Уақыт қалай зуылдаса, өмір құбылыстары да шапшаң өзгеруде. Кеше айтқан пікір бүгін басқаша құбылуы әбден мүмкін. Осы жазбаның үстінде Түркияда, атақты Анталияда теңіз жағалауында демалып жатқан бір таныс кісі: «Білесің бе, біз орналасқан отельдің алдында Шымкент-Түркістанның нөмірін тағып алған үш автокөлік тұрады. Бәріміз таңғалдық! Бұл қымбат автокөліктерді осы алыс елге қалай жеткізгені де керемет емес пе? Біздің жігіттер мықты, ә!» деп хабарласты. Бұған не дейміз? Байлық не істетпейді? Екінші жағынан «супермақтангерлікке кеткеніміз бе?» деп те ойланып қалдық. Ал күнін көре алмай, екі қолға бір жұмыс таппай, абдыраған жастардың қалың тобы қиыр-қиырға, шетел асып, қиындықтарды басынан өткеріп жатқанын мына оқиғамен қатар қойып, салыстырып қарасаңыз, қандай ой тууы мүмкін, ә! «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің» кері.
Әлеуметтік желіде желдей ескен ақпаратта «Қазақ жастары Англияға қырыққабат теруге ағылып жатыр. Канадаға да жұмыс іздеп баруда. Ал Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуші қазақстандықтар мыңдап саналады» деген жазбалар жиі жарияланады. «Әне, тұманды Альбионға бір атақты спортшы да қырықабат жинау науқанына барыпты» деген су жаңа ақпаратқа көзің түседі. Сөз басында уақыт безбені туралы айтып қалдық. Есіңізде ме, біраз жыл бұрын бір экс-министр көрші елдің қыздары нан таба алмағанынан шетел асып, әжетхана тазалап жүр, дегендей әпербақандық сөз айтып масқара болған. Тағы бір әріптесіміз төрде отырған кісіге көпшік қойғаны соншалықты «қазір әр қазақтың үйінде екі-үш өзбек, қырғыз жігіттері жалданып жұмыс істейді» деп абайсызда артық айтып еді. Бұл қаншалықты шындық болса да, таяқтың екі ұшының бірі басыңа тиетіндей мақтангерлік, уақытша ғана, бір жақты мәні бар дүние болатын. Енді бұл екіұшты пікірді есі дұрыс адам айтпайды. Керісінше, жаhандану заманында, нарық жағдайында ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес шеберлігіне баулу мәселесі өте қажетті іс болып отыр. Шетел асып, со жақта табысы көп қара жұмыстың неше түрін істеп, туған отбасына әжептеуір қаржы жинап, оған баспана сатып алып, немесе жеке үй тұрғызып алдым деген жастар аз емес.
Мемлекет басшысы «Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз» деп атап көрсеткен еді. Біздің елден көп адам жұмыс іздеп баратын Оңтүстік Кореяда бес жыл жұмыс істеп қайтқан құрылысшы Нұрлан есімді жігіттен «Бес жылда қандай табыс таптың?» деген сұраққа «Бес жылда тапқан табысыма бес балам және әйеліміз, бәріміз бірге тұрып, жайлы өмір сүруге қолайлы жеке тұрғын үйді Алматы іргесіндегі «Іргелі» деген ауылдан салып алдым. Ескілеу болса да, жеңіл автокөлігім есік алдында тұрған алғашқы тұлпарым» дейді. Тағы бір үйреншіктілеу сауалға байланысты «Ай сайынғы еңбекақым біздіңше 1 млн теңгеден кем болған емес. Тәулігіне біздегідей 8 сағат емес, 12-14 сағатқа дейін жұмыс істеген кездерім көп болды. Алла жар болып, бес жылда денсаулығым сыр бермеді, қиын жұмыс пен өзгеше еңбек тәртібінің бәріне шыдадым» деген-ді.
