көрсету жөнінде жергілікті бюджет есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.
Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді. Министрліктің хабарлауынша, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 8 232 азаматқа 3 278 теңгеден 47 700 теңгеге дейінгі мөлшерде 182 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Дайындаған
Талап Тілеген