Шетелдің аты шетел, өз менталитеті, өз тәртібі бар. Ең бастысы, заңмен өмір сүруді үйретеді. Әлбетте, шетел асып жұмыс істегендер үшін туындайтын сұрақтар мен мәселелер де бар. Бұл жөнінде және басқа да назарда тұруға тиісті тақырыптарға байланысты біз белгілі тележурналист, Оңтүстік Кореяда екі жыл тұрып жұмыс істеп қайтқан Ирина Киммен арнайы әңгімелескенбіз. Ирина – Сыр өңірінде қазақ ағайындардың ортасында өскен кәріс қызы. Қазақшаға судай. Шығармашылық еңбек жолын «Қазақстан-Тараз» телеарнасында (қазіргі JAMBUL) редактор болып бастаған. Бірнеше тележобаның жүргізуші-редакторы болған. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде қоғам белсендісі республика жұртшылығына танымал. «Мен Оңтүстік Кореяға өмірімдегі дағдарысты күйзелістен арылу үшін кетіп қалдым. Есесіне қаржылық жағдайымды реттеу үшін керек болды», – дейді Ирина өзі тән ашық мінезбен, –Қазақстанда тұратын кәріс ұлтының өкілдері үшін Кореяға жұмыс визасы қарастырылған. Жоғары білімі барларға бес жыл, дипломы жоқ болса үш жылдық визасы бар. Мен бір ай ішінде визаға қажетті құжаттарымды әзірлеп, Корея елшілігі арқылы жұмыс визамды жасадым.
Бұл сапар Тараз қаласында тұратын кәрістің қайсар қызының Оңтүстік Кореядан бірнеше туысқандарын табуға сеп болып, бір әпкесі оны Ансан қаласына өзіне шақырады. Ансан Сеулден 30 шақырым жердегі ірі өндіріс кәсіпорындары шоғырланған қала екен. Қалада орыс тілді ТМД елдерінене келген кәрістер, орыстар, қазақтар және өзбектер тұрады дейді. Жұмыс визалары бар шетелдіктер lD карталар жасауға міндетті. Біздің сүхбаттасушымыздың айтуынша, Кореяда жұмыс биржалары бар. Мысалы, бір көшеде жүздеген кеңселерде жұмыс табуға болады. Басты талап: жас ерекшелігі, виза, тіл білуі. Жұмыс орындарында кәріс тілін білетін орысша сөйлейтін адам болады. Ирина автокөліктердің ішіндегі от беруші бөлшектер (свеча) шығаратын зауытта Малайзия, Өзбекстан және Ресейден келген құрбыларымен жұмыс істеген. Жамбыл облыстық телеарнада жұмыс істеген кезде айлығы 120 мың теңге болса, ал Кореяда жалақысы 2 мың доллар болыпты. Айына 350 долларға пәтер жалдап тұрған көрінеді. Ал бір жылдан кейін кәріс тілінде еркін, жатық сөйлейтін дәрежеге жеткен соң тек қана кәрістер жұмыс істейтін зауытқа ауыстым дейді. – Қанша дегенмен туған жеріңді, қазақша сөйлегеніңді сағынасың ғой. Қазақша сөйлеп тұрған жастарды көрсем, соларға қарай тұра жүгіретінмін. Бес қазақ баласын жұмысқа орналасуына көмектестім. Қазір Кореяда шамамен 20 мыңнан қазақстандық жұмыс істейді, ол жылдан жылға көбейіп барады. Менен ылғи «Қазақстандықтар о жақта қалай жұмыс істейді?» деп сұрайды.
Шынымды айтсам, мұрын қанайтындай жұмыс жоқ. Мен өзімді күшті адаммын, өте жедел қимылдағанды жақсы көремін. Алайда зауытта 60 жастағы апайдың менен озып кеткенін көріп, қайран қалдым. Жергілікті адамдар жұмысын өте тиянақты, аса ұқыпты, таза атқарады. Өкінішке қарай, біздің елден барған кейбір жастарға жалқаулық пен ішімдікке құмарлық тән. Көзбен көргенімді айтып отырмын. Заңсыз жұмыс істеу, Оңтүстік Кореяға барып ақша табу көкейкесті болып отыр. Заңсыз барғандарда жұмыс берушілер қуана-қуана қарсы алады. Себебі, сұранысқа сай ұсыныс бар. Миллион теңге жалақы алуға мүмкіндігі бар адамдар мұндағы 150-250 мың жалақысын тастап, әрине, мол табысқа қарай жүгіреді. Мен онда түрлі мамандық иелерін көрдім. Әрине, туған жерінде шалқып-тасып өмір сүрген адам шетелге сабылып, қымтырылып, бала-шағасынан алыстап несі бар, сол баяғы табысы молдау жұмыс іздейді. Ол кісілердің арасында ірі сауда дүкені басшысының орынбасары, заңгер, бұрынғы полиция қызметкері, мұғалім де кездеседі… осылай жалғасып кете береді. Жас шамасын айтсақ, 70-тегі бір кісі де зауытта жұмыс істейді», – деп еске алады.
Осы арада Иринадан шетелде жүріп, қыздардың жергілікті кәрістерге тұрмысқа шығатыны жайында ақырын ғана сұрағанымызда, иә, ондай оқиғалар бірді-екілі бар екенін жоққа шығармады. Өзіне де ұсыныс болғанын жасырмады. Бірақ басқа менталитет, дағды деп қабылдамаған. Ал Кореяда болған екі жылда сол елдің табиғатына, адамдарына үйрену, жылылықты сезіну, мол қаржы табу және өмірлік серігіне жолығу және туған елім Қазақстан деп сүйінуді адам ғұмырын құрметтеудің дәстүрлі жолы және жақсы өмір үшін адал еңбек етудің құндылықтары деп санайды. Жер дүниені көрген жақсы, өз Отаның алдында азаматтық жауапкершілікті әрдайым сезіну одан да жақсы. Кореяда ол өзін психологиялық, моральдық жағынан күшті екенін сезінгенін айтады. Олай болмасаң, бейтаныс елде жүріп, тұру қиынға соғады. Алыста жүріп абырой табу аса қастерлі қасиет болмақ. Бүгінде өмірлік тәжірибесі мен ұстанымы бар И. Ким екі ел арасында жұмыс визасы, еңбек келісімшарты туралы мәселе шешілгенін қалайды. Сонда адамдар заңды бұзбай, жұмыс істер еді дейді. Амалсыздан туристік, бизнес, медициналық визалар, болмаса K-ETA арқылы визасыз кіруге электронды құжат жасатады екен.
Біздің кейіпкеріміз қазір отбасымен Астанада тұрады. Біз білетін және білмейтін Кореяға виза жұмыстарымен айналысады. Сонымен, жүрек қалауымен, тұрмыс қажеттілігімен шетелге барып жұмыс істеудің өзіндік жон-жосығы мен тәртібі бар. Ең бастысы – сол елдің заңын сыйлау. Еңбек ету. Табатын жеке пайдасы мен тиімділігі қаншалықты болуы әркімнің өз қолында. Күш-қабілеті, тәжірибесі мен ақыл-ойына да қатысты. Дүние жүзінде осындай алыс-беріс, қарым-қатынас, адам күшін пайдалану, мол табысқа ұмтылу қалыпты үрдіске айналған. Бұл орайда адамдар үшін табыс табу пейілі мен деннің саулығы қатар тұруы аса маңызды. Сондайақ жүрдек уақытқа сай дамыған шетелдерден біздің жарамды, іскер жігіттер кәсіп ашып жатса, ол да табыстың көзі болар еді. Бизнесті дамытудың жолы сан тарау. Жақсы қасиеттерінің жұғысты болуы да заман заңдылығы. Мұны да үйренуіміз керек. Әртүрлі мемлекеттерде науқандық жұмыс па, басқа ма, өз кәсібі мен нәсібіне сай жұмыс істеуге құлықты азаматтарымызға қазақтың «Атың барда жер таны» дегенінен гөрі, «Жеті өлшеп, бір кес» деген мақалын бірінші кезекте арнау орынды әрі дұрыс шығар. Бұл да сынақ қой.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
қоғам қайраткері